Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Түркі әлемі: тарих және қазіргі заман» атты халықаралық түркітану симпозиумы өтті.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай өткізіліп отырған іс-шараны Білім және ғылым, Мәдениет министрліктері, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Президенттік мәдениет орталығы, Түркі академиясы, Түркия Республикасы үкіметі жанындағы әріптестік және даму жөніндегі Түркия басқармасы ұйымдастырып отыр.
Бұл симпозиумды өткізуге – дайындық Еуразия университетінде 2010 жылдың қыркүйек айынан басталған болатын. Соған орай, университетте түркология кафедрасының ашылғанын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар, осы сала бойынша бакалавр, магистр және докторанттар даярлау ісіне де мән беріліп отыр еді. Ол халықаралық түркологиялық байланыстар мен құқықтық және ғылыми негізде білім берудегі әріптестікті дамытуды көздейді.
Екі күнге жоспарланған конференцияның ашылу салтанатында университет ректоры Б.Әбдірайым құттықтау сөз сөйледі. Ол: «Түркология сала ретінде таныла бастағаннан бері, ғылымға көптеген жаңалықтар енгізуде. Елбасының бастамасымен Қазақстанда Түркі академиясы құрылды. Соның нәтижесінде түркітанудың өрісі кеңейе түсті. Біздің университетте түркология кафедрасы құрылды. Бұл сала әлем болып, түркі мемлекеттері болып ақылдасатын ғылым. Бүгінгі жиынның да халықаралық тарихи маңызы бар шара екені даусыз», – дей келе, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Кең көлемдегі симпозиумды өткізудің мақсаты – түркологияның даму өрісі мен өзекті мәселелерін талқылау, бірыңғай ақпараттық және мәдени кеңістік пен түркі әлемінің қауымдастығын құру. Яғни, олар ТҮРКСОЙ, ТүркПА (Парламенттік Ассамблея) сынды өзге де ірі институттармен теңесе отырып, ауқымды әлеуметтік катаклизм мен оқиғалар орын алған жағдайда түркі әлемі елдерін интеграциялауға себеп болмақ.
Түркітану симпозиумының алғашқы күніндегі пленарлық мәжілістің соңы Президенттік мәдениет орталығында өткен концертке ұласты.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.