«Біздің кездесуіміз Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жоғары деңгейін растайды. Биыл екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде елдеріміз арасындағы ынтымақтастық ұдайы өсу және нығаю жолымен дамып келеді. Бұл, көбінесе, біздің мемлекет басшыларымыздың тұрақты байланыстары арқысында мүмкін болып отыр», – деді Қ. Әбдірахманов.
Келіссөздер барысында тараптар саяси және сауда-экономика салаларындағы, оның ішінде, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану мен консулдық мәселелер бойынша іс-қимыл жасау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Өзекті мәселелер бойынша үнқатысуды стратегиялық әріптестік рухында дамыту маңыздылығы атап көрсетілді.
Сондай-ақ, министрлер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 14-15 мамырда Бейжіңде өтетін «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық форумға қатысуына, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин-
нің 7-9 маусымда Астанаға ресми сапарына дайындық мәселелерін талқылады. Екі мемлекет басшысының қатысуымен 8-9 маусымда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті де ірі халықаралық оқиғаға айналмақ.
ҚХР Сыртқы істер министрі Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа сипатта дамитынына сенім білдірді. Оның пікірінше, ынтымақтастықты күшейтуде екі ел лидерлері арасындағы жеке достық, жиі байланыстар мен өзара сенім ерекше рөлге ие.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы қарышты өсу мен тұрақты даму жолына көшті. Ел маңызды реформаларды іске асыра отырып, заманауи қадамдар жасауда», – деді қытайлық министр.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, тараптар Қазақстан мен Қытай сыртқы істер министрліктері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл – алдағы үшжылдық кезеңге арналған сыртқы істер министрліктері арасындағы екіжақты өзара іс-қимыл жасаудың «жол картасына» айналатын құжат.
Министрлер Қазақстан-Қытай екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелері мен халықаралық істер бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігі шеңберінде кездесулер мен консультациялар өткізіп тұруға уағдаласты.
Тараптар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шараларын нығайту маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.
«Бүгін ұйымға қатысушылар арасындағы ынтымақтастық пен сенімді нығайтуға ықпал ететін көпжақты дипломатияның тиімді құралы ретінде АӨСШК-ге қатысты оң көзқарас қалыптасты», – делінген құжатта.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»