Ерте жетіліп-пісетін көкөніс түрлерінен ауа райы қолайсыздау Арқа жерінде жылы өңірлердегідей жаз басында, күз аяғында қайталай өнім жинауға бола ма? Болады екен. Басқасын айтпағанда қамбаны картоп пен қиярға екі рет толтыруға мүмкіндік жоқ емес екен.Балқаш жақтағы « Тораңғы» шаруа қожалығы осы маусымда оған аймақ бойынша алғаш қол жеткізуді ойластырып, тұқым отырғызып та үлгерді қазір.
Осы іске ұйытқы Александр Самохваловтың пайымдауынша, маусым айы ортасына дейін екеуі де пісіп, өнімі жинауға әбден болатын көрінеді. Содан соң іле жаңа тұқым қайта егіліп, күз жемісі күтіледі. Күн қызуы жаз бойы жоғары әрі суландыруға жағдай баршылық Тораңғылық аулы маңында бұрыннан бос жатқан алқапты береке көзіне айналдыру мақсатына жететіндігіне үмітті.
Мұндай ниет жайдан-жай келмепті. Балқаштықтардың саяжайларындағы бақшаларында қияр мен қызанақты екі рет өсіретіндігі бала кезінен есінде болатын. Ұмытылып кеткен бұл тәсілді ұзақ уақыттан соң қолдануды бастаушы әзірге өзі ғана. Бір тәуірі талпынысын қолдаушылар табылып та жатыр.
– Бұл іске тыңғылықты дайындалдық. Көкөніс өсіруге шебер жандар көмегіне сүйенбекбіз. Бастапқыда қиындық аз болмайтындығын сеземіз. Қайткенде алған беттен айнымауға бекініс берік,– дейді Александр Алексеевич.
Сәтіне орай одан әрідегі ойы да осал емес. Жаз пен күзде жиналған өнімдерді дереу өңдейтін шағын кәсіпорын құру көзделуде. Картоп сақтау қоймасы салынса, қияр тұздалған дайын күйінде өткізіледі.
Рас, Самохваловтың талабына күмәндана қараушылар жоқ емес. Ол алдымен соны сейілткісі келеді. Орталық Қазақстан аймағында бір жылда қатаынан екі рет өнім алуға болатындығын дәлелдеуге құштар. Ал оның оған қабілеті жететін сыңайлы.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы.