Бокс • 17 Сәуір, 2017

​ Тшановтың турнирі табысты өтті

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда қоғам қайраткері, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшановтың жүлдесі үшін бокстан жастар арасында халықаралық турнир өтті. Дәстүрлі турнир осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

​ Тшановтың турнирі табысты өтті

Биылғы жарыс ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Төрт күнге созылған тартысты турнирде Республикалық спорт колледжінің командасы, сондай-ақ, көршілес Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Ресей, Маңғолия, Қырғызстан елдерінен келген 100 ден аса боксшы бақ сынады. Шеберліктері шыңдалған жас былғары қолғап шеберлері жанкүйерлерге мереке сыйлап, нағыз боксшыларға тән жекпе-жек көрсете білді. Абылайхан Хусайнов, Батыр Джукембаев сынды әлемдік ареналарда ел намысын атойлатып жүрген спортшылар турнирге төрелік етті. Шаршалаңның шаңын шығарып шеберліктің шыңынан көрінген Бекзат Сейиль (49кг), Рустам Муратов (52кг), Алимжан Турсынов (56кг), Жұмағали Абдурахман (60кг), Арман Сайлау (64кг), Мақсат Көбетай (69кг), Дильшодбек Рузметов (75кг), Бекарыс Қойшығұлов (81кг), Елхан Табынбаев (91кг) , Дамир Тойбай (+91кг) сынды спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. 

«Жарыс жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Қазақстан бокс мектебі дүниежүзілік бокс әлемінде өзінің іргетасын берік қалаған көшбасшы мектеп екенін әлем мойындайды. Даңқты боксшылардың сара жолын жалғайтын жалынды жастар өсіп келе жатыр. Осындай жарыстардың жиілеп өтуі жас спортшыларды қанаттандырып шеберліктерін шыңдай түседі» – дейді, Қырғыз елінен келген төреші Юрий Зеленков.

Жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде сөз сөйлеген бокстан КСРО спорт шебері Амалбек Тшанов пен Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Абил Донбаев жарысқа қатысушы қонақтарға алғысын білдіріп, аталған турнир көршілес елдердің татулығы мен достығын нығайта түсетінін айтты. Сонымен қатар, Амалбек Тшанов айтулы турнирдің биылдан бастап ресми түрде «спорт шебері» атағын бере алатын республикалық жарыстардың күнтізбегіне енгізілгендігін хабарлады.

Арман ОКТЯБРЬ, 

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ