Жекпе-жек • 25 Сәуір, 2017

Қостанай полицейлері үшсайысқа түсті

129 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда Қазақтан полициясының 25 жылдық мерекесі құрметіне «Динамо» қоғамы облыстық филиалының ұйымдастыруымен қызметтік үшсайыстан жарыс өтті. Оған елуден аса полицей қатысты.

Қостанай полицейлері үшсайысқа түсті

«Жыл сайын өтетін жарысқа бірнеше жылдан бері жүзу спорты да қосылды. Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің жаттығуы үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи тир, мылтық атудан нұсқаушы, жүзуге бассейн бар», дейді «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының облыстық филиалы төрағасының орынбасары, запастағы полиция полковнигі Виктор Чернявский.

Үшсайыс жарысындағы мылтық атудан полиция лейтенанты Азамат Баймағамбетов үздік көрсеткішке жетті. Жарыстың екінші сатысы – 50 және 100 метрге еркін жүзуден полиция майоры Тайыр Ақанов әріптестеріне дес бермеді. Жарыстың үшінші сатысындағы ұзындыққа секіруден полиция майоры Мирасбек Ақмұхамбетов жақсы көрсеткішке жетті.

Төрешілер жарысқа қатысқандардың жасы бойынша барлық ұпай сандарын жинап, жүлделі орындарын белгіледі. Жарыс полицейлер үшін тек жүлделі орын алуымен емес, өз қызметі үшін шеберлігін шыңдау болып табылады. Сондықтан полицейлер үшсайысқа қатысуды өзінің біліктілігінің артқаны деп біледі.

Нәзира Жәрімбетова, 

«Егемен Қазақстан»

Қостанай



Соңғы жаңалықтар