«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне пойызда тегін жүруге жағдай жасауға шешім қабылдады.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Ұлы Жеңістің 66 жылдығына орай 2011 жылғы мамырдың 1-30 аралығында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне жолаушылар пойыздарында тегін жүруге мүмкіндік әперу акциясын ұйымдастырып отыр.
Соғыс ардагерлері мен мүгедектері бір ай бойы Қазақстан Республикасы мен ТМД елдері аумағында тегін жүре алады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне шыққан сапарларында олар бару-қайту билеттерін бірге ресімдеуі тиіс.
Мерекелік акция аясында ардагерлер бару-қайту нүктелеріне дейін пойыздардың барлық категориялары мен бағдарларында, сонымен қатар қалааралық пойыздарда да купелік вагондарымен жүреді. Атап өту керек, бұл акция «Тальго» пойызымен жүруге ықпал етпейді.
Ардагерлер тегін билетті темір жол кассаларынан ала алады. Өздерімен бірге жеке куәліктері, Ұлы Отан соғысы ардагері немесе мүгедегі туралы куәлігінің түпнұсқасы мен көшірмесі болуы тиіс.
Акция өткізу тұрғысындағы барлық ақпараттарды «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың темір жол кассалары мен тәулік бойы жұмыс істейтін 105-ші анықтама телефондарынан алуға болады.
Ескендір ЕРТАЙ.
Астана.