Қазақстан • 22 Сәуір, 2017

​Жас ақындар болашақты қалай жырлады?

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы «Қазмедиа» орталығының киноконцерттік залында «Жастар болашақты жырлайды» деген тақырыппен жас ақындардың айтысы өтті. Айтысты «Болашақ» қауымдастығы Астана қаласы әкімдігінің Жастар ісі бойынша басқармасының тапсырысымен ұйымдастырды.

​Жас ақындар болашақты қалай жырлады?

Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтыс екі кезең бойынша өткен. Бірінші кезеңде байқау комиссиясы еліміздің 14 облысынан келген 30 жас ақынның өнерін бағалаған. Ал, «Қазмедиа» орталығы залының сахнасында өткен ақтық сайысқа 10 ақын қатысты. 

Тақырып болашаққа қатысты болғанымен жастар көкейінде жүрген ой-пікірлерін, яғни, қоғамдағы әлеуметтік, саяси, рухани проблемаларды әрқайсысы өзінше өрнектеп бақты. Сүрінген ұйқастар, қисынсыз тіркестер мен жайдақ қалжыңдар да болмай қалған жоқ. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, бір парасы былай боп келеді: «Мен қалай бұл балаға байланамын, Айбар-ау, тамаша екен сайрағаның» немесе «Тірілер көрінеді биік болып, үстінде жүргеннен соң өлгендердің», «Қабырғаңа қара қанды илеп жүрсің», т.б. Әрине тауып айтылған, тапқырлықпен, ұтқырлықпен жеткізіліп, тыңдаушының көңілінен шыққан ұйқастар да баршылық. Оның бәрін тізіп отыру міндет емес. Біреуін айтсақ та жеткілікті шығар. Мысалы, семейлік Манарбек Сатыбалдин есімді ақын жуырда ғана шекарада болған жайға қатысты өз пікірін шиіріп-шиіріп әкеп, «Кеденде кемпір тонап жүргендердің, Өлгенде өкіргені кімге дәрі?» түйіндеді. Сондай-ақ, Арқалық қаласы атынан қатысқан Тоба Өтепбаев та «жұрттың көбі күлкіден жынды болған» қоғамдағы рухани, әлеуметтік мәселелерді ащы тілмен түйреп-түйреп, қотырға айнала бастаған жаралардың бетін тырнағанын, ойлы өлеңнің өресінен көрінгенін айту абзал.

Сайыстың ақтық сынына айтылған он ақынның алтауы шықты. Соның төртеуіне бәйгенің жүлдесі бұйырды. Атап айтқанда ынталандыру сыйлығымен, сондай-ақ, 50 мың теңге сыйақымен Ақмола облысы, Ерейментау ауданы атынан қатысқан Ерлан Дәулетұлы марапатталды. Үшінші орын мен 150 мың теңгенің сертификаты Қостанайлық Нүрия Ақбабақызына берілді. Екінші орын әрі 200 мыңның сертификаты қызылордалық Мұхамеджан Мансұровты тапты. Ал, айтыстың бірінші орны һәм 300 мың теңгелік сыйақы семейлік Нұржан Өмірбаевтың қанжығасына байланды. Жалпы, айтысқа қатысқан жас ақындардың ешқайсысы да елеусіз қалған жоқ. Барлығына Астана қаласы әкімдігінің алғыс хаты мен ақшалай сыйлықтары тапсырылды.

Айта кетейік, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ қазылар алқасына төрағалық етті. Журналистер Қанат Әуесбай мен Серік Сейітман, «Болашақ» қауымдастығы атынан Бақытжан Әбдірайымжанұлы қазылар алқасының құрамында айтыскерлерді бағалады. Ал, айтысты ақын, «Дарын» сыйлығының иегері Қалқаман Сарин жүргізді.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024