Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Ескі Атырау астаналық тәжірибемен жаңартылады

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылдан бастап Атырау қаласының ескі бөлігі бұзылады. Оның орнына Астана тәжірибесін негізге ала отырып «ақылды қала» салынады. Бұл туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Төлеп Орынбасаров мәлім етті.

Ескі Атырау астаналық тәжірибемен жаңартылады

«2012 жылдан бері Атырау қаласында жекеменшік үйге жер бөлінбеді. Өткен жылы ғана тұрғындардың өтініштері қанағаттандырыла бастады. Биыл 2092 жер телімі беріледі», - деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Төлеп Орынбасаров.

2015 жылғы есеп бойынша облыс орталығында 314,5 мың тұрғын бар. Бас жоспарда 2030 жылға қарай Атырау қаласы халқының саны 350 мыңнан асады деп көрсетілген. Сол кезде қала аумағы үш есеге ұлғаяды, Махамбет ауданындағы Береке, Алмалы ауылдары қала құрамына енгізіледі.

Облыстың бас сәулетшісі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 37 көпқатарлы тұрғын үй құрылысы жүріп жатқанынан хабардар етті. 2013-2016 жылдары облыс орталығы мен 143 елдімекеннің қолданыстағы бас жоспарлары жаңартылды.

«Тозығы жеткен үйлерді қиратып, жаңаларын салуда Астанадан үлгі аламыз», - деді Т.Орынбасаров.


Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

Атырау

Соңғы жаңалықтар