Аймақтар • 24 Сәуір, 2017

Спортшылардың дәрігерлеріне де құрмет көрсетілді

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өскеменде спорттың әр түрінен халықаралық, республикалық деңгейде топ жарып, Шығыс Қазақстанның мерейін асырып жүрген үздік спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ерекше құрмет көрсетілді.

Спортшылардың дәрігерлеріне де құрмет көрсетілді

Марапатқа ие болған спортшылардың қатарында үш бірдей Олимпиаданың жүлдегері Ольга Рыпакова, ХХVІІІ дүние жүзілік қысқы универсиаданың алтын және күміс жүлде иегері, биатлоншы Галина Вишневская, фристайлшы, Испанияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Юлия Галышева, екі жыл қатарынан ел чемпионы атанған «Алтай» волейбол клубының қыздар құрамасының мүшелері Сана Анарқұлова, Роблес Батиста, Инна Матвеева бар. «Братино» хоккей кубогының ақтық сынына дейін жеткен Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубының барлық ойыншыларына Жоғары хоккей лигасының медальдары тапсырылды. Аталған клубтың президенті Николай Проскурин, директоры Сергей Немчинов, бас жаттықтырушы Алексей Ждахин, аға жаттықтырушы Ерлан Сағымбаев пен спорттық директор Досжан Уалхановқа облыс әкімінің құрмет грамоталары табыс етілді. Ерекше атап өтерлігі, бұл күні клубтың барлық қызметкерлеріне, дәрігеріне де, хоккейшілердің массаж жасаушыларына да құрмет көрсетілді. 

Жыл басында Алматыда жалауы желбіреген ХХVІІІ дүние жүзілік универсиада мен Жапонияда өткен Азия ойындарында атой салған Василий Подкорытов, Иван Люфт, Павел Колмаков, Дмитрий Рейхард, Ян Савицкий, Елена Коломина, Сергей Черепанов, Ердос Ахмадиев, Сергей Ткаченко, Марат Жапаров пен ауыр атлетикадан жастар арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алған Дарья Павлова мен осы спортшылардың барлығының жаттықтырушылары да марапаттан тыс қалған жоқ.

«Кезінде бір журналист бұрынғы АҚШ Президентінен «еліміздің атын қалай шығаруға болады?» деп сұрағанда ол: «Мемлекеттің атын әлемге танытудың екі жолы бар: біріншісі – айға ұшу, екіншісі – Олимпиада чемпионы атану» деп жауап берген екен. Осыған қарап-ақ, спортшылардың жеңістері елі үшін қаншалықты маңызды екенін бағамдай беруге болады. Шүкір, біздің ел де, біздің облыс та мұндай саңлақтардан кенде емес. Шығыс Қазақстаннан республикаға ғана емес, бүкіл әлемге танымал спортшылар шыққан және әлі де шыға берері анық. Спортшы болу оңай дүние емес. Сыңғырлаған медальдардың ар жағында қаншама төгілген тер, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндердің жатқанын ұмытпайық. Барлықтарыңызды құттықтаймын. Еліміздің мәртебесін асқақтата беріңіздер», - деді спортшыларға сертификаттар мен алғыс хаттарды тапсырған облыс басшысы Даниал Ахметов.

Марапат алып, құрметке бөленген спортшылар өз кезегінде ұмыт қалдырмай, елеп-ескеріп, тиісті жағдайларын жасап жатқан облыс әкімдігіне алғыстарын білдіріп, лебіздерін жеткізді. «Торпедо» хоккей клубының капитаны Максим Беляев аймақ басшысына хоккей таяқшасын, «Алтай» қыздар волейбол командасының капитаны Инна Матвеева өздеріне жеңіс сыйлаған матчта ойнаған допты сыйға тартты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН 

Суреттерді түсірген – Мәнап МҰРЗАТАЕВ 


Соңғы жаңалықтар