21 Сәуір, 2017

Франция сайлау қарсаңында

603 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдегі ең ықпалды мем­ле­кет­тердің бірі, Еуропалық одақтың бел­ді мү­шесі Францияда алдағы 23 сәуірде пре­зиденттік сайлау өтеді. Елдегі бұл сая­си науқан өз мәресіне жақындаған сай­ын үміткерлер арасындағы бә­се­ке де қыза түсті. Әзірге, пре­зи­дент­тіктен үміткерлер – Марин Ле Пен мен Эммануэль Макронның өз­ге әріптестеріне қарағанда бәсі жо­ға­рырақ болып тұр.

Франция сайлау қарсаңында

Алдағы уақытта Францияның тіз­гі­нін кім ұстауы мүмкін? Бұл мәселе қа­зақ­стандықтарды да белгілі бір деңгейде қыз­ықтыратыны сөзсіз. Өйткені, Франция − Қазақстанның сенімді серіктесі. Екі ел ара­сындағы түрлі салалар бойынша ын­тымақтастық өз деңгейінде жолға қой­ылған. Әсіресе, екіжақты сауда-эко­но­ми­калық байланыстардың жөні бөлек. Нақ­тылай айтсақ, Франция Қазақстанның сауда әріптестері арасындағы алғашқы бес­тіктің ішінде. Міне, бұл жайт Францияны алдағы бес жылда кім басқаратыны біз үшін маңызды екенін көрсетеді.

Бастапқыда Францияда пре­зи­дент­тіктен үміткер ретінде 50-ге жу­ық тұлға тір­келген болатын. Бүгінде олардың ара­сы­нан аттөбеліндей аз ғана топ суырылып шығып, өзара бақталасып, саяси науқанды қыздырып отыр. Олар: «Ұлттық майдан» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен, бұрынғы экономика министрі Эммануэль Макрон, экс-премьер-министр, республикашыл Франсуа Фийон, Социалистік партия өкілі Бенуа Амон және «Бас имейтін Франция» қозғалысының басшысы Жан-Люк Меланшон.

Алғашқыда сарапшылардың басым бөлігі президенттік сайлаудың екін­ші турына Франсуа Фийон мен Ма­рин Ле Пен өтеді, нәтижесінде 70 пай­ыз­ға жу­ық көрсеткішпен Франсуа Фий­он же­ңіске жетеді деген болжам айт­қан. Бі­рақ, науқан барысында Фра­нсуа Фи­йонға қарағанда Эммануэль Мак­рон­ның салмағы арта түсіп, әлгі болжам өзінің маңызын жоғалтып алғандай.

Саяси науқан барысында жүргізілген әлеуметтік сұрау салу нәтижелері басты тартыс Эммануэль Макрон мен Марин Ле Пен арасында өтетінін меңзейтіндей. Өйт­кені, наурыз айының соңғы аптасы мен бүгінге дейінгі аралықтағы әлеуметтік сауалдамалар нәтижелері аталған екеудің көш бастап келе жатқанын көрсетіп тұр. Мәселен, биылғы 25 наурыздағы сауалдама бойынша бірінші орынға Эммануэль Макрон (26%), екінші орынға Марин Ле Пен (25%), үшінші орынға Франсуа Фийон (17%), төртінші орынға Жан-Люк Меланшон (14%), бесінші орынға Бенуа Амон (11,5%) жайғасқан болатын. Бұл жерде көңіл аударар жайт, дәл осы көрсеткіш бүгінге дейін бәлендей өзгере қойған жоқ – Эммануэль Макрон (24%), Марин Ле Пен (23%), Франсуа Фийон (19,5%), Жан-Люк Меланшон (18%) және Бенуа Амон (8%) бұған дейінгі орындарын сақтап тұр. Демек, бұл көрсеткіштер басты саяси сайыс кімдердің арасында өтетінін айғақтайтындай.

Соңғы күндері Франция мазасыз күндерді басынан кешіруде. Дәлірегі, президенттіктен үміткер тұлғаларға қарсы шерулер ұйымдастырылуда. Мұндай жа­ғымсыз көріністердің орын алуына пре­з­идентке кандидаттардың ашық әрі ба­тыл жеткізген кейбір мәлімдемелері се­­беп бол­ды. Әсіресе, «Ұлттық майдан» пар­тиясының жетекшісі Марин Ле Пен­нің сөздері талайларды әрі-сәрі күй­ге түсірді.

Тарата айтар болсақ, жақында Па­риж­де жұртшылық алдында сөз сөй­ле­ген Марин Ле Пен елдің шекарасын ше­гендеуге уәде берді. Ал Франция ше­ка­расының шегенделуі елді бүгінгі ба­ғытынан бас тартуға итермелейтіні сөз­сіз. Елге ағылған босқындар нөпірін азай­тып, еуроинтеграцияға қарсы сая­сат ұстанатын «Ұлттық майдан» партия­сы­ның жетекшісі билікке келсе, жергілікті тұр­ғындар мен босқындардың құқығы шек­телуі мүмкін, деп дабыл қағып жат­қан­д­ардың қатары қалың. Соңғы күндері Па­рижде орын алған шеруді тап осы топ­тағылар ұйымдастырды. Ереуіл ә дегенде бейбіт түрде басталған еді. Бі­рақ, жиылған жұртшылық тәртіп сақ­шы­­ларына пиротехникалық заттар мен от тұтанатын бөтелкелер лақтырған, со­ның салдарынан полицейлер лажсыздан көзден жас ағызатын газ қолданған.

Жалпы, Франция билігі Марин Ле Пеннің президенттік сайлауда жеңіске жетуін құптап отырған жоқ. Өйткені, оның сайлауалды бағдарламасы бүгінгі Францияның даму бағытына кереғар келеді. Марин Ле Пен Францияға Еуро­одақ­тан шығу қажеттігін, елдің өз валютасы болғаны жөн екенін айтуда. Сон­дай-ақ, ол Ресеймен оңтайлы қа­рым-қатынас ор­натуды жақтайды. Ал бұл пікірлердің Франция билігіне ұнай қой­масы анық.

Қазіргі таңда ұлтшылдар лидерінің рейтингі жоғары. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, олар соңғы 30 жылдан бері мұндай жетістікке маңайлай алмаған. Демек, бұл жағдай француз ұл­тына тікелей қатысты мәселелердің қор­да­ланып қалғанын, олардың оңтайлы ше­шілуін қалайтындар қатарының мол еке­нін білдіреді.

Сонымен, 23 сәуір күні Францияда пре­з­иденттік сайлау өтеді. Егер сол күні кан­дидаттардың ешқайсысы 50 пайыздан артық дауыс жинай алмаса, 7 мамырға сайлаудың екінші кезеңі жоспарланған.