Ауа райын болжау орталығы биыл Атырауға мол өр суы келмейді дегенімен, жағдай бақылауда.
Былтыр көктемгі өр суы Құрманғазы ауданындағы Данай, Қаражар учаскелеріндегі бөгетті шайып кеткен еді. Жағалауды бекіту жұмыстарына облыс қазынасынан 47 млн теңге бөлінді. Биыл осы мақсатқа 37 млн теңге қаралған. Облыста су тасқыны қаупін тудыратын 56 шақырымдық учаске бар.
«Атырау қаласындағы 16 учаскенің тасқын кезінде суда қалу қаупі бар» дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Замир Бердашев. «Облыс аумағында 1967-1994 жылдары топырақтан тұрғызылған 415,5 шақырым қорғаныс бөгеттері бар. Олардың 172,5 шақырымы қалпына келтіруді қажет етеді. Өңірдегі барлық қорғаныс бөгеттері мен жаға бекіту ғимараттары қала және аудандардағы әкімдіктердің теңгеріміне берілген. Өткен жылы Құрманғазы ауданы бойынша су тасқынына қауіпті 28,6 шақырым қорғаныс бөгеттері жөндеуден өткізілді. Биыл Махамбет ауданындағы Алға селосының су тасқынына қауіпті 2 шақырым бөгеттің жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді» - дейді З.Бердашев.
Аймақта су тасқыны күрделенген жағдайда жедел әрекет ететін арнайы топ құрылды. Оның құрамында 3010 адам, 486 дана техника, 29 дана жүзу құралдары бар.
Бақытгүл Бабаш,
«Егемен Қазақстан».
Атырау