29 Сәуір, 2011

Қатысушылар лебізі

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Урмат АМАНБАЕВА, Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты: – Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының құрылып, жұмыс істей бастауы біздің елдер үшін маңызды деп айта аламын. Өйткені, біздің елдердің тілі мен діні бір, ұлттық салт-дәстүрлері де бір-біріне өте жақын келеді. Түрлі тарихи себептерге байланысты түркі әлеміндегі халықтар бір-бірімен етене жақын араласа алмады. Оның сәті түркі тілдес елдер тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түсті. Оның нақты мысалын Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының құрылуынан көруге болады. Әрине, Түркі тілдес елдердің басын қосып, бір-бірімен ынтымақтастық жасауына ұйытқы болған, сол мә­селені алғаш рет көтерген Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Ал Парламенттік Ассамблеяның құрылғанына көп уақыт болмаса да, оның елдер арасындағы байланыстарды нығайтып, түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды қайта жаңғыртуына мол үлес қосатындығына қазірдің өзінде көзіміз жетіп отыр. Оған бүгінгі отырыс кезінде айтылған сөздер, қабылданған құжаттар нақты дәлел. *  *  * Сафа МИРЗОЕВ, Әзірбайжан Милли Меджлисінің бас хатшысы: – Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының атқаратын қызметі анық. Ол елдер арасындағы ынты­мақтастықты нығайтуға, тарихи-мәдени ортақ құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға бағытталған. Мұ­ның сыртында, әрине, біздің елдер арасындағы экономикалық және гу­ма­нитарлық байланыстарды дамыту мәселесі де бар. Ол үшін Ассамблеяға кіретін мемлекеттердің парламенттері тығыз қатынаста жұмыс істеуі керек. Оның негізі қаланғанына біздер ерекше қуанып отырмыз. Бұл ұйымның құрылғанына онша көп уақыт өте қойған жоқ. Бірақ, осы жылдар ішінде Ассамблеяның еларалық ынтымақтастықты жандандыруға айтарлықтай үлес қосатындығы анық байқалды. Енді Ассамблеяның алдында тұрған мақсат – оны халықаралық ірі ұйымдардың деңгейіне көтеру. Сондықтан біздер ендігі жерде Ассамблеяның іргелі халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық жасауына қызмет етуге тиіспіз. *  *  * Агя КАВКАЗ, ПА мүшесі, Түркия Парламентінің депутаты: – Парламентаралық осы байланыс бірлігімізді нығайта отырып, келешекке нық қадам жасауға жол ашады. Біз бірлесе жұмыс атқара жүріп, әлемге шашыраған түркі тілдес барша азаматтар мүддесін де жадымызда ұстаймыз. Өйткені, біз – түбі бір халықтармыз. Ортақ мәдениет, тіл, тарих – қастерлейтін құндылықтарымыз бір болған­дықтан, біз осылайша бірігіп, келелі мәселелерді сөз етеміз. Оның пайдасы бүгінмен ғана өлшенбейді. Жалпы, мен өзім Түркия Парламентінің депутаты ретінде Қазақстан Парламентімен арадағы ынтымақ­тас­тыққа көңілім толатынын айтқым келеді. Парламенттегі Қазақстанмен арадағы достық тобының жұмысы көзге кө­рінерліктей. Мұның негізі – біздің туыстығымызда жатыр, мемлекет басшыларының сындарлы ерік-жігерлерінде жатыр, біздің түбіміздің бірлігінде жатыр деп білемін. *  *  * Севинш ГУСЕЙНОВА, ПА мүшесі, Әзірбайжан Парламентінің депутаты: – Жаңа ғана Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының II пленарлық отырысы өз жұмысын аяқтады. Отырыста айтылған ойларда, алда жоспарланған істерде түп-тамыры бір, тілі мен мәдениеті, діні де ортақ түркі тілдестердің әлеуетін жасам­паздық жолға пайдалану басты тін болды. Бұл – шынымен де аса ма­ңызды іс. Қазіргі күні әлем интеграциялану үстінде, ендеше бұл істен түркі тілдестер де қалыс қалмауы тиіс. Әлемдік өркениет дамуына өзіндік үлес қосқан түркі әлемі жаңа мыңжылдықта тарих сахнасында өз биігінен көрінуде. Алайда, алда бірігіп барып алатын асулар жеткілікті. Оған әр ел атсалысуы керек. Мысалы, менің елім Түрк ПА дамуына өз үлесін айтарлықтай қосып келеді. Ұйым хатшылығы Бакуде орын тепкен. Болашақта оған арнап бөлек кеңсе салу да ойдағы мәселе. Түрк ПА отырысынан елімізге тың ойлар арқалап баратын болдық. *  *  * Толга АТЫК, Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты: – Біз ұлы қазақ жерінде жемісті жұмыс істеп, Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының алға қойған мақсаттары бойынша шешімдер қабылдадық. Соның ішінде бұ­рын болмаған төрт тұрақты комис­сия­ларды құрдық. Олардың төрағалары мен атқаратын қызметтерін белгіледік. Өзара ықпалдасуды жандан­дыруға әсер ететін мұндай нақты қадамдар алдағы уақыттарда да бола беретін шығар деген үміттемін. Мен Астанадағы отырыстан үлкен әсер алып ат­танып бара жатырмын. Астананың өзі бүкіл түркі әлемінің мақтан тұтар жетістігі ме деп қалдым. Аз ғана уақыттың ішінде осындай қала тұрғызған халықтың болашағы зор болуға тиісті. Ал енді Түрк ПА-ға басқа да түркі тілдес бауырларымыз мүше болғысы келсе, біз оларға қуана құшақ жаямыз.