Қазақстан • 21 Сәуір, 2017

Бірегейлік – ел бірлігінің басты тұғыры

449 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халық Ассемблеясының біріңғай республикалық тақырыптық күні шеңберінде елорда әкімдігінде қоғамдық келісім кеңесінің және Астана қаласы ҚХА ғылыми-сарапшы тобы өкілдерінің бірлескен отырысы өтті.

Бірегейлік –  ел бірлігінің басты тұғыры

Қазақстан халқы Ассамблея­сының өкілдері мен елордалық  этномәдени бірлестіктердің мүше­лері қатысқан алқалы жиында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қызу талқыланды. Сондай-ақ, олар Елбасы мақаласының басты бағыттары мен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша ұсыныстар әзірлеу керектігіне назар аударды. 

ҚХА мүшесі, Астана қаласының өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов, Мем­лекет басшысы халық арасындағы достық пейілді кеңінен насихаттап, жайдары қарым-қатынасты әркез ту етуге барынша жағдай жасап келе жатқанын атап өтті.

«Кеше ғана Елбасымыз өз хал­қына рухани жаңғыру жо­лын нұс­қап, еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқандығын, қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алғанымызды айтты. Осы мақсатта көзделген жұ­мыс­­тардың бәрі де дер кезінде және барынша тиімді жүзеге асатын­дығына сенім біл­дірді. Президентіміз «мен халқым­ның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, бола­шаққа сеніммен бет алуын қалай­мын», деп тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаң­ғыртудың бірнеше бағытын айқын­дады. Бұл − біздер үшін бағындырар бір белес», – деді Ш.Пулатов.

Сондай-ақ, отырысқа қатысу­шы­лар рухани жаңғыру мақсаты бойынша нақтылап айтылған елі­міздің мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін бола­шаққа қалай қадам басамыз және осы мақсат жолында бұқаралық сананы қалай өзгертеміз деген мәселені де күн тәртібіне шығарды.

«Отанды сүю – бабалардан ми­рас болған ұлы мұраны қадірлеп, оны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыс­тау азаматтық борышымыз. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығын  ту ету, тек лауа­зым­ды адамдардың ғана жұ­мысы емес, бұл баршамыздың да аза­мат­­­тық парызымыз. Сондықтан, қо­ға­м­дағы әрбір қызмет етіп отыр­ған ұжым Елбасымыздың халық­қа ар­наған Жолдауын қолдай­тыны­мыз­ды білдіре отырып, жаһан­дық деңгейдегі ЭКСПО-2017 көрме­сін­ің көңілдегідей өтуіне үлес қос­қаны­мыз ләзім», – деді Ш.Пулатов.

Айта кетейік, ұлттық бірегей­лік пен қоғамдық келісімді дамы­тудың және ҚХА-ның елімізде этносаралық диалог орнатудағы рөлі талқыланған жиында «Тұран-Астана» университетінің экономика және инновациялық бизнес кафедра­сының профессоры Орақ Әлиев те ұлттық бірегейлікті сақтау, Қазақ­­станның эволюциялық даму жолы туралы пікір білдіріп, әрбір отандасымыздың өз бірегейлігін түсінуі ел бірлігінің басты құралы екенін айтты.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»