Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Үздік маман атану үлкен жауапкершілік жүктейді

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

17-20 сәуір аралығында Қазақстандағы газ құбырлары саласының кіл мықтылары Шымкент қаласында бас қосып, кәсіби шеберліктерін көрсетті. Республикалық «Үздік маман-2017» байқауында «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының облыстардағы филиалдарынан іріктелген 100-ден астам қызметкер бақтарын сынады.

Үздік маман атану үлкен жауапкершілік жүктейді

– Жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Үздік маман» конкурсы былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­­ғына арналған болатын. Ал, биыл Қазақстанды газ­­бен жабдықтайтын ең ірі «ҚазТрансГаз» акционерлік қоға­мының еншілес компаниясы «Интергаз Орталық Азияның» 20 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылды. Осы 20 жылдың ішінде еліміздегі магистральды газ құбырлары жүйелерінің ұзындығы 18 мың шақырымға жетті. Жаңа газ құбырларының құрылыстары жүр­гізіліп, газ тасымалдау жүйе­лерінің өзге де нысан­дары салынды. Әлеуметтік инфра­құрылым дамыды. Ком­пания қалыптасу және даму кезеңдерінен өтті. 20 жылда «Интергаз Орталық Азия» тасымалдаған газдың жалпы кө­лемі 2 трлн текше метрден асады. Осы жетістіктер – білікті ма­мандардан құралған үлкен ұжымның еңбегінің нәтижесі. Бұл байқауға өз кәсібін жақсы меңгергендер жиналған. Осын­да келген әрқайсыларыңыз ком­панияның мақтанышысыздар, ұжымның табысты дамуының негізі де сіздерсіздер. Сіздер өз шеберліктеріңізді танытуға, үз­діктердің үздігі атануға лайық­­сыздар. Мұндай атақты елі­міз­дің ең ірі газ тасымалдау ком­паниясынан алу үлкен мәр­тебе әрі зор жауапкершілік, – деді жарыстың ашылу салта­натында «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Мұқатай Шаңбатыров.

Шаңбатыров мырзаның айтуынша, елімізде ірі газ құбырлары салынып жатыр. Батыстан оңтүстікке бағытталған Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры іске қосылды. Халықаралық транзит шеңберінде 4 мың шақырымнан астам магистральды газ құбыры, өте жоғары қысымды 13 компрессор салынды. Соңғы технологиямен Англия, Францияда жасалған қондырғыларды игеру үшін көп оқып ізденумен қатар өндірістік тәжірибе де жинау керек. Оның бойына көптеген жоғары технологиялық агрегаттар орнатылған. Соларды игеру үшін мамандарымыз сол дәрежеде болуы керек. Мұндайда жоғары технологияларды қол­дана отырып мамандардың кә­сіби шеберліктерін шыңдайтын «Үздік маман» байқауының бе­рері мол. Еңбек және өндіріс қауіпсіздігі ережелерін сақтауды насихаттайтын жарыс 2002 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл байқауға бүгінге дейін 3 мыңдай маман қатысып, бақтарын сы­наған. Қаншамасы үздіктер атанды десеңізші...

Екі кезеңнен тұратын жарыс­та негізгі төрт бағыттағы – газ сығымдау стансалары, магис­тральды газ құбырлары, газ та­рату құбырлары және жер асты газ сақтау қоймаларының қыз­меткерлері 15 аталым бойынша кәсиби біліктіліктерін ортаға салды.

Байқауға қатысуға ниет біл­дірушілер өз бетінше теория­лық білімдерін жетілдіруі тиіс екен. Өйткені, олар тапсыратын теориялық тест екі блоктан тұрды. Алғашқысында жалпыға ортақ еңбек және өндіріс қауіп­сіздігі ережелерін сақтау сұралса, екіншісінде өздерінің мамандықтары бойынша теориялық білімдері сыналды.

Екінші кезеңде қатысушылар еңбек қауіпсіздіктерін біле­тіндерін практикалық тұрғыда дәлелдеуге ұмтылды. Мұнда газдан улану, токқа түсіп қалу, есін жоғалту, жоғарыдан құлау, жарақат алу жағдайларында алғашқы медициналық көмек көрсету секілді тапсырмаларды орындау міндеттелді.

Үшінші кезеңде жұмыс­шыларды өз мамандығы бойынша өндірістік сынақтар күтіп тұрды. Олар қазылар алқасының ұйғарымына қарай кешенді жұмыстарды жүзеге асырумен айналысты.

Қазылар алқасы аталған үш кезеңнің нәтижелерін үш күн отырып шығарды. Бағалаудың жиынтық көрсекіштері бойынша үздіктерді анықтады. Қазы­лар алқасының құрамында бас ди­ректордың орынбасары – комиссия төрағасы, кәсіп­одақ төр­ағасы, өндірістік қауіп­сіздік жә­не еңбекті қорғау депар­тамен­тінің директоры – комиссия төр­ағасының орынбасары, магистральды құбырларда газ сы­ғымдау стансаларын эксплуатациялау департаментінің директоры және барлық мамандықтар бо­йынша кәсіби мамандар болды.

Байқау қорытындысында 15 аталым бойынша жеңім­паздардың алғашқы үштіктері арнайы димломдармен марапатталды. Жалпы саны 45 адамға бағалы сыйлықтар мен жыл бойы берілетін қаржылай үстемақылар тапсырылды. Ал бірінші орынды иеленген үздіктердің омырау­ларында «Үздік маман-2017» төсбелгілері жарқырады.

– Менің Шымкентке ке­луімнің өзі үлкен қуанышпен бас­талды. Алғашқы күні Ақ­таудан отбасым хабарласып, сүйінші сұрады. Келінім екінші перзентін өмірге әкелді, – дейді қос қуанышын жасыра алмаған, «Технологиялық компрессорлар машинисі» аталымы бойынша үздік маман атанған Нұрберген Жақашев толқып тұрып. – Бұған дейін де грамоталармен марапатталғанмын. Бірақ мен үшін бұл жеңістің жөні бір бөлек. Үздік маман атану зор мәртебе болғанымен, мұндай атақтың жауапкершілігі де үлкен.

27 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан үздік ма­ман рас айтады. Үздік маман атану үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»




Соңғы жаңалықтар