27 сәуірде Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (Түрк ПА) Астанада өтіп жатқан ІІ жалпы отырысы аясында Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Али Шахин бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Қ.Мәми Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтудағы осы сапардың маңызын атап өтіп, тарихи тамыры ортақ екі мемлекеттің арасындағы стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанына қанағаттанғандық білдірді.
Қ.Мәми түркі әлеміндегі экономикалық, саяси және рухани ықпалдастықты тереңдетудегі Қазақстан мен Түркияның маңызды рөлін атап көрсетті. Биылғы қазан айында Қазақстанда Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) алғашқы саммитін өткізу жоспарлануда.
– «Біздің еліміз бұл оқиғаға ерекше мән беріп отыр», – деді Қ.Мәми.
Сенат Төрағасы Түрк ПА қызметіне жан-жақты қолдау білдіретінін және Қазақстан бауырлас халықтар арасындағы байланыстарды нығайту жөніндегі уағдаластықтарды жүзеге асыруда бірлескен жұмыстарды жүргізуге әзір екенін айтты. Ол сондай-ақ ТҮРКСОЙ аясындағы мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асырудың келешегі зор екенін атап өтті.
Биылғы 28-30 маусымда Астанада Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы болады. Төраға айтқандай, Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету барысында халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту, мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуды дамыту жұмыстарын жалғастырады.
Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қол жеткізген табыстарды жоғары бағалай келіп, біздің еліміздің Орталық Азия аймағындағы жетекші рөлін атап өтті. М.Шахиннің айтуынша, мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлау қорытындысы Елбасының саясаты Қазақстан халқының басым қолдауына ие екендігін тағы бір көрсетті.
Қ.Мәми, сондай-ақ Әзірбайжан Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Асадовпен де кездесті.