Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің (МКҚ) мәртебелі міндеті – тәуелсіздіктің үш тағаны – тұтастық, тыныштық пен тұрақтылықты кірпік қақпай күзету. Сондай-ақ, мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларының қауіпсіздігін қорғау, ел мен жердің мәртебелі нысандарын, қасиетті нышандарын сақтау – аталған құрылымның басты борышы. Бұл жауапты міндетті мінсіз атқару үшін МКҚ қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қойылатын негізгі талап – қырағылық, ұқыптылық, батылдық пен батырлық секілді қасиеттер.
Ақордада 2015 жылдың 21 сәуірінде өткен Мемлекеттік күзет қызметінің туын табыстау рәсімінде Елбасы: «Менің Жарлығыммен біздің мемлекетімізде тұңғыш рет Мемлекеттік күзет қызметі құрылды. Бұл әскери қызмет мемлекеттік қызметтің ең жауапты сатысы болып саналады. Сіздер мемлекеттің тәуелсіздігін басқару органдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін неше түрлі лаңкестерге қарсы жұмыс істейтін азаматсыздар. Сіздердің жұмыстарыңыз елге жалпы көрінбегенімен, сіздер көрінбей-ақ, жауапкершілігі үлкен қызметті атқарасыздар», – деп МКҚ-ның қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жұмысына өз бағасын берген болатын.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі – елдің басты құндылықтарын қорғайтын іргелі ұйым. Ол 2014 жылдың сәуірінде Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті күзет қызметінің және Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының қосылуы арқылы қалыптасты. Сондықтан да біз бүгінгі Мемлекеттік күзет қызметінің тарихын жоғарыда аталған екі мекеме – Президенттің күзет қызметі мен Республикалық ұланның құрылуымен байланыстыра қарастырамыз.
Осы орайда, бірінші кезекте Президенттің күзет қызметінің тарихына қысқаша тоқтала кетсек. Мемлекет басшысының 1992 жылғы 6 ақпандағы өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (ҚР ПКҚ) құрылды. Ол Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік билік пен басқару органдары басшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұрынғы Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 9-бөлімінің базасында жасақталған болатын. Кейіннен Күзет қызметі Мемлекет басшысының тікелей қарамағына өтті. Ал 1995 жылғы қазанда Президенттің күзет қызметі құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс агенттігі мен Республикалық ұлан қосылып, көп ұзамай олар өз алдына дербес ведомстволар ретінде бөлініп шықты.
Президенттің Күзет қызметінің бірінші бастығы болып генерал-майор Сергей Синицин тағайындалды. Одан әрі қарай бұл арнаулы органның осы лауазымында генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, генерал-лейтенант Болат Баекенов, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев, генерал-майор Әнуар Садықұлов сынды азаматтар қызмет етті. Бұл аралықта, дәлірегі, 1997 жылдан 1999 жылға дейінгі кезеңде Президенттің Күзет қызметі толығымен Астанаға қоныс аударғанын да айта кетейік.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің әлемдік қауымдастыққа енді аяқ басып, халықаралық байланыстардың белең алып, шетелдік делегациялар мен мемлекет басшыларының республикамызға бірінен соң бірі ат басын бұрып жатқан кезде Президенттің күзет қызметіне артылған жауапкершілік жүгі еселене түсті. Жаңадан жасақталған ұжымға жұмыста жүріп ысылуға, тәжірибе жинап, шеберлік шыңдауға тура келді.
«Қалай дегенмен, біз барлық қиындықты еңсердік. Шындығында қиындық аз болған жоқ, бірақ ешкім шағымданбайтын. Біз үлкен нәтижеге жету үшін үлкен жігермен жұмыс істедік. Біріншіден, бұл жұмыс біздің қызметкерлердің барлығына ұнайтын еді, екіншіден, бұл үлкен мәртебелі қызмет саналады. Қызметкерлер күш-жігерлерін аямады, уақытпен де санасқан жоқ, кез келген уақытта тиісті тапсырманы, қалтқысыз орындайтын», – деген Президент күзет қызметінің алғашқы басшысы генерал-майор Сергей Синицин өткен күнді осылай еске алады. Сөйтіп, Қызмет азғантай уақыт ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзіндік жүйесін құрып, өзін толыққанды мемлекеттік орган ретінде көрсете білді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінгі Мемлекеттік күзет қызметі тарихының бастауында Президенттің күзет қызметімен бірге, Елбасының 1992 жылғы 16 наурыздағы Жарлығымен құрылған Республикалық ұлан да қатар тұрады.
Дегенмен де, жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, салтанатты рәсімдерді өткізу, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік нышандары мен мемлекеттік маңызы бар нысандарын күзету сынды міндеттерді жоғары деңгейде орындайтын, әбден ысылған, кәсіби шыныққан, арнайы жасақ керек болды. Міне, Республикалық ұланды құру осындай қажеттіліктен туындаған еді. Бұл ретте Республикалық ұланның құрылып, оның қалыптасуына орасан зор үлес қосқан қолбасшылардың қатарында генерал-майор Төлеген Үмбетбаев, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, генерал-майор Болат Ысқақов, генерал-лейтенант Болат Жанасаев, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, генерал-лейтенант Аменгелді Шабдарбаев, генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев секілді азаматтардың болғанын атап өткеніміз жөн. Ал ең алғашқы қолбасшы ретіндегі тізгін генерал-майор Сейілбек Алтынбековке бұйырған болатын.
Жауапты міндет жүктелген ұландықтар әскери машық-дағдыны меңгеруге құлшына кірісті. Жауынгерлік және саптық дайындықтарын үдетті. Жаңадан әскери тәртіп пен тәрбие ісін тізетін оқу-әдістемелік құралдар, құқықтық құжаттар әзірленді. Мемлекеттік маңызды нысандардың күзетін қолға алды. 1993 жылдың көктемінде Құрмет қарауыл ротасының сарбаздары мен офицерлеріне арналған айрықша парадтық киім үлгілері дайындалды. Республикалық ұланның алғышқы қолбасшысы генерал-майор Сейілбек Алтынбековтің айтуынша, 1992 жылы тамыз айында ЦСКА стадионында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың назарына жаңадан жасақталған, құрамында Үкіметтік күзет батальоны, құрмет қарауыл ротасы және үлгілі-көрсетімдік оркестр бар Республикалық ұлан алғашқы рет ұсынылды. Елбасы таныстырылым барысында Ұланды мұқият қарап шығады. «Шынын айтқанда, ол кезде «біздің өзіміздікі» деп мақтанып көрсететін әскери киімімізде де жоқ еді. Елбасы содан қазақстандық нақыштағы форма дайындауды тапсырған еді», – дейді Республикалық ұланның құрылу тарихына қатысты кейбір деректермен бөліскен С.Алтынбеков.
Елбасы Республикалық ұланға ерекше көңіл бөлді. Айталық, 1994 жылдың 5 шілдесінде Республикалық ұлан жұмысымен арнайы келіп танысса, 1995 жылғы желтоқсанда «Республикалық ұлан» туралы Жарлыққа және «Республикалық ұлан туралы Ережеге» қол қойды. Заңдық күші бар бұл құжаттар Ұланның әскери арнайы құрылым ретіндегі биік мәртебесін толық айқындап берді.
Бірігу биік белестерге бастады
Бүгінде Мемлекеттік күзет қызметіне генерал-лейтенант Амантай Күреңбеков басшылық жасайды. Абыройы мен айбынын асырып жүрген құзыретті құрылымның басшылық құрамында Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Объектілерді қорғау қызметінің бастығы, генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев, Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Тұңғыш Президент – Елбасы қауіпсіздігі қызметінің бастығы, генерал-майор Ардақ Әшімбекұлы секілді саланың білікті мамандары қызмет етеді.
Ал «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінің жас сарбаздары мен Құрмет қарауыл ротасына іріктеліп алынған сарбаздар ардагерлер ізін жалғап, ел өміріндегі маңызды тарихи сәттерде, салтанатты жиын-шерулерде, Президентті ұлықтау рәсімдерінде аса маңызды рөл атқарады.
Күштік құрылымдардың бірігуі, екі беделді ұйымның бір арнаға тоғысуы – орган қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтерді. Бүгінге дейін қалыптасып, даму кезеңдерін өткеріп жатқан Мемлекеттік күзет қызметі нормативтік базаны жасақтау бойынша өз қызметін жетілдіріп, «Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Заң мен Ереженің қабылдануына қол жеткізді. Осының арқасында «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Заңындағы жаңалықтар Қызметтің арнаулы мемлекеттік орган ретіндегі мәртебесін бекітіп, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұйымдастыру мәселесіндегі негізгі міндеттерді, сондай-ақ, Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлеріне берілетін құқықтарды айқындауға себепші болды. Сөйтіп, заңнамалық кедергілер жойылып, материалдық-техникалық базаны жетілдіруге, қару-жарақпен қамтуға ерекше көңіл бөлінді.
Әлемдік жетекші өндірушілерден жоғары санатты қару, техника, арнайы құралдар алынды. Мемлекеттік күзет қызметінің көпсалалығын күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылатын қызмет түрлерінен аңғару қиынға соқпайды. Мәселен, бұл қызметте білікті кинологтар мен жарылғыш құрылғыларды тауып және залалсыздандыратын саперлардың жұмысы да айрықша орын алады. Құралайды көзге атқан сұр мергендер де небір халықаралық сайыстарда дараланып жүр. Осылайша, кешенді қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз игерген кіл мықтылар еліміздің жоғары лауазымды тұлғаларын ғана емес, шетелдік қонақтардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде, сондай-ақ, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекетті жетілдіру мақсатында үйлесімді, көпсатылы, Қазақстанның әскери оқу орындарымен байланыста болатын, кәсіби деңгейдегі білім беру жүйесін құру алғаш рет қолға алынып отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті базасын тиімді пайдалану жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Мемлекеттік күзет қызметінің жаңа бастамасы – классикалық бағытта жұмыс істеп келген кафедралармен, әскери біліктілік саласындағы және терроризмге қарсы дисциплинарлық орталықтарын біріктіре отырып, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне сапалы білім беру ісі қолға алынды.
Жаттығу жігерді жанып, намысты қайрайды
Мемлекеттік күзет қызметінің әрбір сарбазы моральдық-психологиялық қалпын, дене бітім, күш-қуат, білімі мен қарым-қабілетін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл үшін жауынгерлік даярлаудың кешенді бағдарламасы бар. Жыл бойы «Майдан» далалық оқу орталығында олар қару-жарақ және әртүрлі техника тілін игереді. Сарбаздарды дайындайтын нұсқаушылар АҚШ, Ресей, Израиль және ҚХР-дың мамандандырылған оқу орталықтарында білімдерін жетілдіріп келген. МКҚ қызметкерлері мен әскери қызметшілері үлкен спорт әлемінде де дараланып, жеңіс тұғырын иеленіп келеді. Спорт – Мемлекеттік күзет қызметі жеке құрамының кәсіби біліктіліктерін арттырып, шеберліктерін шыңдаудың бірден-бір жолы. Спорттық дайындық Құрылымның әрбір қызметкері мен әскери қызметшісінің жедел-қызметтік тапсырмаларды мінсіз орындап, әскери талапқа сай жұмыс қабілетінің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізуінің кепілі.
Жыл сайынғы жоспар негізінде қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінен бөлімшелерде ұйымдастырылатын іріктеу спорт сайыстарының қорытындысы бойынша МКҚ-да 20-ға жуық жеке және командалық чемпионаттар өткізіліп отырады. Спортта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуі және МКҚ-да қызметкерлер мен әскери қызметшілерінің толыққанды жаттығулары үшін барлық қажетті жағдай жасалынған. Сондай-ақ, МКҚ басшылық тарапынан қызметкерлер мен әскери қызметшілердің халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуына ықпал етіп, олардың спорттық дайындықтарының деңгейін көтеріп және де қажетті спорттық тауарларды сатып алуға материалдық қолдау тұрақты түрде көрсетіледі, өзге әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қолғабыс етеді.
25 жыл ішінде Қызметтің құрама командалары Еуропаның – 2, Азияның – 11 және де әлемнің 15 чемпионатына қатысты. Сондай-ақ, қызметкерлер спорттың әр түрінен өтетін жыл сайынғы республикааралық көптеген жарыстардың жүлдегерлері атану дәстүрге айналды. МКҚ қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің дайындығы барысында басты назарда болатын спорттың түрі ол – жекпе-жек күрес. Мемлекеттік күзет қызметте жоғары спорттық дәреже иегерлері де аз емес. Бүгінде Қызметтің жеке құрамында 29 спорт шебері, спорттың әр түрінен 17 халықаралық деңгейдегі спорт шеберлерінің қызмет етуі сөзімізге дәлел.
МКҚ-ның әрбір қызметкері мен әскери қызметшісі үшін мәртебелі жетістік – «Қара берет» иегері атану. Ерліктің, батылдық пен намыс-жігердің және жоғары кәсіби дайындықтың нышаны болып табылатын осы айырым белгісі 2007 жылы енгізілген. «Қара беретті» киіп жүру құқығына ие болғандар өзінің әскери мансап жолында бірқатар артықшылықтарға да ие. Жыл сайын үміткерлерге қойылатын талап күшейіп келеді.
Еліміздің мәдени өмірін, сондай-ақ, халықаралық аренадағы абырой-беделін асқақтатып жүрген үлкен шығармашылық ұжымның бірі – Президент оркестрі. 1992 жылдың наурызында негізі қаланған бұл ұжымның бастауында еліміздің өнер және мәдениет қайраткерлері тұр. Олардың қатарында Мәдениет және спорт министрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Айман Мұсақожаева, сондай-ақ, Алексей Кутунов, Валерий Скороход, Александр Аблаев, Нұрлан Өнербаев, Бекболат Тілеухан сынды майталмандар болды. Олардың ізін бүгінде Жанат Бақтай, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Досымжан Таңатаров сынды танымал өнер қайраткерлерімен қатар, Олжас Сүлейменов, Оралхан Алтынбеков, Салтанат Дәулетханова, Гүлнұр Әділбекова секілді жас талант иелері абыроймен жалғап келеді. Бұл іргелі ұжымның жетекшісі – белгілі дирижер, республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың лауреаты, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының жанындағы әскери-дирижерлік факультеттің түлегі полковник Талғат Бердіғұлов.
Президенттік оркестр құрамына үрлемелі оркестр, «Биг-Бэнд» атты джаз оркестрі, сондай-ақ, халық аспаптар, камералық, ән және эстрада, би ансамбльдері кіреді. Оркестр әртістерінің таланты, олардың музыкалық аспаптардың барлық түрлерін асқан шеберлікпен ойнауы Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Түркия, Австрия, Бельгия, Малайзия және әлемнің басқа да елдерінің ән сүйер қауымын тәнті етті. Көрнекі өнер көрсетудің жоғары деңгейін Мәскеу қаласының Қызыл алаңында жыл сайын өтетін «Спасск мұнарасы» әскери-музыкалық фестивалінде әйгілей түсуде. «Спасск мұнарасында» еліміздің атынан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» полкінің Құрмет қарауыл ротасы мен Президенттік оркестрі өздерінің тамсанарлық өнерін паш етіп келеді.
Мемлекеттік күзет қызметіндегі үздік үрдістің бірі – қызметкер мен әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау. Айталық, оларға баспана үшін арнайы төлемақы беріледі. Осындай қолдаудың арқасында 2013 жылдан бері 250-ден астам қызметкер өз пәтеріне қол жеткізді. Тұрмысы түзеліп, ұрпақ өрбітіп келеді. Сондай-ақ, Мемлекеттік күзет қызметінің сарбаздарына медициналық қызмет көрсететін арнайы госпиталь де бар.
Ұрпақтар сабақтастығы – қастерлі ұғым. Мемлекеттік күзет қызметінде «Ардагерлер Одағы» қоғамдық бірлестігінің жұмыс істеуі – соның дәлелі. Аға буынның мол тәжірибесі мен еңбек жолы – Мемлекеттік күзет қызметінің әрбір жас сарбазына үлгі, жол көрсетер темірқазық.
Мемлекеттік күзет қызметі жақын күндері су жаңа еңселі ғимаратқа көшпек. Бұл қызметкерлер мен әскерилерге тың шабыт, жаңа серпін сыйлап, үлкен жауапкершілік жүктері анық. Мәртебелі міндет, мүлтіксіз қызмет – Мемлекеттік күзет қызметінің ширек ғасырдағы жұмысын осылай бағалауға болады. Бүгінде ол – құрығы ұзын, құзыреті кең, өзгемен терезесі тең, келешегі кемел мемлекеттік орган.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»