Қазақстан • 22 Сәуір, 2017

​Қостанайда «Табиғат және көшпелілер мәдениеті» сурет көрмесі ашылды

485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көрмеге ілінген суреттердің барлығы да жергілікті фотографтардың жеке мұрағатынан алынған. Оны авторлар «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнады.

​Қостанайда «Табиғат және көшпелілер мәдениеті» сурет көрмесі ашылды

Көрмеге қостанайлық 14 фотограф қатысты. Әр жылдары түсірілген суреттерден көрермендер ұлттық ойындарды, салт-дәстүрлерді, табиғаттың әсем көріністерін, халқымыз өнерін, ауыл өмірін тамашалады.  

«Көрме тақырыбы алуан түрлі. Өз фоторепортаждарында біздің фотографтар көшпелілер ұрпағының өмірін бейнелейді. Қазір фотоаппаратпен түсірген суреттер өте көп екенін білеміз. Алайда, кәнігі фотографтардың қолтаңбасы тіпті, өзгеше екенін мойындаймыз. Олар суретке өзінің жан жылуын салады, сурет кәдімгідей тірі өмір секілді әсер береді. Ал мұндай сурет түсіруге білім мен талант, ерінбейтін еңбек керек», - деді көркемсурет галереясының меңгерушісі Сая Қалиева.

Көрменің ашылуына суретшілер, журналистер, ақындар мен ғалымдар қатысты. Онда сөйлегендер өздеріне ұнаған суреттер жөнінде пікірін ірке алмады. «Маған 3 сурет ерекше әсер қалдырды. Сергей Мироновтың «Қонақжайлылық» және «Арман», Олег Яблочкиннің «Ақшам алдындағы сәйгүліктер» атты суреттер өте сәтті, шынайы шыққан. Ауылдағы самаурын қойып жатқан қазақ әйелдері, жылқы малының сұлулығын табиғатпен қалай астастырғаны, сонымен қатар ауылдағы ескі үй алдында ойыншық мәшинемен ойнап отырған ұлдың суреті көрерменді өзіне бірден тартады», - деді белгілі қылқалам шебері Олег Кусков.

Көрмеге барлығы 29 сурет қойылды. Көрерменге рухани сыйлық жасаған көрме авторларының атын атап өткенді жөн көрдік. Олардың барлығы да журналистердің әріптестері: Георгий Шаповалов, Игорь Вальтер, Ермұрат Бекмұхамедов, Олег Яблочкин, Сергей Миронов, Владимир Моторико, Николай Кудинов, Айбек Жүзбай, Бағдат Ахметбеков, Сергей Фельдман, Мухтар Сибанбаев, Иван Мармалиди, Николай Савченко, Николай Соловьев.

Нәзира Жәрімбетова

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар