Облыс әкімі Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдерімен кездескенде, қызыл су шайып кеткен аймақтарға барып, зардаптарды жоюға, елді мекендерді абаттандыруға бір кісідей қатысуға, жаппай сенбіліктер ұйымдастыруға шақырған болатын. Бағалы бастамаға үн қосқан «Нұр Отан» партиясының мүшелері, жастар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Ғ.Мүсірепов ауданындағы Рузаевка ауылында сенбілік ұйымдастырды. Мәслихат депутаттары тұрмыстық техникалармен, азық-түлікпен, құрылыс материалдарымен, кеңсе тауарларымен жәрдемдесті. Оларға тұрғындар да қосылып, қайырымдылық акциясына белсене қатысты.
Құмар Іргебайұлы табиғи апатты бастан өткерген үйлерде болып, жағдайларымен танысты. Арнайы құрылған комиссия өз жұмысын аяқтап, шығындарды есептеп шығарды. «Өткен жолы уәде еткендей барлық қажетті шараларды жасайтын боламыз», деді ол. Гуманитарлық көмектер басқа өңірлерден де келіп жатқанын жеткізді.
Осында жарты ғасырға жуық тұратын Анна Симоненко қуанышта да, қайғыда да бірге болатын Елбасына деген ризашылығын білдірді. «Балаларым Ресейде тұрады. Мен туған Отанымда қалуды жөн санадым. Ең бастысы, елім, жерім аман. Ешқандай кемдік көріп отырған жоқпын», дейді толғана сөйлеген кейуана.
Орталықтандырылған аудандық аурухананың Рузаев бөлімшесінің меңгерушісі Виталий Чичканның айтуынша, дәрігерлік-амбулаторияда дәрі-дәрмек жеткілікті.
Тұтастай алғанда, облыста жағдай тұрақты. Шал ақын, Есіл аудандарында су басу қаупінің сейілгені байқалады. Петропавл қаласындағы №12, 13, 14 мектептерде эвакуациялық бекеттер ұйымдастырылған.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы