Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

Димаш Франция телеарнасынан шақырту алды

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада бүгін Қытайдағы «I am a singer» атты танымал телевизиялық байқауда сәтті өнер көрсетіп, айдай әлемді аузына қаратқан Димаш Құдайбергенге марапат көрсету кеші өтті.

Димаш Франция телеарнасынан шақырту алды

«Қазақстан» концерт залындағы негізгі шара басталмас бұрын астаналық жанкүйерлер Димаш Құдайбергенді кіреберістен күтіп алып, «Қазақ­стан алға! Димаш алға!» ұранымен қарсы алды. Астаналық жастар Димаштың құрметіне арнайы флешмоб ұйымдастырып, жүзге жуық адам «Димаш» деп жазылған жүректі құрастырды. 

Мерекелік кешке Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы қатысып, Димашты жеңісімен құттықтады.

– Димаштың жеңісі – бүкіл қазақ елінің жеңісі. Димаштай жас талантты дүниеге әкелген Айтбаевтар отбасына мың да бір рахмет, – деп құттықтау лебізін арнаған министр, Димаштай ұлды тәрбиелеп-өсірген ата-әжесін сахнаға арнайы шақырып, құрмет көрсетіп, шапан жапты.

Әнсіз кештің көркі кірген бе, Димаш залға жиналған 3 мыңнан астам көрермен алдында «Ұмытылмас күн» музыкалық композициясын, «Дайдидау» халық әнін шырқады. Әнші халықтың ыстық ықыласы мен тілектестігіне алғыс білдіріп, жылы лебізін арнады.

– Кез келген жетістікке жеткен азаматтардың артында ақ жаулықты аналарымыз тұрады. Мені бала кезден бағып-қағып өсірген ұстаздарыма, үлкен сахнаның төріне дейін шығарған қазақ халқына мың тағзым! Заманауи Қазақстанның негізін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлына рахмет айтамын!, – деді ол.

Кештің құрметті қонақтары қатарында әншінің ата-анасы, педагогтары мен ұстаздары болды. Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде Димашқа сабақ берген ұстазы Марат Әйтімов Ақтөбеден Димашты қарсы алу үшін арнайы ұшып келген екен. Оның айтуынша, кішкентайынан-ақ Димаш өзгеше болмысымен өзгелерден дараланып тұратын.

– Димаш ешкімге ұқсамайды, өте сезімтал. Ән табиғатын, мағынасын жақсы түсінеді. Басқа қонған бақ, даңқ жолы қиын болады. Сондықтан адами қалыптан айнымай жүрсе екен деп тілеймін. Үнемі өзіне сыни көзқараспен қарап, шығармашылық еңбегін ұштай берсе, бәрі де жақсы болуға тиіс. Ол Қазақстанның әншілік өнерін жаңа сатыға, әлемдік деңгейге көтерді,– дейді ұлағатты ұстаз.

Журналистерге сұхбат берген әншінің әкесі Қанат Айтбаев Димаштың салтанатты жеңісімен барша жұртты құттықтады.

– Өнер адамын өсіретін, қанаттандыратын халық ықыласы. Тақымын қысып, өз баласындай көріп, үлкен тілеулестік білдіріп отырған елімізіге халқымызға алғыс айтамыз. Димаштың көңіл-күйі өте жақсы, – деген ол, жұрт арасындағы Димаштың таланты мен бағы шетел асқан соң жанды деп айтылып жүрген кей пікірмен келіспейтіндігін айтып қалды. – Димаштың Қазақстандағы тыңдармандары бұрыннан көп болды, Қытайдағы байқаудан кейін тіпті арта түсті, – дейді Қанат Айтбаев.

«Hunan TV» арнасымен шартқа байланысты қазіргі күні ешқандай баспасөз бетіне сұхбат бере алмайтындығын жеткізген әншінің продюссері Алпамыс Шәрімов Димаштың алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

– Франциядағы танымал телеарнаның шақыртуымен концерттік бағдарламада LP сияқты танымал тұлғаларымен бірге өнер көрсетеді. Бағдарлама мамыр айында эфирден көрсетілуі тиіс, бүгінде түсірілім жұмыстары толық аяқталды. Шарт мерзімі аяқтала салысымен Димаш қазақстандық баспасөз құралдарына арнап мәслихат өткізеді,– деді продюссер.

Ая ӨМІРТАЙ, 

«Егемен Қазақстан» 

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ

Соңғы жаңалықтар