Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Балалар – бейбітшілік елшісі

476 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғат төсіндегі сылдырлап аққан ақтұма балбұлақтардың мөлдірей ағып, өзенге, өзен кең айдын теңізге құйылып, теңіз мұхитқа ұласатыны секілді, білім мен мәдениеттің асыл қайнарларынан терең сусындап өсетін бүгінгі бал бүлдіршіндер де ертең есейіп, ел болашағының бір-бір нық уығы болып шаншылатыны айдай ақиқат.

Балалар – бейбітшілік елшісі

Орталық музей таяу уақытта ғана Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары фе­де­­рациясымен бірлесіп, ЮНЕСКО-ның 70 жылдығы мен Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлт­тық комиссиясының 25 жылдығына орай «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» атты халықаралық балалар шығармашылығы фес­ти­валі жеңімпаздарының көрмесін ұйым­дас­тырды.

Көрменің табысты өтуі үшін музей ди­рек­торының мәдени-білім жұмысы және сыртқы байланыстар жөніндегі орынба­сары Бейбітқали Қақабаев зор еңбек сі­ңір­ді. Аталған бірлескен іс-шараға Қазақ­стан­дық федерациялар клубының се­нім­ді серіктестері – Алматыдағы ЮНЕСКО клас­терлік бюросының директоры Андрей Сергеевич Шевелев пен Қазақстан Рес­пуб­ликасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО іс­тері жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Ақмарал Оразиманның қатысқанын да атап өткіміз келеді. Көрме ашылған алғашқы күні жәдігерлермен танысуға келген алғаш­қы қадірменді қонақтар балаларға шы­ғар­машылық шыңдалу мен жетістіктер тілеп, еліміздің жарқын болашағына деген ізгі үміттерін білдіргенінің өзі мәртебе саналып отыр. Жыл сайын балалар байқауын ұйымдастырушы Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО­ клубтары федерациясының вице-пре­зиденті Серікхан Аязбаевтың да есімін осы арада ерекше атап өткенді жөн санадық. Бұл бірлестік балалар шығармашылығын дамы­ту жолында ұдайы түрлі де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Қазақстан 2008 жылдан бастап «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» жобасына қатысушы мемлекет саналатынын айта кеткен жөн. Фестиваль өткен жылдарда Азия-Тынық мұхиты аймағының 24 елінен қатысқан 700 мыңға жуық бала өз өмірлерінің ең бақытты 5 күні туралы қызықты эсселерін байқауға ұсын­ған. Бұл эсселерде бақытты балалық шақ­ты аңсаған балдырғандардың арман-үміті ерек­ше көрініс тапқанын еске салғанымыз абзал.

Көрменің ашылу салтанатында Халық­ара­лық жобаның Алматыдағы үш же­ңім­пазына ұйымдастырушылардан есте­лік сыйлықтар тап­сырылды. ЮНЕСКО Клубының жаңа мү­ше­­леріне ресми түрде мүшелік төлқұжаттар мен төсбелгілер берілді. Байқаудың бас жүл­де­сін иеленген 11 жасар Қабдырғали Бер­ден­ге арнайы медаль мен диплом табысталса, 10 жасар Әмина Әзиева «Mitsubishi» кор­по­­ра­ция­сының арнайы жүлдесіне ие болды. Бұ­дан бөлек, 12 жасар Дмитрий Лоташ Азия-Ты­нық мұхиты аймағының ЮНЕСКО Клуб­та­ры және Ассоциациясының арнайы жүлдесімен марапатталды.

Алматыдағы бұл көрмені қысқа мерзім ішінде 2000-ге жуық көрермен тама­ша­ла­ған екен. Өмірдің ізгі қуаныштарын, бей­біт­ші­лікті, жасампаздықты, жаңғыруды бейнеле­ген балалар шығармашылығы туындылары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.


Гүлайым ҚЫДЫРАЛИЕВА,

ҚР МОМ кіші ғылыми қызметкері

АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар