Егер біздің қоғамда жебей білетін жандар жолықпаса, Нұртөренің жақсы журналист болмасына біз кепіл.
Қару да, күрек те емес қалам ұстаған мына тірлікте қатар самғаған – бақыт. Нұртөремен қатарласқан – тіпті, тамаша. Ал Нұртөре Жүсіп бұл жарысқа қалай баулынды? Оны кімдер самғатты?
Жетпісінші жылдары Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев білім берудің өзгеше жүйесін жасап еді. Сонда «Қазіргі қазақ тілі», «Ежелгі, орта ғасырлардағы һәм қазіргі әлем әдебиеті», «Әдебиет теориясы», «Психология» сынды журналистке қажет пәндер қатарына «Әлем экономикасын» қосқан. Леонид Горенман деген ғұлама сабақ берді. Сол тұста оны Израильге шақырып жатқанын ескерсек, шынында марғасқаның өзі болғаны. Сол Леонид Борисевичтің орыс тілінде өтетін күрделі пәніне кейбіреулер немқұрайды қараса, Нұртөре тура түбін түсіре оқыды. Яғни, болашақта экономика тақырыбына еркін самғатар зымыранның алғашқы сатысына жанармай құйылды. Жалпы, декан ретінде Қожекеевтің көрегендігін қараңыз: мына студенттер мығым маманға айналған тұста Қазақстан әлемдік экономикаға дербес ел ретінде қосылды. Топырағың торқа болғыр, Темеке!
Қожакеев армансыз ширатқан жас маман туған аймағы оңтүстікке қарайламай қазақ даласының солтүстік-шығысына бет алды. Павлодар – онда өте өндірісті облыс. «Богатырь» деген алып көмір жармасы жаңа іске қосылған. Кезек «Северный» деген кезекті жармаға келген. Одақ энергетикасында үлкен орны бар Екібастұз ГРЭС-інде Кеңес Одағы бойынша теңдессіз қуат кешендері бой көтеруде. Ермакта (кейін Ақсу аталған қала) ферроқорытпа зауыты салынуда. Майқайыңда алтын алынады. Павлодарда трактор шығарылады. Кейін талайдың шашын ағартатын химия зауытының онда жаманаты шықпаған. Міне, осы Павлодар-Екібастұз аймағына журналист болып аттану – «Нұртөре» атты ғарыш кемесін орбитаға шығарған алып зымыранның екінші қозғағыш сатысы болды.
Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің (ол кейін «Сарыарқа самалы» атанса керек) өз дәстүрі қалыптасқан. Талай «мен атайын, сен тұр» дейтін сөз мергендері шыққан шаңырақ. Басқасын айтпағанда Әзілхан Нұршайықовтың ізі сайрап жатқан жер. Сол газетте Нұртөре жедел жазғыш, терең қазғыш тілшіге айналды. Бірде ыстық отты көрікке, бірде қатты балға мен төске түсіп шыңдалған шағында Шерхан Мұртаза «Егеменді Қазақстанға» алды. Ол тұста аймақта танылған журналисті астанаға алдырту үрдісі бар. Өте қажет іс еді. Басын Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов бастаған. Шерағаң сол жақсы мектепті дамытты. Шығыстан – Ермұрат Бапи, Орталықтан – Мағауия Сембай, Солтүстіктен – Нұртөре Жүсіп келгенде бұл газет қалай құлпырды дейсің. Міне, сол кезден бері Нұртөремен жарысып келеміз. Рахат!
Журналист үшін самғаудың үшінші, соңғы сатысы бар. Нұртөре жайшылықта көпке жария ете қомайтын құпия еді. Сондықтан үшінші сатыны да сипаттай кетейік. Нұртөре – өзін оқитын аз ғана қаламгердің бірі. Иә, алдымен ақ қағазға жаңа түскен мақаласын қайта оқиды. Бөлім меңгерушісінің көзімен. Үтір мен нүкте орнына келіп, артық-ауыс сөздер түзеледі. Адамдардың аты-жөні тексеріледі. Қысқартылады. Болды ма? Жоқ! Сәл суып барып, тағы оқиды. Енді Шерхан Мұртазаның көзімен. Бас редактор болып. Бұл жолы мақала мәтіні тақырыппен қиыса ма, басы сәтті басталып, аяғы қисынды біте ме, бәрі айтылды ма, әйтпесе артық кеткен жері жоқ па, осының бәрін қамтып оқиды. Сосын тағы қысқартады. Міне, өз мақаласын өзі үш рет түзеп, үш рет күзеп барып Нұртөре оны бастыққа ұсынатын. Бұл үшін үш күн емес, үш сағат та жетеді. Жедел. Бірақ жауапты. Сосын мақала газетке шығады. Енді Нұртөре өз мақаласын ...тағы оқиды. «Мына жерін одан да ширатып жазу керек еді», деп түйеді. Келесі жолы солай ширата жазады. Одан тағы ширатылады. Ақыры небір асаудың өзінің мойнына түскенде тырп еткізбес қыл арқан есетін шеберге айналып шықты.
«Бір ауыз сөз» жанр ретінде «Егемен Қазақстанда» Шерағаң, Нұртөре, Темірхан, Әмірхан арқылы қалыптасты. Сосын Нұртөре мен Әмірхан ол жанрды «Жас Алашта» жалғастырды. Қазір бұл жанр Нұртөренің қанжығасында бөктеріліп, «Айқынның» беттеріне шығады.
Осылай қапысыз жазылған мақалалардың мәні жылдар өткен сайын жарқырай беретіні ғажап. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Жаңаарқадағы «Жеңіс» шаруашылығына барған журналист жергілікті мамандар мен малшылар арасында апталап жүрді. Жекешеленген жағдайда көп малға жемшөп пен су, малшыларға көшіп жүрер көлік пен баспана қиынға соғарын сол кезде қапысыз байқапты. Арқадағы кең жерде жаппай жекеше кеткеннен гөрі ферма-ферма болып бөлінгеннің қолайлы екенін қапысыз тап басты. Арада он-он бес жылдан соң, титықтаған ауыл шаруашылық саласы Нұртөре мегзеген жолдың дұрыстығына көз жеткізді.
Көп нәрсе көңілде сайрап тұрады. Кейде бір жәйт бұрынғы бір жәйтті түртіп кетеді. Әлгі, «ақынды ақын оятпаса болмайды, ақынды ақын таяқтаса сол қайғы» деп классиктеріміз тегін жазбаса керек. «Хабарда» жүргенде Амангелді Сейітхан мен Дана Нұржігітті бір жұп етіп тікелей эфирде жұмыс істеттік. «Жалықтырмайтын жаңалықтар» атты интерактивті бағдарлама. Көрермендер телефон шалып, пікір қосып жатады. Сонда біреу «мен меломан едім» деп телефон шалды. Кезінде айтысқа қатысқан, әділ бағаламаған жюридегі үлкен ағалардың өзін әжептәуір қорқытқан Амангелді сонда қиыстыра қойып «ел аман болса, меломан болғанға не жетсін» деді. Мақалға бергісіз сол сөзді естіп отырғанда он жыл бұрынғы Нұртөренің әлгі «Жеңіс» ауылынан жазған мақаласы санамызға сап ете қалсын. «Мал аман болса – ел аман» еді оның тақырыбы. Енді міне «ел аман болса – меломан». Қалай-қалай дамисың, қазақ журналистикасы! Тек оқитын көз, тыңдайтын құлақпен бірге саралайтын зерде болса, шіркін.
Жалпы, Нұртөре Жүсіптің тақырыптары мақалға сұранып тұрады. Бірде «Жақсылық Жарлықпен келмейді» деп жазды. Мақал ма? Осы заманда туған мақал! «Өніміңді өткізу де – бір өнер». «Достастық қажет, Тәуелсіздік қымбат». Мұның бәрі – қатар жарысқан жылдары көз алдымызда қалған Нұртөренің тақырыптары.
Кейде бұрыннан бар тұрақты тіркестен жаңа мағына тудырып кетер еді. Ұмытпасақ бірде «Күлтөбенің түбінде күнде күзет» деп жазды. Риза болдық. Қадыр ағамыздың «ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей» дей салған Жұмекенге риза болғанындай бұл. Енді кезекті тақырып: «Капитализмнің құлағы керең». Қазақтың әлгі: «Мылқаудың астына түспе, кереңнің қолына түспе», дегені қалай ойнап шыға келді?!
Егер тоқсаныншы жылдар естеліктерін асықпай парақтасақ, Нұртөре достың небір мақалалары мен тақырыптары андағайлап алдан шығар еді. Осымен тоқтайық десек, ...тағы бір мақаланы, оның тақырыбын аттап кету обал. «Сауатсыз әкім сорға бітеді». Осы заманның және бір мақалы ғой. Онда Нұртөре Шығыс Қазақстан облысындағы аудан мен ауыл әкімдері шешімдерінде заңға қайшы тұстар өріп жүргенін ерінбей теріп алып еді. Бір әкім жеке кәсіпкерлердің жұмыс күнін ұзартып тастайды. Енді бірі шаруа қожалығының басшысын өз бұйрығымен босатады. Екеуінің де әрекеті – заңға томпақ. «Кейде әкімдердің көбісі Президент Назарбаевтың жүргізіп отырған реформасын, оның мәні мен мәнісін жете түсінбейді-ау деп ойлаймын». Осыны Нұртөре бұдан он бес жыл бұрын жазып кеткен еді. Ал біз жаңа ғана оқығандаймыз. Кейбір әкімдер әлі де оқымаған сияқты. Осы: «Сауатсыз әкім сорға бітеді», деген тіркес қазақтың тармақты мақалының бірінші жолындай болып көрінді. Сосын бір екінші тармағын тауып, оны мақаламызға тақырып еттік. Қатар самғайтынымызға бір белгі болсын!
Егер біздің қоғамда өзекті өртер жағдайлар көлденең кезікпесе, Нұртөренің жақсы журналист болмасына біз кепіл.
«Өзін қайта-қайта кепілдікке қоятын бұл кім?» деген сұрақ туар. Оған жауап бере кетейік. Нұртөре Жүсіптің әлгі Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінен «Егеменді Қазақстан» газетінің бұрынғы өнеркәсіп, кейінгі экономика бөліміне ауысар тұсы еді. Бізді аяқ астынан Шерағаң шақырды. Шұғыл тапсырма берді. Жарты сағатта жазып тастайтын нәрсе. Шыға бергенімізде Шерағаң: «тоқта!» деп саңқ етті. «Мына журналисті танисың ба?» Кабинетте екеуміз ғана. Елесті емес, алдындағы қағазды нұсқап тұр екен. Оқыдық. Нұртөренің «Егеменді Қазақстанға» жұмысқа алу туралы өтініші. Бірден: «Егер Нұртөре жақсы журналист болмаса, онда біз журналистикадан кетеміз», деппіз. Шерағаң: «Тура осылай жаз», деп әлгі өтініш жазылған парақты алдымызға тастасын. Тура солай жаздық.
Жалғанда ең қиыны кепіл болған еді, Шерағаңның құзырымен өз ғұмырымызда жалғыз рет кепілге айналдық. «Нұртөре жақсы журналист», деп. Досымыздың «Егемен Қазақстандағы», «Жас Алаштағы», «Ақжол Қазақстандағы», «Астана хабарындағы», енді бүгін «Айқындағы» қызметтері – біздің кепілдігімізді мерейге айналдырды! Ал бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығын, Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығын, «Алтын адам» сыйлығын сыпырып алғанында, Қазақстан Гуманитарлық академиясы мен Журналистер академиясына мүше болғанында – кепіл болған не, Нұртөренің зекетіне кетуге әзір едік!
Қайнар ОЛЖАЙ, журналист.