– Олег Александрович, қазақстандық банктердің несие портфелінің сапасын қалай бағалайсыз? Жұмыс істемейтін кредиттер үлесінің ресми көрсеткіштері соңғы бірнеше жылда айтарлықтай төмендеді. Мұндай статистика жағдайды қаншалықты объективті көрсетеді? Кейбір халықаралық сарапшылар жұмыс істемейтін қарыздардың әлеуетті «қалқаны» едәуір жоғары деп пайымдайды.
– Өте дұрыс, банктер портфельдерінің сапасы – еліміздің қаржы нарығының және оған қатысушылардың болашағы тәуелді болатын негізгі жайлардың бірі. Ағымдағы жылғы наурыздың басындағы жағдай бойынша жұмыс істемейтін қарыздар (төлем мерзімі 90 күннен асқан) деңгейі банктердің реттеушіге ұсынатын есептілігіне сәйкес 7,32%-ды немесе 1,1 трлн теңгені құрады, бұл 2014 жылғы ең жоғары деңгейден 3,8 трлн теңгеге төмен. ХҚЕС-ке сәйкес жасалатын банктердің есептілігі банк менеджменті мен оның аудиторларының қарыздарды жұмыс істемейтін қарыздар санатына жатқызу мәселесіндегі пайымдарының бір-бірінен айтарлықтай алшақ екенін болжайды. 2015 жылы едәуір макроэкономикалық күйзелістер болды, бұл банктердің қарыз алушыларының қаржылық жай-күйіне және төлем қабілетіне жағымсыз әсер етті. Алайда банктер төлемдер жасау мерзімін кейіндеу мерзімге ауыстыра отырып, қарыздар бойынша зиянды тануды, оның ішінде қарыздарды «жасанды» қайта құрылымдау есебінен тануды кейінге қалдыруға тырысуда. Мұндай қарыздарды қаржылық ортада «мәңгі жасыл» қарыздар деп атайды. Соның нәтижесінде іс жүзінде төлемдері жоқ қарыздар банктің есептілігі бойынша жұмыс істемейтін қарыздар санатына жатқызылмайды. Сондықтан да Ұлттық Банкте тұтастай алғанда, жүйе бойынша жұмыс істемейтін қарыздардың әлеуетті көлемі банктердің есептілігінде көрсетілген ағымдағы деңгейден асып кетеді деп пайымдауға негіз бар.
Осылайша, банктер активтерінің нақты сапасы қарыз алушылардың қаржылық жай-күйінің төмен болуынан, «сенімді емес» кепілдерді, мысалы, болашақта түсетін ақшаны және мүлікті, үлестес компаниялардың сақтандыру полистерін, жеке тұлғалардың кепілдіктерін және тағы басқаларды пайдалану практикасынан, сондай-ақ, акционерлердің және олармен байланысты тұлғалардың бизнесті қайтарымсыз кредиттеуден қосымша бағалауды талап етеді. Мұндай жағдай Қазақстанға тән болып табылмайды. Мұндай жағдайға әлемнің көптеген реттеушілері ұшырайды. Оны шешу үшін Ұлттық Банк те, басқа елдердің реттеушілері де активтер сапасын кешенді бағалауды жоспарлап отыр, ол әдетте стресс-тестілеу жүргізумен қатар жүреді. Банктер активтерінің сапасын кешенді бағалау 2017 жылы бағаны ортақ бөлімге келтіретіндей ету үшін бірыңғай әдіснама бойынша жүргізілетін болады. Бағалаудың объективтілігін және оған деген сенімді қамтамасыз ету үшін басқа елдердің орталық банктері тәуелсіз сарапшыларды тартты. Мұндай тәсілді біз де қолданамыз. Банк секторы активтерінің сапасын бағалауды тәуелсіз сыртқы консультант халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес әзірленген әдістеме бойынша жүргізетін болады.
Әлеуетті проблемалар көлемін түсіну Ұлттық Банкке жұмыс істеуге қабілетті банктерді үстеме капиталдандыру және қайта құрылымдау құралдарын пайдалана отырып және жұмыс істеуге қабілетсіздерін тиісінше тазарта отырып дәрменсіз банктердің проблемаларын ретпен шешу жүйесін енгізу процесіне неғұрлым сындарлы қарауға мүмкіндік береді.
– ХВҚ-ның Қазақстанда болған миссиясының мүшелері бұрын осы жылы Ұлттық Банкті «әлсіз банктерге» қатысты барынша қатаң ұстанымда болуға шақырды. Осы тәсілмен келісесіз бе немесе Ұлттық Банк жағдайы қиын қаржы институттарына көмек беруге дайын ба?
– Мемлекет басшысы өзінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық Банкке қаржы секторын «жаңғыртуды» жүзеге асыру жөніндегі міндетті шешу шеңберінде банк секторын қалыпқа келтіру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Атап айтқанда, Ұлттық Банктің алдына екінші деңгейдегі банктердің балансын «тиімсіз кредиттерден» арылту жөніндегі жұмысты жеделдету және қажет болған кезде акционерлер тарапынан банктерді үстеме капиталдандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндет қойылды.
Активтердің сапасын бағалау және стресс-тестілеу бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша анықталған проблемалардың ауқымына қарай тиісті шаралар қабылданады. Оларда, бірінші кезекте, банктің орнықтылығын арттыру үшін банкті оның акционерлері тарапынан үстеме капиталдандыру жөніндегі талаптар қамтылады. Сондай-ақ, шараларда проблемалы банктерді қалыпқа келтіру және реттеу рәсімдері қамтылады. Сондықтан Ұлттық Банктің стресс-тест жүргізу бойынша іс-қимылдары проблемалы банктерді тиімді қалыпқа келтіру және реттеу үшін құқықтық және экономикалық жағдайлар жасауды және банктердің проблемаларын банк жүйесіне деген сенімді жоғалтпай жедел шешуді қамтамасыз ететін неғұрлым және ең аз мемлекеттік шығыстары бар қауіпсіз тәсілдерді болжайды. Орнықтылығы жеткіліксіз банктерге қатысты шаралар қабылдау кезінде уақтылы хабардар болу реттеушіге қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қоғамдық шығындарды барынша төмендетуге мүмкіндік береді. Проблема қаншалықты ерте анықталса, оны шешу соншалықты жеңіл болады, оны шешу кезінде әлеуметтік және экономикалық шығын соншалықты аз талап етіледі.
Ұлттық Банк жалпы алғанда, нарықта тек күшті және қаржылық тұрғыдан орнықты, реттеушінің талаптарын орындауға және банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтірмей қызметін жүзеге асыруға қабілетті банктер жұмыс істеуге тиіс болатын ұстанымды қолдайды. Әлсіз банктер нарықтан кетуге тиіс.
Банктік қызметтер нарығында қалуға ниетті банктер елдегі және әлемдегі экономикалық ахуалдың және Қазақстанның банк секторы алдында тұрған сын-қатердің өзгеруі жағдайында тиісті шараларды қабылдауға – бірігуге немесе үстеме капиталдануға тиіс. Бұл ретте Ұлттық Банк банктердің бүкіл банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бастамаларды ғана қолдайды. Таңдалған тәсіл ағымдағы халықаралық практикаға сәйкес келеді және жақында болған кездесулердің, сондай-ақ, және экономика мен банк секторының жай-күйі мәселелері бойынша талқылаулар барысында ХВҚ-дан оң пікірлер алды.
– Яғни осы жылы банк секторында шоғырландырудың жаңа процестерін күтуге бола ма?
– Бірқатар банктерді шоғырландыру процесі шарттар бойынша, халықаралық міндеттемелерді қоса алғанда, банктер депозиторларының, кредиторларының, өзге клиенттерінің және қарсы агенттерінің құқықтары мен заңды мүдделері сақталған кезде ғана мүмкін болмақ. Ұлттық Банктің жекелеген банктер бастаған бірігу жөніндегі бастамаларды қолдайтындығын қайталап айтамын, олар банктерді капиталдандыруды ұлғайтуға және клиенттерге қызмет көрсету бойынша қолданыстағы бизнес-процестерді жақсартуға ықпал етеді. Бұл ретте біз өз тарапымыздан банктерге банктік бизнестің тиімділігін арттыруға бағытталған ықпалдастыру процестерін тезірек аяқтау бойынша қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз.
– Халық банкі мен Казком арасындағы мәміле қандай талаптармен жасалуы мүмкін?
– Заңнаманың талаптарына сәйкес әлеуетті мәмілені іске асыру шарттар бойынша, халықаралық міндеттемелерді қоса алғанда, банктер депозиторларының, кредиторларының, өзге клиенттерінің және қарсы агенттерінің құқықтары мен заңды мүдделері сақталған кезде ғана мүмкін болады. Халық банкінің «Казкоммерцбанк» АҚ-тың акцияларын сатып алу бойынша әлеуетті мәмілені іске асыру үшін Ұлттық Банк және Халық банкі тарапынан Казкомның активтерінің сапасына бірлескен тәуелсіз тексеру жүргізілуі қажет. Әлеуетті мәміленің сандық өлшемдері тәуелсіз тексеру нәтижелері алынған соң айқындалатын болады. Алайда, бүгінгі күннің өзінде Халық банкінің Казкомның капиталына ықтимал енуінің базалық талабы оның үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қаржы институтын жеткілікті деңгейге дейін үстеме капиталдандыру болып табылады деп біржақты айтуға болады.
– Бұрын, ықтимал мәміле шеңберінде «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ-ты тарту жоспарланып отырғандығы хабарланған болатын. Оның бұл процестегі рөлі қандай?
– «Казкоммерцбанк» АҚ-тың кредиттік портфелінің айтарлықтай бөлігі (50%-дан астам) «БТА Банк» АҚ-тың міндеттемелерімен берілгендігі белгілі. Бұл ретте «БТА Банк» АҚ-тың активтері құны ұзақ мерзімде қалпына келетін активтерге жатады. Осының салдары ретінде, олар «Казкоммерцбанк» АҚ оларды ұстауы бойынша қажетті қаржы ағындарының жеткілікті деңгейін қалыптастырмайды. Сондықтан «Казкоммерцбанк» АҚ-тың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін бірінші кезеңде БТА Банктің активтерін «Казкоммерцбанк» АҚ-тан бөлу қажет. Бұл кезеңде «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ оператор болады. Одан кейін осы активтерді мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобалары, оның ішінде өңірлік даму бағдарламалары шеңберінде экономикалық айналымға тартуды қамтамасыз ету қажет.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізуге бағытталған, реттеушілік нормативтерді бұзбаған, бірақ тәуекелді саясатты жүргізетін банктерге қатысты алдын алу шараларын қолдануға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатқаны белгілі. Осы алдын алу іс-қимылдары туралы мысал келтіре отырып айтып берсеңіз?
– Иә, шын мәнінде, Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде Мемлекет басшысы банк секторын қалыпқа келтіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуді, формальды тәсілден тәуекелге бағдарланған қадағалауға өтуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Ұлттық Банк банк секторын қалыпқа келтіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуге кірісті, оның шеңберінде реттеушілік және қадағалау процесінің халықаралық қағидаттары іске асырылатын болады. Атап айтқанда, Ұлттық Банк проблемалардың туындауын және тәуекелдің іске асырылуын күтпестен, дағдарысты құбылыстардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі кезде Ұлттық Банк Еуропалық одақта қабылданған әдіснаманың негізінде тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу тәсілдерін мақұлдады. Бұл тәсілдер бизнес модельдің жұмыс істеу қабілетін бағалау әдіснамасын және оған тән тәуекелдерді айқындауды, банктердің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін, сондай-ақ, капитал мен өтімділіктің жеткіліктілігін айқындаудың ішкі жүйелерін қамтитын жаңа қадағалау моделін әзірлеуді көздейді. Тәуекелге бағдарланған қадағалау ден қою қадағалау шаралары жүйесінің толық өзгеруін, атап айтқанда, қолданыстағы шектеулі ықпал ету шараларын және ертерек ден қою шараларын, санкциялар мен мәжбүрлеу шараларын қолдану негіздерін түбегейлі өзгертуді көздейді. Бұл қадағалау моделі банктердің әртүрлі тәуекелдерге ұшырағыштық деңгейін оларды басқару жүйелерін жетілдіру арқылы кезең-кезеңімен төмендетуге мүмкіндік береді.
2017 жылы Ұлттық Банк банктің капиталын тиісті түзетумен (реттеушілік меншікті капиталды реттеушілік провизиялар мен ХҚЕС бойынша провизиялардың арасындағы айырмасына азайту) провизияларды бағалаудың бірыңғай әдістемесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, банктердің байланысты тұлғалармен жасалған мәмілелерді және жеңілдік берілген талаптармен жасалған мәмілелерді бағалау тәсілдері күшейтілетін болады. Сондай-ақ, аудиторлар мен бағалаушылардың банктің қаржылық жағдайының нашарлағаны туралы ақпаратты жасырғаны үшін жауапкершілігін күшейту, тіпті қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруға тыйым салуға дейін күшейту мәселелері қаралады.
Сонымен қатар, Ұлттық Банктің мандаты банк капиталының құрылымын мәжбүрлеп қайта құрылымдау және банктерді біріктіру процесін жеңілдету бөлігінде заңнамалық деңгейде күшейтіледі.