24 Сәуір, 2017

Шекара шегендеудегі Қазақстан тәжірибесі

13448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көршілес елдермен 14 мың ша­қы­рымға жуықтайтын, со­ның ішінде, дү­ние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын 7,5 мың шақырым болатын мем­ле­кеттік шекарасы бар Қазақстан тәу­ел­сіздікке қол жеткізген күн­нен бас­тап өзінің территориясын нақ­тылап алу­ға аса жоғары деңгейде стра­те­гиялық маңыз берді.

Шекара шегендеудегі Қазақстан тәжірибесі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мәселенің мәнісін тереңінен түсініп, ғасырлар то­ғысында аймақтағы геосаяси жағд­ай­дың күрделене түсетіндігін алдын ала бол­жап, көршілес елдермен мемлекеттік ше­кара сызығын анықтауға баса назар 

ау­дарғанының арқасында Қазақстан ше­ка­ра түйткілдерін халықаралық та­лап­тарға сай тұтастай шешіп алды деуге негіз бар. Мұны еліміздің тәуелсіздік жыл­дарындағы басты жетістіктерінің бі­ріне жатқызуға әбден болады. 

Стокгольмнің бейбітшілік мәселе­ле­рін зерттеу институтының жүргізген зерт­теулері бойынша, бүгінгі таңда әлем­де құрлықтағы шекаралардың 25 пай­ызы толық анықталмаған көрінеді. Сон­дай-ақ, аталған институт соңғы кездегі қақтығыстардың 15 пайызы шекаралық мәселелердің шешілмеуінен туындап отырғанын, шекаралық таластан шыққан қақ­тығыстардың жалпы саны 95-ке жет­ке­нін мәлімдеді. Осыдан-ақ шекараны нақ­тылап, заңдық тұрғыда бекітіп алудың қан­шалықты маңызды екенін түсінуге бо­лады. 

Жалпы, Қазақстан аумағы бес мем­­­лекетпен шектеседі: Қытай (шекара ұзындығы шамамен – 1 783 км), Қыр­ғыз­стан (1 257 км), Өзбекстан (2 351 км), Түрікменстан (458,3 км), Ресей (7 548 км). 

Қазақстан өзімен шектесетін аталған елдермен мемлекеттік шекараны ха­лық­аралық-құқықтық ресімдеуде байып­ты саясат ұстанғаны талас тудырмайды. Мәселен, Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарамызды халықаралық-құқықтық ресімдеу үдерісінде делимитациялау туралы ке­ліс­сөздер 1992-1998 жылдар аралығында өтіп, демаркация толығымен 2002 жылы аяқ­талды. Осының нәтижесінде, Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының өту сызығын және оның шекаралық бел­гіл­ер­мен белгіленуін егжей-тегжейлі сипаттап берген халықаралық шарттар жасалды. Бұл демаркациялау процесін екі ел ара­сын­дағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік ше­карасы туралы 1994 жылғы 26 сәуірдегі келісімнің 4-бабына сәйкес тараптардың бір­лескен демаркациялық комиссиясы жүр­гізді. Процеске 2002 жылғы 10 мамырда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мем­лекеттік шекарасының сызығын демар­ка­циялау туралы Хаттаманың бекітілуі ар­қылы нүкте қойылды.

Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесі 2000-2002 жылдар аралығында өтсе, Қазақстан-Түрікменстан  шекарасын дели­митациялау туралы келіссөздер 2000-2001 жылдары жүргізілді. Осы жерде күні кеше Түрікменстан президенті Г.Бердымұхамедовтің Қазақстанға мем­ле­­кеттік сапары кезінде Қазақстан мен Түрікменстан шекарасын демаркациялау туралы шартқа қол қойылды. Сөй­тіп, екі ел арасында шекара мәселесі тү­п­кіл­ік­ті шешілді. 

Ал Қазақстан-Қырғызстан шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасы мен 2001 жылдың желтоқсаны аралығында өтті.

Ал Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын нақтылау үдерісі 1999 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың қаңтарына дейін жалғасты. Нәтижесінде, 2005 жыл­дың 18 қаңтарында Мәскеу қала­сын­да Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы ту­ралы шартқа екі елдің президенттері қол қойды. Осылайша, еліміз өзінің құр­лық­тағы шекарасын құқықтық, ресімдеді. Екі көршісі Қытаймен, Түрікменстанмен то­лық ресімдеп бітсе, қалған үш көршімен де көп кешікпей демаркациялау шарты ж­асалатыны күмәнсіз. 

Әрине, мұның барлығы айтуға жеңіл. Бұл жұмысты жүзеге асыру оңай бол­ған жоқ. Бәрінің табысты аяқталуына Қазақстан Президентінің сіңірген еңбегі еш­­қашан ұмытылмауы тиіс. Жоғарыда сөз болған күрделі мәселелердің оңтай­­лы шешілуінде, әсіресе, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық қо­ғам­дас­тықтағы асқақ беделі мен елі­міз­дің жүй­елі түрде жүргізіп отырған көп­век­тор­лы сыртқы саясатының ықпалы ше­шу­ші рөл атқарды.

Бүгінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде әлемдегі ау­қымды мәселелердің шешілуіне атса­лы­суда. Соның ішінде, еліміздің жаһан­ның ыстық нүктелеріндегі қалыптасқан күр­де­лі жағдайларды реттеу бағытындағы бітімгершілік бастамалары, нақты іс-қи­мылдары адамзаттың көз алдында. 

Қорыта айтқанда, Қазақстан – әлем төріне шығып, билік айтуына толық құқылы мемлекет. Халықаралық аренада жоғары беделге ие болуымыз, эко­но­микамыздың дамуы, сыртқы және іш­кі саясаттағы табыстарымыз еліміздің көрші мемлекеттермен жақсы қарым-қа­тынас орната білгенімен тікелей бай­ланыс­ты. Ал көршілермен осылайша тату тұ­руымызға олардың ешқайсысымен ше­караға қатысты келіспеушіліктің жоқ­тығы өзіндік зор әсерін тигізіп отыр.


Соңғы жаңалықтар