Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

Отбасымен қоныс аударғысы келетін тәжік азаматтары көп

140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсiз Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің ортақ мекені болып келеді. Бүгiнде елiмiзде олардың өз тiлi мен дiлiн, мәдениетiн дамытуға кедергi жоқ. Әрбір қазақстандық елдің дамуына, өркендеуіне өз мүмкіндігіне қарай үлес қосуда. Елімізде барлық сала дамып, халықтың тұрмысы жылдан-жылға жақсара түсуде. Оның бәрi Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясаты мен елiмiзде қалыптасқан ұлтаралық достықтың негiзiнде жүзеге асып отырғаны мәлім.

Отбасымен қоныс аударғысы келетін  тәжік азаматтары көп

Елбасының: «Қазақ даласында сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен. Тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналдық» – деген сөзі жадымызда жаттаулы. Сондықтан, кең­байтақ қазақ жерінің қай өңірінде өмір сүрейік, мақсатымыз ортақ, әрекетіміз бен мүддеміз бір. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 35 мыңнан астам тәжік этносының өкілдері тұрады. Олардың барлығы, оның ішінде мен де осы елдің патриотымыз. Жүрегім де, көңілім де қазақ жері деп соғады. Оның болашағы – менің де болашағым. Егер мемлекетіміздің экономикасы нығайса, осы жерде ғұмыр кешіп жатқан барлық халықтардың да әл-ауқаты, тұрмыс жағдайлары жақсаратындығы белгілі.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет іске асыруға кіріскен «Нәти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының ел тұрғындарына берері мол. Еңбекке қабілетті азамат өзінің күш-қуатын елдің дамуына үлес қосу үшін, тіпті, өз отбасы тұрмысын жақсарту үшін қай өңірде болсын жұмыс істеуге дайын болуы тиіс. Міне осы тұрғыдан алғанда халқы тығыз орналасқан, демографиялық өсімі жоғары оңтүстік өңірінің еңбекке белсенді азаматтары арасында солтүстік облыстарда жұмыс істеуге ниет білдірушілер көбейіп келеді. Күні кеше облыс әкімдігінің, тиісті министрліктің ұйымдастыруымен Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында өткен іс-шаралар жергілікті тұрғындарға нақты бағыт-бағдар берді. Оңтүстікке арнайы келген Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының өкілдері көптеген ұсыныс­тар айтты. Өңірлердегі жағдаймен жақын таныстырып, бос жұмыс орындары жөнінде кең мағлұмат берді. Мақтаарал ауданы тұрғындарының қызығушылы­ғын тудырды. Бөле жарғаным емес, солтүс­тік өңірлерге барып жұмыс істеуге ниет білдіріп отырған тәжік бауырларым­ның қатары көбейді. Отбасымызбен, әулетімізбен бірге көшіп барсақ деп отыр­ған тәжік жастары көп. Үкімет, жергілікті әкімдік жер телімдерін береміз, жұмыспен қамтамасыз етеміз, алғашқы кезде жағдай жасаймыз деп отырса, неге бармасқа?! Енді алдағы уақытта Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Ыбрайұлы іс-шара жоспарын жасап, соған сәйкес жұмыс орындарын ұсынып отырған облыстардағы жағдаймен танысып қайтпақпыз. Барып келген соң еңбекке белсенді азаматтарды, жастарды сол жаққа жұмысқа алып баруға кірісеміз. Көшуге ниеттілердің арасында ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандық алған жастар да көп. Жер бөлінсе, тер төгіп еңбегінің жемісін көргісі келетін диқандар да аз емес. Мәдениет, білім, спорт саласында еңбек еткісі келе­тін­дер де баршылық. Жоғарыда айтып өт­ке­німдей, Мақтаарал ауданында халық тығыз орналасқан. Оның ішінде, 9-10 ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы тәжік от­басылары көп. Олардың барлығына аудан­да жұмыс табыла бермейді. Сондық­тан да, еліміздің өзге өңірлерінде еңбек етуге құлшыныс танытуда. Қысқасы, халқы тығыз орналасқан аймақтағы жұмыс күшін өзге өңірлер арқылы тиімді пайдалануды көздеп отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, облыс әкімдіктерінің бұл бастамалары жергілікті жерлерде қолдау табуда.

Жолдас СҰЛТАНОВ,

«Оңтүстік Қазақстан облыстық тәжік мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы


Соңғы жаңалықтар