Футбол • 25 Сәуір, 2017

«Астана» алыстап барады

116 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жексенбі күні премьер-лига командалары арасында өткен сегізінші турдың басты ойыны «Ертіс» пен «Қайрат» арасында өрбіді.

«Астана» алыстап барады

Өткен жылғы чемпионаттың жүлдегерлері жанкүйер қауымды аса тартысты және тартымды ойынмен риза етті. Бір қарағанда, екі доп айырмашылығымен алда тұрған және бір ойыншысы артық павлодарлықтар жеңісті енді уыстан шығармайтындай-ақ көрінген. Бірақ алматылықтар алдап соқты. Ұжым 1:3 есебімен ұтылып жатса да, ұнжырғасын түсірмей, он ойыншымен жүріп-ақ есепті теңестіре білді. Бұл ойында «Ертістің» шабуылшысы Аслан Дарабаевтың үш ойыншыны алдап өтіп, алыстан теуіп әдемі гол соққанын айта кеткен жөн.  Сөйтіп, бұған дейін турнир кестесінде екінші және үшінші келе жатқан қос клуб маңызды екі ұпайдан жоғалтып, жағдайларын біршама нашарлатып алды.

Өзін өкшелеп келе жат­қан­дар осылайша итжығыс түсіп жатқанда, топ басындағы «Ас­тана» қарқынға қарқын қосып, қара үзіп кетті. Теміржолшылар бұл жолы сырт алаңда «Таразды» ірі есеппен тас-талқан етіп ұтты. Қазір «Ас­та­наның» жеке-дара көш бас­тағаны өз алдына, олардың бас­қаларға қарағанда бір ойыны кем.

Шымкент барып, жергілікті «Ордабасымен» ойнаған «То­был» күтпеген жерден же­ңіске жетті. Өз алаңында қандай да болсын қарсыласқа есе жібере қоймайтын оңтүстік футбол­шылары бұл жолы жанкүйерлерін жерге қаратты. Осы жеңістен кейін қостанайлық ұжым турнир кестесінде «Қайратты» тө­мен сырғытып, үшінші сатыға кө­терілді.

Үздік алтылықтың қатарына ену үшін қызу тартыс жүріп жатыр. Турнир кестесінде көрші тұрған «Ақжайық» пен «Қай­сар» арасындағы матчта Орал фут­болшыларының мерейі үс­тем бол­ды. Сөйтіп, олар «Қай­­сармен» арадағы бес ұпай айыр­машылығын екіге дейін қыс­қартып, жетінші орынға та­банды нық тіреді.

Сегізінші турда «Ақтөбе» мен «Шахтер» және «Атырау» мен «Оқжетпес» командалары арасындағы ойындар Ақтөбе мен Көкшетаудағы стадион­дардың маусымға дайын бол­мағандығынан кейінге шегерілді.

Сегізінші турдағы ойындар мы­надай нәтижелермен аяқ­талды:

«Ертіс» – «Қайрат» – 3:3 (3:1), Гоу, 5 (0:1). Живкович, 13 – пенальтиден (1:1). Да­ра­баев, 29 (2:1). Джа Джед­же, 40 (3:1). Иличевич, 61 (3:2). Исламхан, 88 (3:3). «Ор­дабасы» – «Тобыл» – 1:2 (1:0), Ковальчук, 45 (1:0). Жанғылышбай, 64 (1:1). Деспотович, 68 (1:2). «Ас­тана» – «Тараз» - 4:0 (3:0), Граховац, 13 (1:0). Кабананга, 33 (2:0). Жалмұқан, 43 (3:0). Ка­бананга, 84 (4:0). «Акжайық» – «Қайсар» – 1:0 (0:0), Ва­лиуллин, 56 (1:0).

Сұрмергендер көшін бұ­рынғыша «Қайраттың» ша­буылшысы Жерар Гоу бастап келеді. Оның еншісінде 8 гол бар. Ал екінші орынға биылғы маусымда өзінің 5-ші голын соққан Жуниор Кабананга («Астана») көтерілді.

29 сәуір күні өтетін 9-турда командалар мынадай жұп құрап, өзара тартысқа түседі:    

«Оқжетпес» – «Ақтөбе», «Та­раз» – «Аты­рау», «Қай­сар» – «Ас­тана», «Қай­рат» – «Ақ­жайық», «Шах­тер» – «О­рдабасы», «То­был» – «Ертіс».

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024