Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

Елдіктің ерен сөзі

285 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ел ертеңі мен ұлт болашағы туралы бағ­дар­лы сөз айтылды.

Елдіктің ерен сөзі

Тарихын мыңдаған жылдардың қой­нау­ынан алатын, Алтай мен Атырау, Қыр мен Сыр, Алатау мен Қаратау арасын жайлаған қара орман қазақ жұртының рухына қанат біті­рер осынау Елбасы аузымен ай­тыл­ған тағы­лымы мол, танымы терең тари­хи құжаттың жал­пы­халықтық қолдауға ие бол­ға­нын жан жү­регімізбен сезініп отырмыз.

Біріншіден...

Сөз жоқ, құжат төркінінде жатқан ұлт ертеңі мен ұрпақ тағдырын анықтап, айқындар тарихи қажеттіліктердің мейлінше жүйеленіп, жіктеліп, барынша батыл әрі батыр айтылуы; әлемде қалыптасып отырған күрделі геосаяси ахуалдарды таразы-талқыға сала отырып, содан шығу мен ұрынбай өтудің күнгейлі, көлеңкелі тұстарын жан-жақты ескере отырып айтылуы аталмыш құжаттың тарихи мәнін салмақтандыра түскен.

Екіншіден...

Мақала үлгісінде жазылған баяны таза, бағ­дары кең, ойға қонымды, өрісі мен өр­кені қатар өрілген бағдарлы құжаттың ұлт тағдырына қа­тысты ұстанымдар мен ұсы­ныстарды, әсі­ре теорияшылдықтың қорығына қамамай, кез келген парасатты пендені бейтарап қал­дыр­ма­й­тындай, ойын қозғап, жүрегін тер­бей­тіндей үл­гіде өрілуі миллионсанды алып аудиторияға жол табу мүмкіндігін қамтамасыз еткен.

Соның нәтижесінде жаңа дәуір ұсынар күрделі рухани қиындықтар мен іргелі саяси, экономикалық проблемаларды шешу­дің жолдары сараланып, нақтыланып, қазақстан­дық жаңғырудың үшінші кезеңінің алтын арқауы – рухани жаңғыру деген қоғам дамуы­ның жаңа тұрпатты тұжырымдамасы өмірге кел­ген.

Айтулы тұжырымдама нақты өмір, қоғам, заман ұсынар қилы-қиын «тар жол, тайғақ кешулерден» өту мен жаһандану кезеңіндегі ақыл мен ойға, айла мен әдіске құрық салдыра бермес әлемдік аласапыран дүмпулерді ырықтаудың, алдын алудың, ұлт ретінде жойылып кетпеудің қамын қарастыруға, жаңа ғасыр аламанының алдынан көрінер ойлы, парасатты күрескер ұрпақ тәрбиелеуге бағыт сілтейді.

Шындап келгенде, бұл – бір күннің, бір айдың, бір жылдың жемісі емес, тәуелсіздік дәуірі тарих аренасына шыққалы ұлт пен ұрпақ санасына тыным бермей келе жатқан жаһандану жағдайындағы «қорғану» мен «сақтанудың» жолын іздеудің жарқын ны­ша­ны. Бұл – Қазақстан секілді екі құрлықты тең жайлап, екі түрлі мәдениет пен екі талайлы тағдырлар тайталасын басынан көп өткерген, өр­кениеттер додасына да аз ілікпеген көп ұлтты, көп конфессиялы көне жұрттың тізгінін ұс­таған басшының «сегіз өлшеп, бір пішудің» нәтижесінде жеткен тарихи тоқтамы. Ұлт тағдырын толғап барып, батыс пен шығыстан, солтүстік пен түстіктен көз қадаған алпауыт мүдделерге байсалды, байыпты жауап беруге негізделген тамырында «ұлттық рух» пен «рухани жаңғыру» атты қос ұғымның ыстығы атқақтап жатқан осынау бір деммен оқылатын, оқылып қана қоймай, ойлы оқырманның сана-көзін желпіп, күдік пен күмәннің соқпақ-сүрлеуін тазалап өтер аталмыш мақаланың, дәлірек айтқанда, ұлт дамуына бағыт сілтер бағдаршам құжаттың халықтың көңілінен шығып, ойы мен санасын дөп басуы, қоғам тамырының соғысын дәл ұстап, миллионсанды алып аудиторияның жүрегіне жол табуы – соның белгісі.

Иә...

Халық танып, мойындаған, қолдаған жаңалық атаулының өмір жасы қашанда ұзақ болары күмәнсіз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағыты мен бағдары өзгеше, өрісі кең, тынысы ашық, ұстанымы берік, ұстыны бөлек жаңа күретамыр бағ­дар­ламасы – ұлттық мемлекетіміздің дам­уына, елі­міздің уақыт, замана талаптарына сай өр­кен­деуіне ықпал етер іргелі, тарихи құжат.

Адамзат дамуының қазіргідей аса күрделі кезеңінде уақыт кесе көлденең тартып отырған «күрмеуі қиын күрделі» мәселелерді оң шешу ауадай қажет. «Рухани жаңғыру» міндетін атқару – ұрпаққа сын. Оны ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың арқасында ғана жүзеге асыруға болады. «Береке түбі – бірлік» деген халықпыз. Елбасы әлемдік дамудың жаңа сипатты өзгерістері мен жойқын дүмпулерін бас-

тан өткеріп отырған қатерлі де қауіпті кезеңде ұлттық мүдделерді қызғыштай қоруға ашық шақырады.

Иә...

Жаһанданудың «жан алысып, жан берісер» кезеңі келді. Күні кеше ғана жалпы саны алты миллиардқа жетер-жетпес адамзат баласы «қамшының сабындай қысқа мерзім ішінде – он жылдың ар жақ, бер жағы аралығында жеті миллиардтан асып жығылды. Осыдан тұп-тура он жыл бұрын (27.05.2007 жылы) жазылған мына бір өлеңім еріксіз есіме түсіп отыр.

«Түсінемін, түсінем...

Алты миллиард адамзаттың ішінен

дарындылар оза шауып ісімен,

жалындылар көрінеді күшімен.

Шешілмеген кешегі

Жұмбақ сырды бүгінгілер

шешеді...

Алымдылар уақытпен алысып,

шалымдылар жібермейді есені.


Өр тірегі – өлі шың...

Жер тірегі – үйлесім мен келісім.

Мұңсыздардың Айы туып

оңынан,

қырсыздардың кезеді үні ел

ішін...» –

деген жолдар дәуір сауалдарына жауап іздеуден туған еді... Жә! Іргелі дәуірдің күрделі жауабын біз жыр тілінде осылай іздесек, Алаш жұртының ар­да туған көшбасы көсемі осынау күрделі сау­алдың жауабын ел тізгінін ұстағалы «түн ұйқысын төрт бөліп», көнеден қалған көк түрік бабаларының ел басқару үлгісін қай­ыра жаңғыртып, жанұшыра іздеумен келе жат­қа­нын аң­ға­рамыз... Өз басым сондай ойдың қу­ат­ты жұлқ­ынысы мен мақсат-мұраттың пәр­менді бұлқынысын сан мәрте жүрегімен се­зінген адаммын.

Тәуелсіздіктің елең-алаң кезеңі...

«Егемен Қазақстан» газетін басқарған кезімде Нұрсұлтан Әбішұлымен арнайы жолығып, неше дүркін сұхбат жүргізгенім бар. «Арқа еті – арша» болған жұрттың алдынан «не ел болып қалу, не бордай болып тозу?» дейтін ұлы сауалдың кес-кестеп тұрған тұсы... Көзінде халық тағдыры мен ел ертеңін ойлаған мұң мен қайрат, қажыр мен намыс қатар өрілген тәуелсіз ел басшысының ұлт, ұрпақ қамын тереңнен толғап айтқан әр сөзі менің жадымда. Экономикасы қираған, идеологиясы күйреген, уақыт дейтін қатал, қатыгез сыншы жүрек пен жанды аяусыз түйреген тоқсаныншы жылдар... «Без правых и левых» деген ұранды ту етіп көтеріп, өз елінде өзі қазақ атануға кіріптар күйге түскен елдің еңсесін тіктеп, негізгі ұлттың саны қырық пайыздан аспайтын кеңістікте ұлттық мемлекет дейтін басты ұғымды конституциялық жолмен бекітуге орасан күш салған күрескер тұлғаның: «Әуелі елдің қарнын тойдыру қажет; шекарамызды ше­гендеп, елдік тұтастығымызды әлем мой­ын­дауы керек!» дегені есімізде. «Уақыт жүк­т­еген ама­нат бар... Соны біздің ұрпақ көтеруі тиіс»... деп әруақтана сілкініп: «Мені елдің ертеңі ма­залайды...» деп ойға батқан тұстарының сан куәсі болып едік...

Енді, міне...

Шегарасы шегенделіп, әлемнің төрт тү­к­пірі тегіс танып, түгел мойындаған Қазақ­с­тан жаңа дәуір кеңістігіне еркін аттап отыр­ған тұста Елбасы Қазақстан жаң­ғы­руы­ның үшінші кезеңіне өткенін жалпақ жаһанға жа­рия етті.

Рухани жаңғыру – сол үшінші кезеңнің ең басты құжаты! Бейнелі тілмен айтар болсақ, Ұлттың паспорты!

Құжат жаһандану жағдайында ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жол­да­рын ұсынды. Елбасы Қазақстанның мемлекет ре­т­інде басып өткен жолын жан-жақты елек­ке сала отырып, әлемнің арғы-бергі дәу­ірлерінде өмір сүрген үлкенді-кішілі ел­дер­дің тағдырларын ой талқысына салды. Қа­лып­тасып отырған әлемдік бәсекелестік ке­зе­ңінде ұлт мәңгілігін қамтамасыз етер, өмір сү­руге барынша бейім ұрпақ өсіріп, күрескер ұлт тәрбиелеудің қажеттілігіне айрықша тоқталды.

Елбасы айтқан ұрпақ пен ұлт дейтін проблема төркінінде сананы уақыт талабына сай бейімдеу, сондай-ақ уақытты өз кезегінде рухани жаңғырудың сүзгісінен өткен ұрпақ пен ұлт ыңғайына бағындыру дейтін аса маңызды ұлт үшін қажет мемлекеттік мәсе­ле­нің жатқаны анық. Бұл, сайып келгенде, ел ертеңі мен мәң­гілігін қамтамасыз етер тари­хи қажеттілік. «Күн санап өзгеріп жатқан дү­бірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние-та­ны­мымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүм­кін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемдеу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген Қазақ Президентінің ұс­танымы осы айтқанымыздың айғағы.

Сіз бен біз осы күндерде әр сөйлемі мен әр бабына айрықша тоқтап, жаратылысы мен табиғатына тереңдеуге ұмтылып отырған тарихи құжат – уақыттың сыны мен сорабынан өткен, өзінің демократиялық-құқықтық қоғам орнату принципіне адалдығын әлем алдында дәлелдеген тәуелсіз елдің еңсесін тіктеген үстіне тіктей түсуіне негіз болар халық күткен құжат!

Иә...

Қазақтың елі де, жері де тарихтың тағдырлы кезеңдерін басынан аз өткерген жоқ.

Өз өткенін таразылай білер бүгінгі тә­лім­­ді ұрпақ осынау тағдыршешті кезеңде өмір­ге келген тағдыршешті құжатты бар бол­­­мысымен, жан дүниесімен қабылдап, қол­­дау көрсетуде. Жер-жерде, ауыл-ауылда, оқу орындары мен мекемелерде, бір сөзбен айт­қанда, Ұлы Дала дейтін алып кеңістіктің қой­нау-қолтығында жүрек қалауымен өтіп жат­қан талқылаулар халықтың көтеріңкі көңіл ауанын, қанатты көзқарасын анық танытуда. Рухты ояту мен сілку жиындары Елбасы айтып отырған «өзгеруге», «ұлт болып жаңғыруға» апарары шүбәсіз...

Өйткені...

Бүгінгі Қазақстан – соңғы ширек ғасыр бойы-

на сол тарихи сілкініске түбегейлі дайындық жасаған, әлемнің түкпір-түкпірімен еркін интергациялық байланысқа шығу арқылы өзін бірегей ұлт болуға әзірлеген ел. Біз тіл, діл, дін, ел, жер секілді киелі де қасиетті ұғымдарды, анық танып, әділ бағалау жолын таңдаған елміз.

Бүгінгі Қазақстан кім көрінгеннің жетегіне көзсіз еріп жүре беретін «боркемік», «босбелбеу» кеңістік емес.

Біз – Қазақстан тағдырын өз тағдыры деп ұғар, оңы-солын толық таразылаған ұрпақпыз.

Біз – еліктеу мен солықтаудың қаншама қатерлі екенін жан-жүрегімен сезінген, Қазақстан Президентінің сөзімен айтқанда, «ХХ ға­сырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сырын» жан дүниесімен ұғынған ұрпақ-

пыз.

Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде дамудың жаңа жолына түскен жас мемлекет ретінде алыс-жақынмен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында есік-тере­зе­міз ашық болды. Жаһанданудың жойқын кө­ші керектіні де, керексізді де алып келді. Сан алуан ағыстар мен сан қилы қағыстарға төтеп беру қиынға түсті. Ұлттық жадымыз бен жан дүниемізге қайшы келетін келеңсіздіктер өрімізге де, төрімізге де еркін еніп кетті...

Міне, осындай келеңсіз жағдайларға табандап қарсы тұратын бірден-бір қуатты күш – Назарбаев айтқан «Ұлттың рухани коды»!

«Ұлттың рухани коды» дегеніміз не?

Ол – сан ғасырлық тарихи тамырларымыз, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұра­тын дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тілдік ерекшелігіміз, діни ұстанымымыз, білім-ғылымымыз, қоршаған ортамыз, қыл аяғы ошағымыз, отымыздың басы!..

Біз ұлт кодын сақтай отырып, қоғамды дамытуға, уақыт талабына сай бағыттауға жұмылдыру қайталап айтамыз, бірегей ұлтты қалыптастырудың үлгісі деп ұғамыз. Елбасы ұсынып отырған сан салалы, сан сипатты даму мен өрістеудің жолдары мен міндеттері осынау Ұлы Дала төсіндегі жаңа тұрпатты Қазақ елінің бүгінгі баянын бекітіп, ертеңгі болашағын анықтауға жол ашары анық. Ұлт­тық сананы дамудың жаңа сатысына көтеріп, өркендеудің жаңа кеңістігіне алып шығар бәсекелік қабілет пен прагматизмді, ұлттық бірегейлікті сақтау мен білімнің салтанат құру­ын, елдің эволюциялық дамуы мен сананың ашық­тығын қамтамасыз етер ел Президенті белгілеген таяу жылдардың алты міндеті мен өмір сүру қабілетімізді шыңдар құжаттағы алты жоба – тамырын тереңнен тартар, өз ертеңін өзі өрнектер, өз тағдырын өзі қашап, өз бейнесін өзі сомдай білер Ұлы Дала мемлекетін Мәңгілікке бағыттар сара жол!

Сонымен...

Президент сөзімен айтқанда: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­биетіміз, жоралғыларымыз, бір сөз­бен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезов­­тің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қой­нау­ы­нан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мә­дениетіміздің бір парасы ғана.

...Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын: Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды; екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек!»

Елбасы шегелеп айтты!

Үкіметке, тиісті құзырлы мекемелерге, қоғамдық ұйымдарға нақты тапсырмалар берілді. Енді арқаны кеңге салуға уақыт тар.

Қайталап айтамыз, қара орман жұрттың, қалың зиялы қауымның күткен әңгімесі айтылды. Елбасы аузымен ел жүрегіне қонақтардай тұмарлы дәуірдің тұғырлы сөзі айтылды. Тағы­лымы бөлек, табиғаты таза елдіктің ерен сөзі айтылды.

Ендігі міндет – соны орындау. Уақыт ұсынар ауыр жүкті жұмыла көтеріп, жүзеге асыру.

Алаш қозғалысының жүзжылдығы тұсын­да Алаш елінің көсегесін көгертуді, Қазақстан есімді ұлы жұртымызды уақыттың алмағайып мінезді аласапыранынан алып өтуді мұрат еткен ұлттық тұтастыққа бастар рухани жаң­ғы­рудың ұлы көшіне табыс тілеу – бәрі­мізге па­рыз. Аламанның алдынан көрініп, көш сал­ма­ғын иыққа артып, жүрекпен көтеру, санамен қозғау – бәріміздің ортақ міндетіміз...

Шүкіршілік!

Ұлт зиялылары мен сергек ойлы жаңа, жас ұрпақ өкілдерінің сөзі де, ойы да бір арнадан табысуда!

Жалпыхалықтық пікір алмасулар – соның айқын дәлелі. Халық талқысына түсіп отырған айтулы құжаттың ел тағдырына жауап берер бірінші тұлғаның аузымен айтылып, Елбасы ойының миллионсанды алып аудиторияның ойымен тамырласа қабысуы, бір арнадан табысуы – ұлттың игілігі!

Бұл, сөз жоқ, ұлттың жеңісі!

Бұл, сөз жоқ, Тәуелсіз Қазақ елінің жеңісі!

Халық қанаттанса, құдіретті күшке айна­ла­ры хақ.


Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы


Соңғы жаңалықтар