«ГИД-РЕЙНДЖЕР» ОЛ КІМ?
...Өр Алтайдың төрінде Өрел деген ауыл бар. Алтайдың биік таулары етегінен ойып тұрып орын алған, жері ойқы-шойқы, кесек тастар жиі кездесетін, бірақ табиғаты тамылжыған, биік таудан сарқырап төмен қарай ағатын асау өзені бар шалғайдағы ауылда өткен жылдың үшінші тоқсанында еліміздегі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен әсем бір мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектепті сапалы етіп салып берген аудандық мәслихаттың депутаты, Үлкен Нарындағы «Нарын» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бастығы Ниғмет Шауһиннің ұжымы. Қазір атылмыш білім ордасында 264 шәкірт білім алып жатыр. Бізді аудан әкімі Арман Бекбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бралинов, аудандық әкімдіктің мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Қайыржан Сәдуов және мектеп директоры Әмина Жұмағұлова қарсы алды.
Көркі көз тартатын жаңа мектеп іші кірсе шыққысыз, едендері жарқырап жатыр, бөлмелер кең әрі жарық. Мұнда төрт мультимедиалық кабинет, химия, физика, математикаға арналған арнайы зал, асхана, кино көрсететін бөлмелер бар. Мектепте 43 ұстаз жұмыс істесе, тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасар Роза Ауғанбаева, Татьяна Қилыбаева, Мария Пономарева, тағы басқалар тәжірибелі, білімді мамандар.
– Облыс әкімі Б. Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша 1-4-ші сыныпта оқитын 67 оқушы күніне 20 грамм бал, бір стақан сүт пен тағамды тегін ішеді. Балалардың сабаққа деген ынтасы жоғары болатыны сондықтан. Оның үстіне демеушілер көмегімен тағы 147 шәкірт тегін тамақтанады. Өрел ауылдық округінің әкімі Еркін Көбешов те қолдан келген көмегін аямайды. Біздің ауыл туризмі дамыған өңірде болғандықтан, мектепте «Гид-рейнджер» деген үйірме бірнеше жылдан бері жұмыс жасайды. Оған өзім жетекшілік етемін, – деді мектеп директоры Әмина Қазиәкпарқызы.
«Гид-рейнджер» деген сөзді естігенде елең ете қалдық. Америкалық атыс-шабысқа толы фильмдерде рейнджерлер жайлы жиі айтылушы еді. Атақты әртіс Чак Норрис рейнджер ретінде түскен фильмдерді балалар қызыға көретін. Халықтың қамын ойлайтын, табиғат байлығына қол сұғушыларға қарсы аяусыз күрес жүргізетін рейнджерлер бізге де келген екен.
– Қазір гид-рейнджер үйірмесінде 20 бала дәріс алып жүр. Олардың мақсаты біздің өлкеге келген туристерге жан-жақты көмек көрсету, тіпті бірге еріп жүріп түкпір-түкпірді аралату. Облыс әкімі 2 миллион теңге берген, оған алпинизмге қажет заттарды сатып алдық, шатыр, дүрбі, басқа да керек-жарақты пайдаланып журміз. Гид-рейнджерлер үйірмесіне жазыламын деушілер көп. Биыл бірнеше оқушымыз шетелдерден келген қонақтарға қызмет көрсетпек, – деді тағы да Әмина Жұмағұлова.
– Бұл мектептің атақ-даңқы елімізді былай қойып, Рессейге де жақсы таныс, – деп әңгімеге аудан әкімі Арман Ілиясұлы араласты. – Осыдан төрт жыл бұрын Санкт-Петербург қаласында ІІІ халықаралық жас экологтардың конференциясы өтті. Сол кездегі Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің директоры Ерен Жұмағұлов бірнеше оқушыны Рессейге жіберді. Шәкірттеріміз айды аспанға шығарып, бас жүлдені, 5 мың АҚШ долларын иеленіп қайтқанда абыройға бөлендік. «Жас экологтардың» бірінші форумында да мектеп түлектері алдарына жан салмады. 2009 жылы бақтар шеруінде Шалқар Әбуов жеңімпаз атанды. Қысқасы, мектептің өзіндік қолтаңбасы бар. Өткен жылы мектеп бітірген 28 шәкірттің 26-сы бірдей грант бойынша жоғары оқу орындарына түсті. Ауданымыз ұлттық тестілеуде облыста бірінші орын алды, – деп аудан әкімі А. Бекбосынов біраз жайлардан мағлұмат бере кетті.
Мектеп орманшылығында үш тұқым бағы бар. Оны оқушылардың өзі күтіп баптайды. Тұқым бағына жас маман Роллан Ахметов жетекшілік етеді. «Жасыл дәріхана» емдік шөптермен айналысатын үйірмеде 30 бала бар. Елемесова, Зарипова, Мұстафин, Асылбеков деген шәкірттер де жас эколог ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Біз кетер кезде гид-рейнджерлер үйірмесінде жаттығатын оқушылармен тілдесіп үлгердік, «Табиғаты ғажап өр Алтайдың төріндегі Мұзтау, Берел қорығы, басқа да мәдени жәдігерлерді басқа мемлекеттерге таныта беру арманымыз», деді олар.
ТЫНЫСЫ КЕҢ «НҰР БҰЛАҚ»
Шіркін, Катонқарағайдың табиғаты керемет қой. Асқар таулар мен биік шыңдар әлі ақ көрпесіне оранып жатыр. Тіпті шілденің шіліңгірінде Мұзтаудың қасат қары ерімейді-ау. Оның үстіне бұл өңірдің табиғи-климат жағдайы ерекше. Жер бедері жан-жануарлар, құстарға бай. Рахман қайнары, ағынды да асау Бұқтырма ешкімді енжар қалдырмайды. Сондықтан болар, ауданда туризмді дамыту бағдарламасы қабылданған, ол орындалып жатыр. Мысал керек пе, жеткілікті.
– Жақында «Өскемен – Зырян – Үлкен – Нарын – Катонқарағай» күре жолының Өрелден атақты «Рахман қайнары» шипажайына дейінгі жолын күн талабына сай салу үшін жобалау жұмыстары жүргізілетін болды. Оның құны – 106 миллион теңге. Егер Рахман қайнарына дейін асфальт жол төселсе, шетелдерден туристер бері қарай ағылары сөзсіз. Катонқарағай ауылында «Баян» туристік емдеу-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Топқайың ауылына жақын жерде «Нұр бұлақ» туристік сауықтыру кешені іске қосылды. Мұнда пантымен емдеу, фитоемдеу, сылап-сипау, атпен, жаяу серуендеу қызметі көрсетіледі. Аудан аумағында 9 пантымен емдеу орындары қызмет істеп тұр. «Нұр бұлақ» жақын жерде, барайық, көрейік, – деді аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бралинов.
Өткен жылдың 1 маусымында шымкенттік жазушы, «Егемен Қазақстан» газетінің оңтүстік өңірі бойынша тілшісі Мархабат Байғұт су тасқыны кезінде облыстың үш ауданында болып, біраз жайлармен танысқан, бас басылымда үш бет мақала жарияланған. Қонақ келсе төрден орын беретін ағайындарымыз сол жолы Үлкен Нарын ауылында жаңадан ашылған дәмханаға Мархабат ағамыздың есімін берген еді. Дәмхана қазір халыққа қызмет ете бастапты. «Нұр бұлақ» бір жылдың ішінде көркейе түскен.
«Нұр бұлақ» кәсіпкерлердің қаржысына тұрғызылған. Ақтаулық Нұржан Жұмағұлов, алматылық Тельман Жаментинов деген азаматтар халқына қызмет көрсету мақсатында Топқайың ауылында шипажай салды. Қаз-қатар тұрған жиырмаға тарта үй тұруға қолайлы-ақ. Ашық, жабық бассейн, жаңадан салынған мейрамхана, атпен серуендейтін, фитомен емдеу, пантымен сылап-сипау кімді бей-жай қалдырсын, демалушылар келе бастапты. Бір шетте Алтайдың екі қоңыр аюы темір торда қамаулы тұр, сірә демалушылардың көңілін аулайтын болса керек. Алдағы уақытта бұл жерден зообақ ашу ойда бар, дейді үйлестіруші Армангүл Нұрқасова.
«Нұр бұлаққа» қызығушылық танытатындар қатары көбеюде. Оның себебі, шипажай күре жолдың бойында, алыс емес. Ал биік тауларда орналасқан шипажайға жету оңай шаруа емес екені белгілі.
– Жоғарыда аты аталған екі азамат «Ақсу» серіктестігінің маралдарын, жерін сатып алды. Тіпті пантыдан дәрі-дәрмек жасайтын «Ақсу-Дэен» фирмасы да сол жігіттердің еншісінде. Іскер азаматтардың пайда табуды емес, халқына қызмет көрсетуді көздегені белгілі. Себебі, жақында екі жақты келісім-шартқа қол қойып, Ақсу ауылында көшелерді асфальттап, көпір салып беретін болды. Ардагерлер саябағына қаржы салып, балабақшаның жобасын жасады. Мектептерге қажетті жабдықтарды да әперетін болды, – деп аудан әкімі Арман Бекбосынов жақсы жаңалықпен таныстыра кеті.
– Демалушыларға күніне төрт рет ыстық тамақ беріледі. Бағасы келісім бойынша. Жолдаманы Өскеменнен де сатып алуға болады, – деді Армангүл Нұрқасова.
Атап өтерлік жәйт, көрші Белқарағай ауылында өндірістік базасы жұмыс істеп тұр екен. Оны Айдын Матиков деген азамат басқарады. Ағаштан түйін түйетін Бекен Болысаев, Ержан Жарасбаев деген азаматтар балқарағай, самырсыннан бөшке, үстел, орындық, төсек, сандық сияқты оюмен әшекейленген заттарды жасап, сатуда. Бұл да кәсіптің бір түрі.
«Нұр бұлақ» шипажайының қазіргі жағдайы осындай.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.
___________________________
Суреттерде: «Гид-рейнджерлер» үйірмесінде жаттығатын шәкірттері; «Нұр бұлақ» шипажайы.