Қазақстан • 25 Сәуір, 2017

Бірлігі жарасқан берекелі елміз

3407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұйрығы­мен Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының XXV сес­сиясы «Жаң­ғы­ру­дың негізі – тұрақ­ты­лық, бірлік, келісім» күн тәртібімен шақы­рыл­мақ. Елбасы өз сөзін­де «Халықтың бір­лігі – біздің бар­лық жетіс­тіктеріміздің кілті.

Бірлігі жарасқан берекелі елміз

 Бей­біт­шілік пен тұрақтылық – күн сайын­ғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік», деп атап өткендей, тәуел­сіз Қазақстан бүгінде өзін тату­­лық пен келісімнің мекені ретінде дәлел­деп, бейбіт өмірдің бесігіне айналып отыр.

Мемлекетімізде Қазақстанды Отаным деп қабылдаған әр түрлі ұлт өкілдерінің өзара достық пен татулықта өмір сүруіне барлық жағдайды жасауда. Әр ұлтқа өз ана тілін меңгеріп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртуда және мәдениеті мен әдебиетін дамы­туда қамқорлық көрсетіліп, жұмыстарды жетілдірілу үстінде. Сондай-ақ, түрлі этнос өкілдері де еліміздің дамуы жолында еңбек етіп, игі бастамалардың басы-қасынан табылуда. Соның ішінде, Қазақстанда тұрып жатқан әзербайжан ұлты да еліміздің бірлігі мен дамуына өз үлестерін қосуға атсалысуда.

«Намус» әзербайжан этномә­дени бір­лестігі 2001 жылдың 6 та­мызында құрыл­ған болатын. Бү­гінгі күнде біздің бірлестік Қа­ра­ғанды облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясымен тығыз қа­рым-қатынаста жұмыс жасауда. Бір­лес­тік әзербайжан ұлты­ның ға­на емес, басқа да ұлттар мен ұлыс­­тар­дың тарихын, мәдениетін, ті­лін, салт-дәстүрін білуде маңыз­ды рөл атқарады. Өңір бойынша «На­мус» қоғамдық бірлестігінің Те­мір­­тау, Саран және Шахтинск қала­­ларын­да филиалдары жұмыс істейді.

Бірлестік жа­нында мем­ле­кет­тік және әзербайжан тілін оқытатын сы­нып­тар ұйым­д­­ас­ты­рыл­ған. Ту­ған тілді үй­рену әзер­байжан ұлты­ның салт-дәс­тү­рін, мә­дениетінің сақ­талуы мен да­муы­­на дәнекер бо­лары сөзсіз.

Болашақ білім­ді жастардың қо­лында екені анық. Елбасы биылғы «Қазақ­стан­ның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында «IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек», деп айқындап өтті. Сол себепті, бір­­лестік жастармен жұмысқа ерек­­ше көңіл бөледі. Олармен Ел­басы Жолдауында атап көрсет­кен білім, ғылым салалары және үш­тілді оқы­ту бойынша танымды, тағы­лым­ды кездесулер жиі өткізіліп тұрады.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан мемлекеттік органдар және мекемелермен бірлесіп жұмыс жасайды. Сонымен қатар, бірлестік қоғамдық келісім мен азаматтық бейбітшілікті ны­ғайту, облысымызда тұрып жатқан этностардың дәстүрлерін, мәдениетін насихаттау мақсатын­дағы түрлі іс-шараларды ұйым­дас­­тыруда. Бірлестіктің басты мақ­саты – Қазақстан халқы Ассамб­­леясының негізгі ұста­нымы болып табылатын тату­лық пен ұлт­аралық келісімді нығайту­ға атсалысу.

Мемлекетіміздің ажырамас бөлшегі ретінде әзербайжандар бірлігі жарасқан берекелі еліміз­дің болашағына өзіндік үле­с­ін қосуды қасиетті борышы са­най­ды және Қазақстан хал­қы Ассамблеясының XXV мерейтой­лық сессиясымен құттықтайды.

Гюлага Векил-оғлы РЗАЕВ,

«Намус» әзербайжан ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

Қарағанды облысы



Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024