25 Сәуір, 2017

Шетел баспасөзіне шолу. Қытай саяхатшылары әлем экономикасын жандандыра ма?

291 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі шолуда: Франциядағы президенттік сайлаудың екінші туры үміт пен үрейдің айқасы болмақ. Ресейшіл кандидаттар көп дауыс жинады, бірақ одан Ресейге нақты пайда бар ма? Иранмен ядролық келісімді бұзуға уәде еткен Трамптың Иранға саясаты қандай болатыны белгісіз. Биыл 140 млн қытай шетелдерге саяхат жасайды.

Шетел баспасөзіне шолу. Қытай саяхатшылары әлем экономикасын жандандыра ма?

«Макронның жеңісі – үміттің жеңісі»

Батыс баспасөзіндегі негізгі тақырып – Франциядағы президент сайлауы. Еуропа лидерлері, либералдар, ірі басылымдар Еуропаның бірлігін жақтайтын Эммануэль Макронның бірінші турда жеңгенін қуана қабылдады. 7 мамырдағы екінші тур соңғы 60 жыл бойы Францияны басқарып келген негізі екі партия – консерваторлар мен социалистердің қатысуынсыз өтпек. Қашанда теңдік пен либерализмді жақтайтын британдық The Guardian Макронның жеңісін үміттің жеңісі деп бағалады.«Францияның алдында айқын таңдау тұр. 7 мамырдағы сайлау жайдарылық пен төзімсіздіктің, интернационализм мен ұлтшылдықтың, оптимизм мен өшпенділіктің, кері кету мен реформаның, үміт пен үрейдің тартысы болмақ» дейді басылымның редакциялық мақаласы. Сонымен қатар әсіреоңшылдар лидері Марин Ле Пеннің нәтижесіне де тиісінше мән беру керектігін айтады. «Ол дауыстардың төрттен біріне жуығын алды. Әкесі 2002 жылы 16,9% алса, Марин Ле Пен 21,9%-ға жеткелі отыр. Ол екінші турда жеңілсе де, «Ұлттық майдан» (Ле Пеннің партиясы) маусымда өтетін парламент сайлауында тарихи жеңіске жетуі мүмкін». Мақалада «Ұлттық майдан» «төзімсіздік, өшпенділік және ұлтшылдықтың ең жаман түрін» насихаттаушы партия ретінде бағаланады. «Алдағы екі аптада Франция тағы бір жұмылып, Макрон мырзаны президент сайлауы керек. Енді екі-ақ кандидат қалды. Француз сайлаушылары 2002 жылы «Ұлттық майданның» кандидатын жеңген болатын. Сол жеңісті қайталау үшін 7 мамырда күш біріктіруі қажет. Орта-оңшыл бағыттағы күштер қазірдің өзінде Макрон жағына шықты. Басқалар да, солшылдар да солай етуі тиіс» дейді британдық басылым.

Франциядағы сайлаудан Ресей не ұтты?

Ресейлік басылымдарда да бас тақырыптың бірі – Франциядағы сайлау. «Коммерсанттың» халықаралық саясат жөніндегі сарапшысы Максим Юсин сайлауға қазірден қорытынды жасай беруге болатынын айтады. «Біріншіден, дәстүрлі саяси күштер – солшылдар мен орта-оңшылдар – күйреп қалмаса да, қиын кезеңді бастан кешіріп отыр. Әзірге билікте отырған Социалистік партияның кандидаты Бенуа Амон мен «республикашыл» Франсуа Фийон екеуінің жинаған дауысы 25%-дан сәл асады. Салыстырайық: алдыңғы президент сайлауында социалистер мен оңшылдар (Франсуа Олланд пен Никола Саркози) екеуінің дауысы 56%-ға жуықтаған болатын. Екіншіден, француздардың дәстүрлі партиялардан шаршауы жүйеден тыс немесе тіпті жүйеге қарсы кандидаттардың танымалдығын арттырды. Әсіреоңшыл Марин Ле Пен мен әсіресолшыл Жан-Люк Меланшон (Уго Чавес пен Фидель Кастроны пір тұтады) екеуі 40% дауысқа ие болды. [...] Үшіншіден, алғашқы турдағы нәтиженің парадоксы сол, жалпы сомада 60%-дан аса дауыс жинаған төрт кандидаттың үшеуі Ресеймен жақындасуды, оған салынған санкцияларды жұмсартуды немесе алып тастауды ұсынады. Былай қарағанда бастары піспейтін әсіреоңшыл Марин Ле Пен, әсіресолшыл Жан-Люк Меланшон және дәстүрлі жүйедегі оңшыл саясаткер, бұрынғы премьер Франсуа Фийон үшеуі осы нүктеде түйісті. Әйтсе де, Мәскеудің бұл «моральдық жеңісі» іс жүзінде нәтиже бермейді деуге болады. Екінші турда Эммануэль Макрон жеңіске жететін сияқты. Ол санкцияларға қатысты «бірыңғай еуропалық көзқарасты» қолдауға уәде берді, ендеше санкцияларды жеңілдетуді ұсынуы екіталай» деп түйеді сарапшы.   

Трамп Иранмен жасалған ядролық келісімді сақтай ма?

Америкалық New York Times редакциялық мақаласын президент Трамптың Иранға қатысты саясатына арнайды. Бүгін АҚШ-та билік ауысқалы бері алғаш рет Иранмен ядролық келісім жөніндегі комиссияның отырысы өтеді. «Басқа халықаралық мәселелер сияқты Трамп әкімшілігінің Иран саясаты да бір-біріне үйлеспейтін мәлімдемелерден тұрады. Мұнымен қатар Иранды құбыжық ету, оның қаупін бұрмалау үрдісі бар. Бұл қажетсіз әрі қатерлі қақтығысқа апарып соғуы мүмкін. Иранмен 2015 жылы жасалған ядролық келісім жөніндегі әкімшіліктің әрқилы, бір-біріне қарсы мәлімдемелерін мысалға алайық. Обаманың басты жетістігі саналатын бұл келісім бойынша Тегеран ядролық бағдарламасын тоқтатуы, есесіне Ираннан экономикалық санкциялар алынуы тиіс. Сайлау науқаны кезінде Трамп ол жөнінде «бұдан өткен сорақы келісім көрмеппін» деген және жеңіске жеткен жағдайда оны бұзуға немесе қайта қарауға уәде еткен болатын. Алайда, Мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсонның өткен аптада Өкілдер палатасы төрағасы Пол Райанға жолдаған хатына қарағанда, Трамп мырза ол келісімді сақтауға ниетті секілді. Хатта АҚШ, Иран және әлемдік бес держава келіскен шарттарды Тегеранның сақтап отырғаны айтылады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің инспекторлары жағдайды оқиға орнында озық технологиялардың көмегімен тексеріп жатыр. Агенттік те соңғы есебінде осындай қорытынды жасады» дейді мақала авторы.

Қытай саяхатшыларының әлемдік экономикаға әсері

Қытайдың «Синьхуа» агенттігі қытай туристерінің әлемдік экономиканы дамытуға қосып отырған үлесі туралы сараптайды. Әлемдік туризм ұйымы мәліметтері бойынша, құрлықтағы Қытай саяхатшыларының шет елдерде жұмсайтын жалпы шығыны 261 млрд АҚШ долларына жетті, бұл американ туристерінің шығынынан екі есе көп» деп жазады агенттік. «Мамандардың пікірі бойынша, шетелге саяхаттап шығатын қытайлардың көбеюі арқасында көптеген елдерде жаңа жұмыс орындары ашылып, даму үрдісі байқалды. Әлемдік туризм ұйымының есебіне сәйкес, құрлықтағы Қытайдан шетелдерге саяхат жасаушылар саны өткен жылы 6%-ға өсіп, 135 млн-ға жеткен. Ал қытай саяхатшыларының шетелдердегі шығыны өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артқан» дейді мақала авторы. Бұл екі көрсеткіш бойынша Қытай 2012 жылдан бері әлемде көш бастап келеді. 2017 жылы шетелге сапармен шығатын қытай туристерінің саны 140 млн-нан аспақ. Агенттікке сұхбат берген маман Хэ Цзяньминь туризм индустриясы экономикада және адамдарды жұмыспен қамтуда 8-орын алатынын айтады. Сондықтан қытай саяхатшыларының шетелде жұмсайтын шығыны көбейген сайын олар баратын елдердің экономикасы жанданып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Осы себепті кей елдер Қытай азаматтарына виза рәсімдеуді жеңілдету, әуе рейстерін көбейту, туристерге арналған жағдайларды жақсарту сияқты істерді қолға алып жатыр. Агенттіктің хабарлауынша, мұндай шараларды Ұлыбритания, Бельгия, Франция, Марокко, Тунис, Мысыр сияқты елдер жасап та қойған.  «Ситрип» туризм агенттігі жасаған сауалнама көрсеткендей, Қытай азаматтары енді уақыт пен ақшаның басым бөлігін саяхатқа жұмсауды қалайды. Жауап бергендердің 98%-ы биыл саяхаттауды жоспарлап отыр. Олардың 72%-ы 1-3, 19%-ы 4-6 сапар жасамақ. Респонденттердің 57%-ы жылдық табысының оннан бір бөлігін, 19%-ы оннан екі бөлігін саяхатқа жұмсағысы келеді. Ал нақты сомаға келсек, сауалнамаға қатысушылардың 72%-ы сапарға 10 мың юаньнан (шамамен 450 мың теңге) аса ақша жұмсамақ.

Ержан Әбдіраман, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар