29 Сәуір, 2011

Қылмыспен күрес талқыланды

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің екінші кеңесі болып өтті. Оған Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің мүшесі – Қоғамдық қауіпсіздік министрі Мэн Цзяньчжу және Ресей Федерациясының, Қырғыз, Тәжікстан, Өзбекстан республикаларының ішкі істер министрлері қатысты. Кеңесте сөз алған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталған шараның ШЫҰ-ның құ­рыл­ға­ны­на 10 жыл толу қар­са­ңында өтіп отыр және бұл біздің көп қырлы ынтымақтастығы­мыз­дың одан әрі дами түскендігін білдіреді деді. 2009 жылы Ресей­дің ұсы­нысы бойынша Екатеринбургте өткізілген бірінші кеңесте қыл­мыс­пен бірлесе күресу және өзара тәжірибе алмасудың жалпы бағыттары талқыланған еді. Бұл жолғы кездесуде аталған бағыт­тағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетін маңызды мәсе­ле­лер қаралмақ. Соның ішінде Қа­зақстан тарапы ұйымдасқан қыл­мыс­пен күрес, есірткінің заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және т.б. мәселелерді ор­таға салаты­нын министр айтып өтті. Бұдан кейін сөз сөйлеген ШЫҰ-ның Бас хатшысы Мұрат­бек Иманәлиев ұйымның құрыл­ға­нына 10 жыл толу қарсаңында оның екінші кеңесінің Астана қа­ласында өтіп отырғаны үлкен маңыздылықты білдіреді деді. Бүгінгі таңда ұйымдасқан қыл­мыс­пен және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес біртіндеп жанданып келеді. Бірақ, со­нымен қатар, олармен бірге жаңа қатерлердің де бас көтере бас­та­ғаны белгілі. Олармен күрес ба­рысында ШЫҰ мемлекеттерінің алдына үлкен міндет жүктеледі. Бұл орайда Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымына мүше мемле­кет­тердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кеңесі үлкен маңыз атқарады. Өзара түсністік пен сындарлы жайда өткен кеңес қорытын­ды­сында қылмысқа қарсы күресте алты елдің ішкі істер орган­дары­ның ынтымақтастығын дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар­ды қамтитын хаттамаға қол қойыл­ды. Александр ТАСБОЛАТОВ.