26 Сәуір, 2017

Ең ауыр күнә

3089 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ана құрсағындағы шара­на­ның 18 күнде жүрегі соғып, 8 апта­да айналасындағы тір­ші­л­ікті се­зе бастайды екен. Ал 12 апта­да саусағын сорып, ба­сын қимылдатады. Міне, сол кеу­де­сі­не жан бітіп, адам кейпіне келген шақалақ өзіне келе жатқан қау­іпті, жасалатын қиянатты сез­генде жиырылып қарсылық көр­сететін көрінеді. Демек, әйел ағ­­засында жүріп жатқан табиғи қа­лыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдыртып тас­тау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс де­се де болғандай. Өйткені, Ис­лам дінінде кісі өлтіру ең ауыр кү­нә болып есептеледі. Ал ана құр­са­ғындағы кеудесінде жаны бар шарананы кесіп, бөлшектеп алып тастау ауыр күнәға жатпай ма?..

Ең ауыр күнә

Аборт – жүктілікті бұзып, бала­ны жасанды жолмен алдырту, яғ­ни болжаммен тұспалдап жа­са­ла­т­ын кішігірім «соқыр» операция. Дәрігерлер мұндай тағылық опе­ра­цияға баратын әйелдерді төрт топ­қа бөледі. Біріншісі, жыныстық мәселеде сауатсыз жасөспірім қыз­дар, ойнақтап жүріп от басқандар. Мұн­дай кезде жігіттер жағы сыты­лып шығып, бұл қасіретпен қыз­дар­ды жеке қалдырады. Соның салдарынан 15-17 жастағы бойжеткендер жүктілігінің 75 пайызы жасанды түсік жасатумен аяқталады. Екіншісі, бала туғысы келмейтін 30-40 жас аралығындағы түсік жасатуға саналы түрде баратындар. Үшіншісі, әлеуметтік тұрмысы ауыр, болма­са денсаулығы көтермейтіндер, яғ­ни шарасыз жағдайға түскендер. Төртіншісі, бала тууды жоспарламай, бала түсіруді жүктіліктен сақ­танудың құралы деп санайтындар. Бір әйелдің «құдайдың өзі кешірсін, 28 түсік жасаттым» деп отыр­ғанын естігеніміз бар. 

Жалпы, жасанды түсік жаса­ту­дың әйел ағзасына келтіретін кеселі, зияны жөнінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ.

«Табиғат шебер ғой, әйел жа­тырының ішкі шырышты қабаты  ұрық қонатындай қалың, құдды ба­лаға салынып қойылған жайлы төсек сияқты», дейді білікті аку­шер-гинеколог, медицина ғы­лым­дарының докторы Баян На­у-

рызбаева. Ең қауіптісі, алғашқы жүк­тілік бұзылғанда шамамен әйел­дің 70 пайызға жуығы бе­деу­лікке шалдығады. Яғни, бірінші баланы алдырғанда, шақалақпен бірге шырышты қабат та қырылып алып тас-

талынады. Міне, сол қырған орын кәдімгі жара сияқты, жазылғанда тыртыққа айналып, жатыр бүрісіп қалады. Кейін жүкті болуға әлгі әйелдің жатырында ұрық қонатын шырышты қабат болмағандықтан, бала түсіп қала береді. Себебі, бү­ріс­­кен жатыр кеңімейді. Ал бірінші баласын босанған әйелде мұндай қауіптің болмайтынынан жатырдың созылу, жиырылу қасиеті сақталып қалады.

Кеңес заманының өзінде жасан­ды түсік жасатуға тыйым сала­тын заңды қайта қарап, бала кө­те­ру-көтермеуді әрбір әйелдің өз еркіне берудің басты себебі әр­түрлі қылмыстық жолмен жасырын жасалатын аборттан кейін өлім саны көбейді. Мәселен, рес­пуб­ликада 1995 жылы 40-45, 1997 жылы 60-қа жуық әйел аборттың құрбаны болған. 2001 жылы Денсаулық сақтау министрлігі жүк­тілікті бұзып, жасанды түсік жа­сату тек мемлекеттік емдеу және профилактикалық мекемелерде ғана рұқсат етілсін деген бұйрық шы­ғарды. Бүгінде елімізде аборт са­ны жыл сайын кемуде. Мәселен, Қазақстанда 1995 жылы аборт саны 224 мыңға жетсе, 2016 жылы 73 926-ға төмендеген. Дегенмен, жасырын түсік жасату әлі күнге дейін бар.

Мамандардың айтуынша, бұл жерде әйел өз денсаулығына деген көзқарасты өзгертулері керек. Оның ең бастысы – жүктілікті болдырмау, оның алдын алу. Қазір соншама дәрі-дәрмектер, контрацептив, сақтанудың түрлі жолдары бар. Рас, Қазақстан түсік жасатуға рұқ­сат етілген ел болғанмен, мүм­кін­ді­гінше ондай әрекетке жі­бе­рмеуге ты­рысқанымыз абзал. Өйтпеген жағ­дайда жүктіліктің соңы тас­танды балаға айналып жатқаны өмір шындығы. Бұл аборттан да өт­кен сорақы қылмыс. Сондықтан, қа­лаусыз, қажетсіз жүктіліктен қа­лаусыз, қажетсіз жетім балалар туылып, олардың қасіреті, көз жа­сы мойнымызға жүктелетінін қай-қайсымыз да жадымыздан шы­ғармасақ дейміз...

 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»