Қазақстан • 25 Сәуір, 2017

Гүлшара Әбдіқалықова «Ла Скала» бас директорымен кездесті

128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Ла Скала» театрының бас директоры және көркемдік жетекшісі Александр Перейрамен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Гүлшара Әбдіқалықова «Ла Скала» бас директорымен кездесті

Кездесудің басында Мемле­кет­тік хатшы Қазақстан терең әрі жүйелі жаңарулар кезеңін бас­тан өткеріп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы мықты әрі жауапкершілігі жоғары ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басып, бұқаралық сананы қалай өзгерту керектігі жөнінде міндет қой­ды. Мұны орындау үшін қажет­ті басты шарт төл мәде­ниетті, дербес ұлттық кодты сақтау болып саналады.

Г.Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің тапсырмасы бо­йынша «Жаһандағы зама­науи қазақстандық мәдениет» ат­ты жобаның іске асырыла­тынын айтты. Мемлекеттік хатшы Елбасымыз бізді әлем­нің қара алтынмен және сырт­қы саясаттағы жобаларымызбен ғана емес, маңызды мә­де­ни жетістіктерімізбен де тану­ға тиістігі жөнінде міндет қойғанына назар аударды.

Сондай-ақ, кездесуде опера және балет өнері саласындағы ынтымақтастықты дамыту, «Ла Скала» театрының Қазақстандағы және «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Италиядағы гастрольдерін өткізу тәжірибесін өрістету мәселелері талқыланды.

Гүлшара Әбдіқалықова халық­аралық ЭКСПО-2017 маман­дандырылған көрмесі аясында Қазақстан елордасында 1-10 қыркүйек аралығын­да тұңғыш рет Миландағы әйгілі «Ла Скала» театрының толық құрамдағы гастролі өткізілетінін айтты.

Мәдени бағдарлама аясында италиялық ұжым «Астана Опера» сахнасында Джузеппе Вердидің «Фальстаф» операсын ұсынады, сондай-ақ, маэстро Зубин Метаның жетекшілігімен Людвиг ван Бетховеннің әйгілі шығармасы – №9 симфония орындалады.

Мемлекеттік хатшы Г.Әбді­қалықова кездесу соңында А.Пе­рей­­раға мықты денсаулық, мол и­гі­­лік және зор шығармашылық табыс тіледі.



Соңғы жаңалықтар