Қазақстан • 19 Сәуір, 2017

​ОҚО өндірісінде ҚазҰУ-дың ғылыми жобалары енгізілмек

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында ғылым және білім өкілдерінің қатысуымен «Ғылым-Білім-Өндіріс» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, әкімдік пен университет арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді.

​ОҚО өндірісінде ҚазҰУ-дың ғылыми жобалары енгізілмек


Жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен аталған университет жанындағы 10 ғылым институтының ғалымдары, өңірдегі жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен өнеркәсіп саласының мамандары қатысты.

Президенттің биылғы Жолдауында «өндіріске инновациялар енгізу» тапсырмасы мен кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған идеяларды жүзеге асыруда Оңтүстікте Қазақ Ұлттық университеті ғалымдары 40-қа жуық жобасы ұсынылған инновациялар көрмесі мен бүгінгі дөңгелек үстел осы тапсырманы жүзеге асырудағы бастама болып отыр.

Әрбір мемлекетте ғылым мен білімнің өндіріспен байланысы жақсы болған жерде сол елдің экономикасы дамитынын айтқан аймақ басшысы Қазақ Ұлттық университетімен байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.

«Әл-Фараби университетімен біз екі жағынан тығыз байланыса аламыз. Біріншісі қазақ білімі мен ғылымының еліміздегі қара шаңырағы болса, екінші жағынан Әл-Фарабидің туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы. Осы жағынан біз бірлесіп жұмыс атқарып еліміздің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуымыз қажет. Бүгін осы мақсатта университетпен ынтымақтастық туралы меморандумға отырамыз. Осының аясында Әл-Фарабидің туған жері Отырар ауданында және Түркістан қаласында археологиялық қазба жұмыстарын бірлесе отырып ары қарай дамыту. Және облыста көптеген жаңа қалашықтар табылып жатыр, солардың бірі Шымкентегі Абылай ханның ордасы болған «Хан қорған» деген жер бар, одан кейін Әбу насыр Әл-Фарабидің өскен жері Отырар болса, туған жері «Оқсыз» қалашығында ешқандай қазба жұмыстары жүргізілмеген. Осы археологиялық қазба жұмыстарды сіздердегі мамандармен бірлесе отырып жасауға дайынбыз», - деді әкім.