25 Сәуір, 2017

​Тарих кені – туған жер

419 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазағымның көп тарихы Көк­шеде, қаланып тұр Оқжетпестей текшеге»... Осыдан біраз жылдар бұ­рынғы бір өлеңімізде осылай деп­піз. Шын мәнінде де Көкшетау халқымыздың кенен тарихы қат­пар­ланған қасиетті жерлерінің қа­тарынан ойып тұрып орын алатынына сөз бар ма?

​Тарих кені – туған жер

Ал енді Көкшетаудың жалпы қазаққа қымбат, бүгінгі ұрпаққа қас­терлі тарихы Абылай хан есімімен байланыс­ты. Қаһарлы Кенесары ханнан да тілін тартпай, тапқыр өлеңімен жазадан құтылған Толыбайұлы Арыстан ақынның «Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін, Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда», деп айтқанын Абылай хан туралы мақаласында Алаш арысы Міржақып Дулатұлы келтіреді. Де­мек, Абылайдың «үш жүздің басын құраған, ешбір жаман қылмаған, қайы­русыз жылқы бақтырған, қайғысыз ұйқы ұйықтатқан» хандық кезеңінің көп оқи­ғасы осы Көкше өңірінде сайрап жатыр. Мағжанның «Батыр Баян», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэ­малары Абылайдың алтын басын әспеттеген ел аузындағы аңыз-әфсана, әңгіме-дерек­терді молынан қамтыған. Сонымен бірге, Мағжан ақынның «Оқжетпестің қия­сында» дастанында да «Алашта Кенекеме ер жетпейді, Арқада Бурабайға жер жет­пейді» дей келіп, ел мен жер тарихына қатысты қаншама қиял тербейтін жұмбақ сырлардың беті ашылады десеңізші!

Шүкір Құдайға деп айтайық, осы сияқ­ты Алаштың сом асылдарын, ұлы рухты батыр бабаларымызды атау­ға да аузымыз буылған адыра за­ман артта қалды. Тәуелсіздіктің елең-ала­ңын­да алғашқы тарихи той Көк­шетау топырағында өтіп, оның атақты Абылай ханның 280 жылдығына арналғаны да, хан иемізге Алматының бас көшелерінің бірі берілгені де есімізде. Содан өктемдік көбесі сөгіліп, сең жүрісімен-ақ Бурабайдағы «Ясная поляна» аталып келген, ертеде хан жасақтары сап түзеген Абылай алаңы өз атауын қайтып алып, «Сфинкс», тағы басқадай деп ерепейсіз орысшаланған Жұмбақтас, Оқжетпес, Ақылбай асуы, Кенесары үңгірі де қайта қалпына келген. Хан Ордасы тігілген жерлер, Ханның Қызыл ағашын, Хан қыстауын, Хан жайлауын, Хан көлін тағы басқа киелі жерлерді көнекөздер айтып, көпшілік танып, журналистер мен өл­кетанушылар қауым хатқа түсіре бас­тады.

Қазір Абылай алаңында хан баба­мыздың рухын асқақтатқан биік стелла көкке шаншыла көңіл тербейді. Өткен тарихтан сыр шертетін өлкетану музейі келу­шілердің танымдық көкжиегін кеңей­туде. Десе де, туған жердің тарихын зерт­теп жинақтай түсу орайында Елбасы алға тартқан, болашаққа бағдарланған рухани жаңғыру талабына сай жұмыстарды жаңа серпінмен жүргізу қажеттігі еш күмән туғызбайды.

Осыдан 20 жылдың арысында Көк­шетау қаласы мен Бурабайдың екі ортасындағы Қазақстан ауылының тап іргесіндегі Хан сүйегі төбесіндегі қо­рым­нан Абылайдың үлкен ұлы Уәли хан­ның қабірі мен басына қойылған құлпытасы табылған болатын. Бұл игі іс белгілі гидрогеолог, эколог ға­лым, өлке­танушы марқұм Айтқажы Қазбе­ковтің ізерлеуімен жұртқа жария етіліп, жүзеге асқан еді. Соның нәтижесінде, әрине, кешеуілдеп болса да, тың игерушілер қақ бөліп сындырып қиратқан құлпытас бүтінделіп, шағатай тіліндегі ескі жазуы оқылып, ұлы ғалымымыз Шоқанның атасы –Уәли ханның басына күмбезделген кесене орнатылды.

Міне, осы Хан сүйегі төбесі Қара­қалпақ аталатын таудың іргесінде жа­тыр. Ол тау неге бұлай аталады десеңіз, Абылайдың қарақалпақтан алған бәй­бішесі Сайманның ауылы осы араны жай­лаған екен. Қазірге шейін қонған ауыл жұрты, қазылған жерошақтар орны анық көрінеді.

Ал, Уәли осы Сайманнан туады, қайтыс болғанда Түркістандағы Әзі­рет Сұлтанға апарудың реті келмей, Қара­қалпақ тауының етегіне жерленген шешесінің қасына қойылады. Содан Уәли хан жатқан қорым Хан сүйегі төбесі деп аталып кетеді. Осы маңайда Төре түскен дейтін де жер бар. Аттап бассаң, шым-шымдап тарих шығады. Ел аузындағы сол тарихты жиыстыру – бір парыз. Туған жер алдындағы перзенттік, келер ұрпақ алдындағы аталық парыз.

Жоңғар шапқыншылығы тұсында қазақ тарихында, Көкшетау өңірінің тарихында үлкен тұлғалар Қанай би, Қалақ, Жайылған, Мұсақұл, Қошқарбай, Қосағалы, Есенберді, Байқошқар, Түн­қатар сынды көсем батырлардың алатын орны үлкен. Олар жайында нақты деректер де, аңыз шежірелер де шертетін тарих сыры жетерлік. Бір ғана Мұсақұлдың Ташкентке барып беглер-бектің балуанын жығып, тұлпары бәйгеден келіп, намысты қолдан бермеген жеңісінің өзі тағылымды хикая. Сол сияқты, Сілеті маңайындағы «Бөгембай сөресі» деген жердің тарихы да – қат­парлы қазақ тарихының бір тармағы. Сол тарих кенін, алтын шыққандай, белден қазайық, ардақты ағайын!

Қорғанбек Аманжол,

«Егемен Қазақстан»