29 Сәуір, 2011

Ел тынысы театр сахнасында

619 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада өткен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған республикалық ұлттық театрлар фестивалі өз мәресіне жетті «Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХVІІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, елімізде бейбітшілік пен келісімнің тұрақты орнағандығын осы фестиваль дәлелдей түскендей. Үш күнге созылған фестивальге қаты­су­шы ұжымдар жоғары дең­гей­дегі өнердің биік шыңын көр­сете білді. Мәселен, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры «Ке­несары – Күнімжан» қойы­лы­мы арқылы көрерменге махаббат атмосферасын көркем жеткізе білсе, неміс және өзбек театрлары өздерінің көштен қалмай, өнерлерін одан әрі шың­дайтындықтарын дәлел­дей түскені анық. Олай болса, өнер байқауының барлық қатысушыларына жаңа шығар­ма­шылық шабыт тілейміз», – деді Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев фестивальдың жабылу салтанатында. Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­ның ХVІ сессиясында Мемлекет басшысының берген тапсырмасына орай ҚХА-ның қолдауымен, Мәдениет ми­нистр­лігінің ұйытқы болуымен өткен өнер сайысында еліміздегі көшбасшы мәдениет ошақ­тары Қазақстан ұлттар театры, Қалибек Қуанышбаев атында­ғы Қазақ музыкалық драма театры, Максим Горький атын­дағы мемлекеттік орыс драма театры, Қ.Қожамияров атында­ғы республикалық ұйғыр му­зы­калық комедия театры, рес­публикалық корей музыкалық комедия театры, сондай-ақ неміс және Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театр­лары қазылар алқасының наза­рына отандық драматургтердің үздік туындыларын ұсынды. Алдағы уақытта жүйелі өт­кізіліп тұратын болады деп жос­парланып отырған фес­ти­валь­дің басты мақсаты – елі­міздің әртүрлі мәдениеті мен тілін сақтап қалу, мәдениетті өзара байыту, этнос­ара­лық төзімдікті нығайту, Қазақстан халқының мә­дениетаралық келісімін одан әрі дамыту болып та­былатынын да айта кеткен жөн. Үш күнге жалғасқан байқау нәтижесінде «Үздік спектакль» жүлдесімен И.Зайыровтың «Қа­рыз» пьесасын сахналаған Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театры, «Үздік режиссерлік шешім» жүлдесімен С.Мроектің «Свобода» туын­ды­сын сахналаған республикалық неміс драма театрының режиссері Ирина Симонова марапатталса, Д.Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» пьесасын сахналаған Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры мен Ә.Ораз­бековтың «Бір түп алма ағашы» қойылымын көрсеткен М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театры «Ең үздік ұлттық авторларының дра­матургиясы» үшін жүлде­сін алса, Д.Исабековтың «Ба­қыт құсы» қойылымы үшін «Ең үздік театр дебюті» жүл­десін Қазақстан ұлттар театры, Тхай Дян Чунның «Хын Бу мен Ноль Бу» қойылымы үшін «Көрермендер көзайымы» жүл­­­десін мемлекеттік рес­пуб­ли­калық корей музыкалық комедия театры жеңіп алды. Ал «Ең үздік әйел адам бейнесі» жүл­десін ОҚО өзбек драма теа­трының әртісі Дилфуза Ибрагимжанова, «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін Қ.Қуа­ныш­баев атындағы Қазақ музы­калық драма театрының әртісі Сырым Қашқабаев алды. Фестивальдің қорытынды кезеңінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орын­басары Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, К.Байсейітова атын­дағы ұлттық опера және балет театрының ұжымы сахна төрінде өнер көрсетті. Жұлдыз БАЙДІЛДА.