− Ақылжан Мәлікұлы, ең алдымен, төлем балансы дегеніміз не және ол не үшін қажет?
− Төлем балансы – халықаралық макроэкономиканың аса маңызды тепе-теңдігі, ол ұлттық экономикада орын алған және оның қалған әлеммен өзара қарым-қатынасындағы барлық теңгерімсіздіктерді көрсетеді. Төлем балансы бойынша статистикалық есеп шоғырландырылған және жіктелген түрінде белгілі бір уақыт кезеңіндегі резиденттер мен бейрезиденттер арасындағы экономикалық операциялар туралы деректерді қамтиды. Төлем балансының деректерін зерделеу валюталық бағамның оның іргелі мәндерге сәйкестігі, тұтастай алғанда экономикадағы инвестициялар мен жинақтар теңгерімсіздігінің болуы, қаржыландыру көздері немесе капиталдың әкетілу себептері сияқты маңызды сұрақтарға жауап береді. Төлем балансы макроэкономикалық міндеттер туралы түсінік береді, оларды мемлекет ішкі экономика аясында ғана емес, сол сияқты, тұтастай алғанда елдің әлемдік экономикадағы ұстанымын және оның халықаралық міндеттемелерін назарға ала отырып шешуі қажет.
− Басқа сөзбен айтқанда, бұл бухгалтерлік баланс, тек тұтас елдің ауқымында ғой?
− Иә, белгілі бір мағынасында солай. Басқа бухгалтерлік есеппен – ақша қозғалысы туралы есеппен салыстыру нақтырақ болады. Төлем балансына нақты ресурстардың ағындары (тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импорты) және қаржы ресурстарының ағындары кіреді, олар нақты ресурстарды, не олардан тәуелсіз қаржылық ресурстарды сатып алуға немесе сатуға төлем болып табылады. Практикалық және талдамалық мақсатта ағымдағы операциялар шоты немесе тауарлармен, көрсетілетін қызметтермен және кірістермен операцияларды көрсететін ағымдағы шот төлем балансының неғұрлым маңызды бөлігі болып табылады. Бұл – негізгі макроэкономикалық ұғым, ол, бір жағынан, ішкі жалпы өнімнің құраушылары болып табылатын сыртқы экономикалық операциялар бойынша ағындарды, ал екінші жағынан, ішкі инвестициялар мен жинақтардың теңгерімін айқындайды. Басқаша айтқанда, ағымдағы операциялар балансы елдің «өзінің валюталық кірістері бойынша» өмір сүру, не өмір сүрмеуін көрсетеді.
− Қазақстанның валюталық кірістерінің ахуалы қандай?
− Мұнайдың бағасы жоғары болған кезеңде, яғни 2010 – 2014 жылдар аралығында Қазақстан төлем балансының ағымдағы шоты профицитпен қалыптасты. Мәселен, 2014 жылы ағымдағы шоттың оң сальдосы 6,1 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанның экспорттық тауарларына бағаның құлдырауына негіз болған сыртқы факторлар төлем балансының көрсеткіштеріне теріс әсер етті, мәселен, 2016 жылы мұнайдың орташа құны 2015 жылғы көрсеткіштен едәуір төмен болды. Brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы 2016 жылы орташа алғанда бір баррель үшін 44 долларды құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 16%-ға төмен. Өткен жылдың екінші жартысындағы әлемдік бағалардың оң серпініне қарамастан, төлем балансын 2015 – 2015 жылдардың салдарынан қалпына келтіру үшін көп уақыт талап етіледі.
Энергия тасымалдауыштарға бағаның құлдырауына, және тиісінше, экспорттан кірістердің күрт қысқаруына орай, ағымдағы операциялар шотының тапшылығы пайда болды. 2015 жылы ағымдағы шот тапшылығы 5,1 млрд доллар болды, ал 2016 жылы ол 8,5 млрд долларға жетті. 2016 жылы мұнайды, газ конденсатын, мұнай өнімдерін және газды қамтитын мұнай экспортының құны 28,2%-ға (немесе 8,6 млрд долларға) қысқарды. Бұл ретте Қазақстанның мұнайға жатпайтын экспорты небәрі 568 млн долларға (немесе 3,7%-ға) төмендеп, 14,8 млрд долларды құрады. Оның жалпы экспорттағы үлесі 6,8%-ға өсіп, 40,4% болды. Мұнайға жатпайтын экспорт үлесінің ұлғаюы мұнай экспортының құлдырауы есебінен ғана болмағанын атап өткен жөн. Мұнайға жатпайтын экспорт тауарларының үштен екісі дерлік жеткізілімдердің нақты көлемінің өсуін көрсетті. Теңгенің әлсіреуі отандық тауарлардың сыртқы бәсекеге қабілеттілігіне қолдау көрсетіп, экспорттық жеткізілімдердің нақты көлемін қалпына келтіруге, сондай-ақ, оларды ұлғайтуға мүмкіндік берді.
− Теңгенің долларға қатысты құнсыздануы импортты барынша қымбат етті. Оның көлемі қалай төмендеді?
− Тауарлар импорты баяу болса да қысқартылды, бұл ағымдағы шотқа айтарлықтай қысым көрсетті. Импортты тұтынуды қысқартуға және ағымдағы шотты тұрақтандыруға теңгенің еркін өзгермелі бағамға өтуі айтарлықтай әсер етті. Тауарлар импортының төмендеуі негізгі сауда әріптестер бойынша байқалып отыр – 2016 жылы Ресейден импорт 13%-ға − 9,1 млрд долларға дейін, ал Қытайдан келген импорт 28%-ға − 3,7 млрд долларға дейін төмендеді. Ресейден импорттың қысқаруы негізінен келісімшарттық бағалардың төмендеуіне байланысты, ал Қытайдан импорт көлемінің төмендеуі бағаның, сол сияқты, тауарлардың сандық әкелінуінің қысқаруы есебінен орын алды.
2016 жылдың қорытындылары бойынша тауарлар экспорты өткен жылмен салыстырғанда 19,8%-ға төмендеген кезде тауарлар импорты 17,7%-ға төмендеді. Экспорт пен импорттың төмендеу қарқындары арасындағы алшақтықтың қысқаруы төлем балансының жай-күйін тұрақтандыруға жағдай жасады және бүгінгі күні төлем балансының жағдайы экономиканың мұнайдың төмен бағасына бейімделуінің күрделі процесінің негізінен аяқталғанын көрсетіп отыр. Мәселен, 2016 жылғы 4-тоқсанда 3-тоқсанмен салыстырғанда тауарлар экспорты 7,5%-ға өсті.
Инвестициялық тауарлар импортының және инвестициялармен байланысты қызметтердің едәуір көлемі мұнай-газ саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға негізделген. Сонымен бірге, әдетте, мұндай жобалар шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асырылады, сондықтан олармен байланысты ағымдағы шығыстар тартылған шетелдік тікелей инвестициялар есебінен қаржыландырылады.
− Республикаға инвестициялардың келу жағдайы қалай?
– Мәселен, 2016 жылы шетелдік тікелей инвестициялар ағынының 14,4 млрд доллар мөлшеріндегі рекордтық көрсеткіші тіркелді, ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 3,1 млрд долларын құраған болатын. Мұндай инвестициялар салымының негізгі бағыты ірі мұнай-газ жобаларын қаржыландыру болып табылады. Шетелдік тікелей инвестициялардың ағынының көбеюіне тікелей бейрезидент инвесторлардың инвестициялық кірістерінің 24,6%-ға 10,9 млрд долларға дейін өсуі себепші болды. Шетелдік инвесторларға төленуге тиіс кірістердің 60%-дан астамы елде қалғанына және өздерінің Қазақстандағы кәсіпорындарын, бірінші кезекте мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарын қаржыландыруға бағытталғанына қарамастан, шетелдік тікелей инвесторларға төленетін кірістер статистикалық тұрғыдан төлем балансының ағымдағы шотының нашарлауына әкеп соғады. Тұтастай алғанда 2016 жылы қаржы шоты (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды есептемегенде) бойынша капиталдың таза ағыны өткен жылдағыдан сәл азырақ – шамамен 8,7 млрд долларды құрады.
Қаржы шоты бойынша ағындар іс жүзінде Ұлттық Банктің халықаралық резервтерін жұмсамастан, ағымдағы шоттың қалыптасқан тапшылығын толық өтеді. 2016 жылдың соңында алтын-валюта резервтері жылдың басындағы 27,9 млрд доллар болған көрсеткішпен салыстырғанда 29,5 млрд долларын құрады. Өтеудің ең аз мерзімін 3 ай деп есептеу қажеттілігіне қарамастан, Ұлттық Банктің халықаралық резервтері Қазақстанның тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортын 9 ай бойы қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
– Төлем балансы үшін ең қиын кезең артта қалды деп санауға бола ма?
−Иә, төлем балансының мұнай бағасының төмендеуімен және негізгі сауда-әріптес елдер валюталарының девальвациясымен байланысты негізгі тәуекелдері мұнай бағасының ең төменгі бағасына жеткен кезде (2016 жылғы 20 қаңтар) іске асырылған болатын. Теңгенің еркін өзгермелі бағамы және теңгенің көршілес – сауда әріптестерінің валюталарына қатысты тепе-теңдігі қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне айырбастау бағамының қысымын азайтты, шикізатқа жатпайтын экспорттың құлдырауын тоқтатуға негіз жасады және экспорт пен импорттың қысқару қарқынының теңесуін қамтамасыз етті.
Ұлттық Банктің болжауынша, әлемдік тауар нарықтарындағы баға конъюнктурасының жағымды болуына және экономиканың жаңа ақша-кредит саясатына бейімделуіне байланысты ағымдағы шоттың тапшылығы тұрақты түрде төмендейтін болады. Шетелдік қаржыландыру ағынының айтарлықтай болуы сырттан алынған қарыз есебінен де қамтамасыз етіледі, оны экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту және бизнеске қолдау көрсету үшін мемлекет пен мемлекет қатысатын кәсіпорындар тартады.
− Шет елден қарыз алу Қазақстанның сыртқы борышының ұлғаюына әкеледі. Бұл жерде экономиканың болашақта тұрақты дамуы үшін тәуекелдер жоқ па?
− Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 2016 жылғы 4-тоқсанда 1,4 млрд АҚШ долларына қысқарып, 2016 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 163,8 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстан сыртқы борышы көлемінің айтарлықтай болуы, негізінен, елімізде өзін-өзі өтеу мерзімі ұзақ, отандық инвесторлардың қаржыландыруға қауқары жетпейтін техникалық тұрғыдан күрделі ірі жобаларды іске асырумен байланысты. Мәселен, сыртқы борыштың 40%-ы 2016 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша мұнай мен газды шығарумен және өндірумен, оның ішінде Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын өндіру сияқты жобаларда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың филиалдарына тиесілі. Еліміздің сыртқы борышының құрылымында үлестес кредиторлар – тікелей инвесторлар, еншілес және тел кәсіпорындар алдындағы міндеттемелерді білдіретін фирмааралық берешек үлесінің айтарлықтай болуы осымен түсіндіріледі. Бұл ретте фирмааралық берешек борыштық орнықтылық тұрғысынан тәуекелі ең аз берешек болып табылады, ал үлестес тараптар қарыз алушының дефолт болуы емес, қызметінің жалғасуына мүдделі.
Сыртқы борышпен байланысты тәуекелдер туралы айтатын болсақ, орындалуы елдің салық-бюджет саясатына, соның салдарынан азаматтардың әл-ауқатына әсер ететін мемлекеттің тікелей және жанама міндеттемелері маңыздырақ болады. 2016 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанның тікелей мемлекеттік сыртқы борышы және мемлекет бақылайтын (шартты) ұйымдардың сыртқы борышы 35,8 млрд АҚШ долларын немесе ІЖӨ-нің 26,8%-н құрады. Қазақстанды ЕАЭО бойынша әріптес елдермен салыстырсақ, Қазақстанның сыртқы борышының ІЖӨ-ге қатынасы Ресейге, Белоруссияға және Арменияға қарағанда жоғары болғанымен, ол елдердің сыртқы борышының құрылымында борыштың жартысынан көбін мемлекеттің тікелей және шартты борышы құрайтынын атап өтуге болады. Борыштық міндеттемелердің ел ресурстарына қатысты қатынасын көрсете отырып, сыртқы борыштың ІЖӨ-ге қатысты көрсеткіші сыртқы борышпен байланысты тәуекелдер туралы жан-жақты мәлімет бемейді. Бұл орайда бірінші кезекте тартылған қаражат есебінен іске асырылатын жобалардың тиімділігі және олардың еліміздің экономикалық өсу қарқынының жылдамдауына қосатын үлесі маңызды.