Бұл жайында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ғани Қарабеков былай деген:
− Шымкент – атауының өзі айтып тұрғандай жасыл қала. Бірақ, қала орталығындағы парктер, скверлердің ішіне құрылыс жүргізіліп, жасыл қала деген мәртебесінен айырылып қала жаздады. Сондықтан, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қала көшелерін абаттандыру мәселесіне айрықша көңіл бөлуде. Саябақтар санын көбейту үшін «Шатқал» бағдарламасын қабылдап, бүгінге дейін 400 мыңға жуық көшет отырғызылды.
Осындай игі істен кәсіподақ ұйымы қалай шет қалады. Жол бойында ағаштар өскенімен, жиегіндегі жер төмпешік, ойлы-қырлы болып, жабайы шөп өсіп, қаланың әрін қашыруда. Адамдар «мынаны Үкімет немесе облыс қашан қолға алады?» деп кетпеннің сабынан қарауыл қарамай, өздері іске кірісуі керек. Бір үйлерге барасың, ауласы ботаникалық бақ, сыртқа аттап шықсаң айналасы айтақыр. Бір қалада тұрып жатқан соң сенікі, менікі болмай, тазалығы, әдемілігі үшін патриоттық сезіммен жұмыс жасау керек. Біздің бастамамыздың мақсаты осы. Сол себепті, «Гүлді қала» деген ұранмен гүл отырғызу акциясын бастап кеттік.
Облыстық кәсіподақ ұйымы мен салалық кәсіподақ одақтарының күш салуымен бұл күні Қазыбек би және Желтоқсан, Ә.Жылқышиев көшелерінің қиылысындағы арық атыздар тазаланды, тротуар жиегіндегі жер тегістеліп, гүлдер егілді.
– «Біз осында тұрамыз». Әрбір шымкенттік өз қаласы үшін осындай мақтаныш сезімде болу керек, – дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы. – Біздің бұл акциямыз бір күндік емес, әр сенбі сайын өзіміздің ауламызға сенбілік жасаймыз. Біз бүгінгі акцияны әрі қарай жалғастыру үшін облыстық Кәсіпкерлер палатасына ұсынамыз. Олар әрі қарай басқа мекемеге табыстайды. Адамдардың бірлесе күш салуынан кейін Шымкент нағыз жасыл қалаға, гүлге оранған әдемі қалаға айналады.
Мұндағы үлкен мақсат – Елбасының Ұлттық жаңғыру жөніндегі «Егеменде» жарияланған мақаласына туған жерін түлеткен азаматтардың жауабы. Біз әңгімеге тартқан кәсіподақ мүшелері сөзінің түйіні осыған саяды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы