Әділет министрлігінде «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларындағы партия белсенділерімен бейнемәжіліс өткізді, деп хабарлады «Нұр Отан» ХДП-ның баспасөз қызметі.
Мәжіліс жұмысына Партиялық бақылау комитеті хатшылығының жауапты қызметкерлері, аймақтық филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары, партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, партия филиалдары жанынан құрылған жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағалары, түрлі деңгейдегі мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясының жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Елбасымыз, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде және Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда партиялық бақылау жұмысын күшейту мен әрбір партия мүшесінің партия жарғысы мен бағдарламасының талаптарын сақтауын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берген болатын.
Партия Төрағасының осы тапсырмаларын орындау мақсатында партиялық бақылау комитеті тарапынан партиялық бақылау комиссиясының жұмысын жетілдіру бойынша арнайы әдістемелік нұсқаулық жасалып, аймақтардағы партиялық бақылау комиссияларына жолданды.
Мәжіліс қорытындысына сай аймақтық филиалдардағы партиялық бақылау комиссияларына ішкі партиялық тәртіпті сақтау мен әрбір партия мүшесінің мемлекеттік қызмет пен қоғамдық тапсырмаларды орындау сапасын күшейтуге бағытталған нақты жұмыстар белгіленді.