Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяудағы сайлауда жарқын жеңіске жетуінің бір сыры – кейінгі жылдарда елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес майданы ашылып, халықтың әділеттілікке сенімі арта түскендігі, осы іске Президенттің ерекше назар аударуы деуге де болады. Қоғамды іштен ірітетін осы масқара құбылыспен күрес өзінің нақты нәтижесін беріп те отыр. Үш жылдың ішінде біздің еліміз әлемдік антикоррупциялық рейтингтегі көрсеткішін бірден 45 сатыға жақсартты. Бұл арқылы ТМД бойынша Қазақстан ғана үздік орынды иеленіп тұр. Соңғы жылдары осы органның құзырлы қызметі арқасында қармаққа тек “шабақтар” ғана емес, ірі “шортандар” да ілігіп, жемқорлардың желігі басылғандай болды. Өткен жылы алдыңғы жылдарға қарағанда пара алу жағдайлары 28 пайызға көп анықталды. Сегіз жүзден астам сыбайлас жемқорлар ісі сотқа берілді, олардың арасында жоғары лауазымды шенеуніктер көп болды. Үстіміздегі жылы Жоғарғы Соттың алты бірдей судьясы қармаққа ілінді. Осындай орасан еңбектің арқасында жемқорлық қылмыстардан мемлекетке келген 3,7 миллиард теңге шығын қайтарылды. Міне, осы ел, халық үшін атқарылып жатқан істердің басы-қасында жүрген Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Сәттібек ОҢҒАРБАЕВҚА жолығып, бірқатар сұрақтарымызға жауап қайтаруын сұраған едік.
– Сәттібек Оңғарбайұлы, заман ағымына орай қазіргі уақытта кез келген елдің атын да шығаратын, затын да өшіретін жемқорлық болып отыр. Жемқорлығы орасан елдің жамандығы жанын жайлағандықтан оның жоғары ізгілікті істер атқару қатарына қосылуы да қиын. Бұл тұрғыдан алғанда біздің еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы және қолданыстағы әрекеттеріміз де ең тиімділердің бірі деп танылғаны көңіл қуантады.
– Иә, бүгінгі таңда, Елбасымыз айтып өткендей, сыбайлас жемқорлықпен бітіспес күрес жүріп жатыр. Жемқорлық жайлаған елде әділет салтанат құрмайтыны белгілі. Сондықтан бірде-бір мемлекетте бұл қауіпті кеселдің бетін біздегідей тез қайтаратындай амал іске асқан жоқ. Тек екі жылдың ішінде көптеген республикалық деңгейдегі жетекші, облыстық және қалалық ауқымдағы бірнеше лауазымды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұлардың арасында әкімдер мен олардың орынбасарлары бар. Министрлер, вице-министрлер, түрлі компания президенттері мен агенттік төрайымы және т.б. лауазымды шенеуніктерге жемқорлығына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Мұның бәрі, жоғарыда айтып өткендей, заңдарымыздың жетілгені және сол заңға сәйкес біздің әрекеттеріміздің нәтижесі. Бірақ енді шортандар қармаққа ілігіп жатқан кезде басқа бірқатар лауазымды тұлғалар мүдделілік танытып, оларға араша түсетін болды. Биік мінбеден Елбасы бұл мәселені де қозғап өтті. Тергеудің әлі ақ-қарасы шығарылмай жатып коррупция белгісімен қармаққа іліккен жанға жақтасып, айыпсыз немесе жазықсыз деп соның ғана сойылын соғып жоғары деңгейде шу көтеру – заңға қайшы әрекет. Тергеу аяқталған соң оның заңдылығын прокуратура қадағалайды, сот талқылайды. Сол кезде адамның айыбы бар ма, жоқ па нақты айқындалады. Жазықсыз айыпқа тартылған болса, қаржы полициясының тергеушісі жауап береді. Ал заң орындары шынымен оны айыпты деп тапса, онда қылмыскер қамалуы керек. Бірақ бұған кедергі жасағысы келетін адамдардың түпкі мүддесін аңғару да қиын емес. Сондықтан жемқорлықпен күрес қашанда ымырасыздықпен жалғастырыла беретіндігін кімде-кім жете ұғынуы тиіс.
– Демек, халық айтса қалт айтпайды дегендей, шенеуніктер, әсіресе лауазымды тұлғалар арасында жемқорлар көп деген әңгіменің растығы қазір күннен-күнге айқындала түсуде. Қолына сеніп тапсырылған билікті арам ниетімен алмастырған адам ғана қалайда ақша жасаудың жолын жағалайды. Сондықтан бұл жолдағы адамдардың барынша тездетіп анықталып, ұсталып жатқандығын әлемдік сарапшылар да жоғары бағалап отыр ғой.
– Иә, сыбайлас жемқорлықпен күрес жолындағы ісімізге баға беріп жатқан біздің өзіміз емес, халқымыз бен халықаралық сарапшылар қоғамы. Жемқорларға қашанда, ең алдымен, халық қарсы. Ал дүниежүзі мемлекеттеріндегі жемқорлық деңгейін зерттейтін «Транспаренси Интернешнл» халықаралық ұйымы Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы күрес барысын бір сәт те назардан тыс қалдырмады. Бұл сараптама орталығы дамушы елдердің құқықтық деңгейін, қылмыспен күрес барысын таразы басына тартып, өзіндік өлшем нәтижесін шығарады. Сөйтіп біздің ісімізге олар оң баға берді. Оны соңғы жылдары коррупциямен ұсталған жоғары лауазымды тұлғалардың саны да, сапасы да дәлелдейді. Ал халықаралық сарапшылардың соншама басымдық беріп отырғаны оларды, біріншіден, біздің еліміздегі коррупцияға қарсы қолданылатын заңдарымыздың деңгейі қанағаттандырады. Жалпы бұрынғы ТМД елдері арасында бірінші рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң біздің елімізде қабылданып, шын мәнінде жүзеге асқаны белгілі.
Мемлекеттік қызметкердің адамгершілік қасиеттері мен іскерлік тазалығын арттыру мақсатында 2005 жылы Елбасының Жарлығымен халықаралық стандарттарға толықтай жауап беретін Ар-намыс кодексі қабылданды. Сөйтіп, біздің Елбасының тікелей саяси ерік-жігерінің арқасында және Қазақстанның мемлекеттік басқару органдарының атсалысуымен елімізде жемқорлыққа қарсы күрестің толыққанды жүйесі құрылды. Атап өтерлік жәйт, осы заңдардың барлығы азаматтардың құқы мен бостандығын сақтауға бағытталған.
Коррупциямен күрес туралы БҰҰ конвенцияларына қол қойылды. Бұлар бірнеше елдің құқықтық мүддесі көзделген, мазмұны терең құжаттар болып табылады. Осы құжаттарға біз қол қойғаннан кейін сол елдермен құқықтық қарым-қатынаста болуымыз қажет. Яғни, біздің елде біреулер қылмыс жасап қашып кеткен жағдайда оларды іздеуге, тауып әкелуге мүмкіндік туады. Тек ол қылмыскерлердің өздерін ғана емес, сонымен қатар қымқырған дүние-мүліктерін де қайтаруға жағдай жасалады. Міне осындай көптеген оңды өзгерістерді бақылап, сырттан көріп отырған халықаралық қауымдастық антикоррупциялық рейтинг бойынша біздің елдің көрсеткіші жақсарғанын саралап шығарып, жоғары баға берді.
– Осы арада жалпы атқарылған жұмыстарға нақты тоқталып өтсеңіз.
– Қылмыстық әрекеттерге қарсы шараларды қабылдай отырып, біз соңғы нәтижеге, яғни азаматтың конституциялық құқы бұзылмай қылмыстық істің сотқа жеткізілуіне баса мән береміз. Өткен жылы қаржы полициясының өндірісінде 13 997 қылмыстық іс болды. Оның 11 556-сы аяқталып, 9 421-і сотқа жіберілді. Сол сияқты осы аралықта төрт мыңға жуық экономикалық қылмыс анықталды. Талдау көрсеткендей, соңғы бес жылдың ішінде азаматтардың конституциялық құқын бұзушылық екі есеге азайғаны байқалды. Егер 2006 жылы 102 заң бұзушылық көрініс берсе, өткен жылы 52 дерек тіркелді. Сөйтіп, жалпы келтірілген 198,9 млрд.теңге зиянның 100,9 млрд.теңгесі өтелді. Бұлар құрғақ цифрлар емес, олардың артында осы сандарға жауапты жемқорлардың да тұрғаны белгілі. Мемлекеттік органдардың орталық аппараттарының бірқатар басшыларының үстінен қозғалған қылмыстық істер аяқталды.
Мәселен, Статистика жөніндегі агенттік төрағасының орынбасарлары Баянов пен Меңдібаев халықтың ұлттық санағын өткізуге деп бөлінген 758 млн. теңгені жымқырғаны үшін, ірі көлемде пара бергені үшін Төтенше жағдайлар вице-министрі Сабдалин, пара алғандары үшін Атом энергетикасы жөніндегі комитеттің экспорттық бақылау басқармасының бастығы Тұрмахан, Индустрия және сауда министрлігі сауда комитеті басқармасының бастығы Түзелбаев, билікті асыра пайдаланғаны үшін ҰҚК департаментінің бастығы Әбенов, билікті асыра пайдаланғаны және бюджет қаржысын ірі көлемде жымқырғаны үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сүлейменов, бюджет қаржысын ірі көлемде жымқырғаны үшін Көлік және коммуникация министрлігі көлік бақылау комитетінің төрағасы Жаңбырбаев және т.б. бірқатар адамдар бірнеше жылға сотталып тынды. Ал бұлардан да ірі шортандардың қармаққа іліккенін Елбасы Жолдауында келтіріп кеткендіктен оны қайталамай-ақ қояйын.
Жалпы, жемқорлық қылмыстарының көбін әкімдік қызметкерлері жасайтыны белгілі болып отыр. Одан кейін ішкі істер органдары, салық қызметі, әділет органдары, сот әкімшілігі жөніндегі комитет, кеден органдары және басқа да ведомстволар болып жалғасып кете береді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары Мамытбекова 58 мың АҚШ доллары және осы облыстың құрылыс департаменті директоры Сәбденов 4 млн. теңге пара алғандары үшін бірнеше жылға сотталды. Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша аумақаралық жер инспекциясының бастығы Аюбеков лауазымды қызметін жеке бас мүддесіне пайдаланып, Бәйдібек ауданының аймағында кәсіптік қызметпен айналысуға жер телімін бөлуге «көмегін» тигізгені үшін 10 млн. АҚШ долларын алып, сотталды. Сол сияқты Жамбыл облыстық қазынашылық департаменті бастығының орынбасары Әжібаев бюджеттің 1,2 млн. теңгесін жымқырып сотты болды. Ал Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бақылау және табиғи реттеу комитеті «Тобыл-Торғай экология департаменті» ММ бастығы Дадин Ақтөбе облысында жоспарланған тексерістің нәтижесі дұрыс болуы және кейін ЖШС-ның қызметіне ешкім араласпауы мақсатында пара алғаны үшін он бір жылға сотталды. Айта берсе, мұндай мысалдар өте көп.
– Ал үлескер азаматтардың мүддесін қорғау бағытында құрылыс салушылардың заңсыз әрекеттеріне қалай тойтарыс берілуде?
– Көпшілігі Астана мен Алматы қалаларында орналасқан 55 құрылыс ұйымының 82 басшысына байланысты 2006 жылдан бері 59 қылмыстық іс қозғалды. Олардан келген 100,7 млрд. теңге шығынның орнын толтыру мақсатында кінәлі адамдардың 70,8 млрд. теңге тұратын мүліктеріне тоқтам салынды. Бұл істерді қараған сот 32 іс бойынша айыптау үкімін шығарып, соған байланысты 67 адам сотталды.
– Бұл қолды болған ақшалардың орны қайтіп толтырылады?
– Мұның бәрі жазықсыз жандарға келтірілген шығындар. Сондықтан біз жәбірленгендердің шығынын толтыру мақсатында кінәлі үй салушылардың мүлкіне тоқтам салу шараларын қарастырып келеміз. Бұл орайда, менің ойымша, үлескерлердің мәселесін түпкілікті баянды ету үшін, яғни жәбірленген үлескерлердің шығынын толықтай қайтару мақсатында тоқтам салынған мүліктердің тағдырын соттар уақтылы шешіп, сот орындаушылары оны тез арада жүзеге асыруы тиіс. Осы тұста бір айрықша тоқталар жәйт бар, ол – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған дара саясат. Өзіңіз ойлаңыз, кезінде алданып қалған үлескерлер жылдап жинаған қаржыларын үй тұрғызушылардың қолына өз еріктерімен ұстатқаны белгілі. Оларды біреу күштеген жоқ. Әркім құрылыс салушыны өзі таңдады, сосын қалауымен ақшасын берді. Бірақ соған қарамастан Елбасымыз бұл мәселені тікелей өз бақылауына алып, жәбірленген үлескерлерді далада қалдырмас үшін мемлекеттен қомақты қаржы бөлгізіп, олардың баспаналы болуын қамтамасыз етті. Мұндай игілікті іс тек Қазақстанда ғана жасалды. Өйткені, дамыған мемлекеттердің өзінде ипотекалық несие тарату соңы дүниежүзілік дағдарысқа әкеліп ұрындырғаны белгілі. Қазір сол дағдарыс шырмауынан әлі шыға алмаған АҚШ-тың 8 штатында 5 млн. адам баспанасыз қалып, бұл мәселені әлі күнге мемлекеттің өзі де шеше алмай отыр.
– Иә, бұл мәселеде Елбасының еңбегі ерекше екендігі белгілі. Жалпы, бүгінде ұсталып жатқан жемқорлар санының көптігі мен ірілігі қауіпті кеселдің тым тереңге кеткенін білдіреді. Сондықтан қарқынды одан әрі үдете түскенді халық та қуаттайды. Осы орайда Қаржы полициясының алдында қандай жоспарлар тұр?
– Қаржы полициясының қызметін науқандық немесе жоспарлы жұмысқа айналдыруға болмайды. Бірақ жедел қызмет үнемі жүргізілуге тиіс. Алдымызға осы айда осыншама жұмыс атқарылуы керек деп нақты жоспар қоятындай біздің мекеме зауыт, фабрика емес. Әрине, бұрын Кеңес өкіметі кезінде учаскелік милиционерге, мысалға бір айда бес, яки он маскүнемді, не жұмыс істемей қаңғыбастыққа салынған адамды ұстап әкелесің деп алдына нақты жоспар қойылатын. Ол соны орындауға тиіс еді. Ал жедел қызмет дегеніміз, бізге жедел ақпараттар түсіп тұрады. Онда, мәселен, министр ме, әкім бе немесе басқа бір шенеунік пе пара алып жатыр деген ақпарат болады. Бірақ, ол ақпарат бойынша да бірден жетіп барып ұстап алу мүмкін емес. Расында, әуелі, жоғарыда айтқанымыздай, не істеп жатқаны тексеріледі. Арада бақылау жұмыстары жүргізіліп, біраз уақыт өтеді. Бұл жерде сатушы мен әкімді ұстаудың айырмашылығы жер мен көктей дейтініміз сондықтан.
– Тамыры тереңге тартылған жемқорлықты жою жыры қашан тоқтар екен?
– Қолына үлкенді-кішілі билік тиген басшысымақтар әуелі қалайда өзі басқарып отырған ұжымның жарты асын асап қалуға асығады. Соған байланысты қос-қостан шетелдік қымбат көлік алып, екі, үш қабатты үй тұрғызып, тума-туысқандарының да жағдайын жасап, үлде мен бүлдеге орана бастағандарын жұрт көрмейді, білмейді деп ойлай ма, солай болуға тиіс дегендей дүниені жалпағынан баса бастайды. Бірақ сол көрген, білген адамдардан қоңырау түссе, әлгі асып-тасып жатқан байлықтың қайдан келіп жатқандығын бір-ақ сәтте ашуға болады. Алайда бұл жағдайда құр «жалақымен» байып жатқандар мен адал кәсіпкерлікпен тап сондай байлық жасап еңбек етіп жатқандарды ажырата білу керек. Сондықтан да бұл жемқорлық дегеніміз кез келген қоғамға жан-жақты аса қауіп төндіретін әлеуметтік құбылыс болып табылады. Оның көріністері қалыпты демократиялық дәстүрлері мен экономикасы дамыған мемлекеттерде де бар.
Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып табылады. Бізде жемқорлыққа қарсы күрес саясатының бағдарламалық негізі бар. Әрине, оның басты негізі Елбасының тікелей күш-жігерінің арқасында қаланғаны белгілі. Әр бес жыл сайын Президент Жарлығымен жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламасы қабылданады. Бүгінде 2011 жылға есептелген жемқорлыққа қарсы төртінші бағдарлама жүзеге асырылу үстінде. Бұл құжат біздің елдің қауіпті кеселмен күрестегі негізгі бағыттарын қамтыды. Біріншіден, бұл жемқорлыққа қарсы заңдарды жетілдіру, екіншіден, жемқорлықты төмендететін мемлекеттік шараларды қабылдау, үшіншіден, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын жетілдіру, төртіншіден, жемқорлықпен күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайту, бесіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін пайдалана отырып халық арасында жемқорлыққа қарсы кеңінен насихат жүргізу және, алтыншыдан, азаматтық қоғаммен өзара байланыс болып табылады.
Жемқорлыққа қарсы саясаттың мақсаты мен мәні тереңде жатыр. Соның арқасында қазір халық жемқорлық өздері үшін, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі үшін аса қауіпті екендігін күннен күнге жете түсініп келеді. Тек бұл емес, еліміздің экономикасының дамуына тұсау болып, халықаралық беделіне нұқсан келтіретінін де жақсы түсінеді. Сондай-ақ 2007 жылы жемқорлықпен күресті күшейту жөніндегі қабылданған заң ісімізді біраз ілгерілетті. Онда кезінде қылмыстық жолмен тапқан мүліктерді тәркілеу басым бағыт алды. Тіпті ол қылмыскерлер кейін сотталып кетсе де басқа біреудің жеке меншігінде қалдырған, яғни кезінде арам жолмен тапқан дүниелерін тәркілеу көзделді. Бұрын жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған адамдарды кейін қайта мемлекеттік органдарға немесе ұйымдарға кез келген лауазымды қызметке қабылдауға Елбасының ұсынысы бойынша тыйым салынды. Осы атқарылып жатқан істердің бәрі түбі сыбайлас жемқорлықтың түгелдей жойылып кетуіне болмаса да, бәсеңдеуіне әсерін тигізеді деп ойлаймын.
– Азаматтардың Қаржы полициясының жалған қызметкерлерімен кездескендері де болды. Осындай жалғандықтан сақтану үшін не істеген дұрыс?
– Иә, ондай оқиғалардың болғаны рас. Сондықтан алдағы уақытта азаматтар кіммен сөйлесіп тұрғанын нақты білуі үшін «144» сенім телефонына қоңырау шала қойса белгілі болады. Ол адамның Қаржы полициясының қызметкері екендігін анықтаған соң, енді оның әрекеті дұрыс па немесе бұрыс па екендігін тағы сұрап білуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, әрбір азамат әр тексеріс тек тиісті құжаттар негізінде жүргізілетінін және ол құжаттармен тексерілетін адам алдын ала таныстырылуы қажеттігін есте ұстауы тиіс.
– Ел беделі мен халқымыздың мүддесі үшін жоғарыдағы қыруар жұмыстың бәрін ұйымдастырып, мемлекетке абырой әкелген агенттік қызметіне қысқаша тоқталып өтсеңіз?
– Агенттік қызмет етіп келе жатқан уақыт ішінде бірқатар беделді еуропалық және азиялық елдермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Бұл ынтымақтастықтың құқықтық негізі халықаралық келісім болып табылады. Мәселен, бүгінгі таңда агенттік БҰҰ, ЕҚЫҰ, Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы, Трансперенси Интернешнл және Салық және инвестиция бойынша халықаралық орталықтармен тығыз ынтымақтастық орнатты. Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының ұсынысы бойынша Қазақстан ЭДЫҰ жемқорлықпен күрес жөніндегі Ыстамбұлдық әрекет ету жоспарына қабылданды. Сөйтіп аталған ұйымның көмегі және ынтымақтастық арқасында Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен «Жемқорлықпен күресті тиімді басқару – Шығыс Еуропа және Орталық Азияның экономикалық және әлеуметтік дамуының жағдайы» атты коррупцияға қарсы халықаралық конференция ұйымдастырылды. Аталған конференцияның еліміз үшін мәні зор болды. Онда «Жемқорлықпен күрес және тиімді басқару туралы Астаналық үндеу» халықаралық құжаты қабылданды. Бұл құжатта барлық деңгейдегі жемқорлықты жою, тиімді тоқтамдарды салу арқылы жемқорлық әрекеттерін жазалау, шетелдік лауазымды тұлғаларды параға тартуда қылмыстық қудалау барысында халықаралық ынтымақтастыққа көмектесу шарттары қаралған. Сонымен қатар осы конференцияда жемқорлықпен күрестің қазақстандық тәжірибесі алға тартылды.
– Сәттібек Оңғарбайұлы, көптеген оқырмандарымыздың атынан салмақты да салиқалы әңгімеңізге рахмет айтамыз.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.