27 сәуірде Эр-Риядта Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Низар Маданимен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың 2011 жылғы 28-30 маусымда Астанада өтетін Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына қатысу үшін Сауд Арабиясы сыртқы саясат ведомствосының басшысы әмір Сауд әл-Фейсалға жолдаған ресми шақыруы табыс етілді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Қ.Омаров жиын барысында Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық лауазымын ресми түрде қабылдайтын Қазақстанның аталмыш шараға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Саудия тарапына басты халықаралық мұсылман ұйымына Қазақстанның төрағалығы кезеңіндегі қызметінің басым бағыттары таныстырылды. Сонымен қатар, Арнайы өкіл Саудия дипломатымен ИКҰ сыртқы істер министрлерінің Астанадағы кездесуі қарсаңында өте маңызды болып саналатын тақырып – араб әлеміндегі соңғы оқиғалар аясындағы халықаралық және өңірлік саясатқа қатысты өзекті мәселелер жөнінде консультациялар өткізді.
Өз кезегінде Мемлекеттік министр қазақстандық дипломатқа шақыру үшін алғыс айтып, алдағы Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына Корольдіктен жоғары деңгейде делегация қатысатындығына және аталмыш ұйымның төрағасы лауазымындағы Қазақстанның барлық бастамаларына қолдау білдіретіндігіне, сонымен қатар, Астана форумын өткізу үшін ұйымдастыру және техникалық көмек көрсететіндігіне сендірді. Низар Мадани Қазақстанның халықаралық беделінің, оның білгір де сауатты сыртқы саясатының, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты ірі халықаралық құрылымдарды басқарудағы бай тәжірибесінің арқасында аталмыш іс-шара табысты және жемісті өтетініне сенім білдірді.