Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесу барысында Қ.Әбдірахманов «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 24-25 қазандағы Эр-Риядқа ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашты, болашақта қарым-қатынастарымыз дамып, нығая түсетіндігіне кәміл сенеміз», – деп айрықша атап өтті. Осыған орай, министр әріптестерімен жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу жайын талқылады.
Қазақстан тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және басқа да халықаралық, сондай-ақ өңірлік ұйымдар шеңберіндегі Эр-Риядпен ынтымақтастығын жоғары бағалайды, сонымен қатар, Астана қаласында штаб-пәтері орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құруға Сауд Арабиясының қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Сауд Арабиясы тарапын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясындағы еліміздің қызметі, Астана процесінің үлесі туралы хабардар етті. Осыған байланысты, келіссөздер барысында Эр-Риядтың Сирия дағдарысын реттеу процесінде осы саладағы жағдайға ықпал ететін күш ретінде маңызды үлесі талқыланды. Тараптардың ортақ пікірінше, Сириядағы қақтығыс және оны қарулы күшпен шешу әрекеттерінің одан әрі жалғасуы барша үшін жеңіліске әкелетін нәтижесіз жол болып табылады.
Осы орайда, министр 2016 жылы сәуірде өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ыстанбұлдағы саммитінде Сауд Арабиясы тарапынан қолдауға ие болған «Ислам әлеміндегі татуласу» жөніндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Ердоғанның бірлескен бастамасының маңыздылығын атады.
Екіжақты сауда-инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылау кезінде оны жандандыру үшін ең перспективалы салалар ретінде мұнай химиясы, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымдық жобалар көлденең тартылды. Бұл бағыттар 2016-2017 жылдарғы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықтың жұмыс бағдарламасында көрсетілген. Қазіргі уақытта Астанада осы жылдың екінші жартысында өтеді деп жоспарланған Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Эр-Рияд ауыл шаруашылығы секторына, атап айтқанда, Қазақстаннан ет өнімдерін жеткізуге мүдделі екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысында Саудия инвесторларының қатысуымен жаңа құс фабрикасын сатып алу ірі жобасы жүзеге асырылуда.
Министр Саудия тарапына
ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатыны үшін алғыс айтып, Корольдік павильоны көрменің ең ірі және ең қызықты павильондарының бірі болатындығына сенім білдірді. «Сауд Арабиясының бизнес-қауымдастықтары әлемдік деңгейдегі осы маңызды іс-шараға белсенді түрде қатысады деп үміттенеміз», – деді ол.
Эр-Риядтағы министрлер кездесуі дәстүрлі түрде достық пен өзара сенім ахуалында өтті және Қазақстанның мұсылман әлеміндегі аталған маңызды елмен қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға септесетіні сөзсіз.
Қ.Әбдірахмановтың Сауд Арабиясы мен Кувейт елдеріне жұмыс сапары жалғасуда.