Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

Қайраты мен ақылы – жүрегінде

834 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың: «Қайрат, Ақыл, Жүрек... Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет... Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол», дегені бар. Сондай үдеге ұмтылған жанның бірі – Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов.

Қайраты мен ақылы – жүрегінде


Осы күнге жеткенше билік тізгінін ұстап, ел ықыласына бөленген талай азаматпен қызметтес, сыйлас, дәмдес болдық. Солардың ішінде ұлтжандығымен, іскерлігімен, кісілігімен жаныма жақын, көзіме ыстық көрінетін қайраткерлердің бірі – Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов.


Елеусін әкеден ерте айырылды. Арқа сүйер панасын ел-жұрттың ауыл ір­ге­сін­дегі қорымға қалай қойғандығы есінде. Бала Елеусін анасы Бақыт және апасы Ақпатша үшеуі бір-біріне сүйенісіп қала берді. Ұлы Отан соғысынан кейін ха­лық ес жиып жатқан кезең. «Жұт жеті аға-

й­ын­ды» демекші, кішкентай ұлын жанына ерткен қамкөңіл Бақыт бір күні кешкісін сауыннан оралса, үйлері өртеніп кеткен. Қайтсін, төрт-бес жыл жанкештене жүріп, қайтадан қоржын үй салып алды.

Анасы Бақыт ауыз әдебиетіне жүйрік еді. Баласын аңыз-ертегімен сусындатып өсірді. Құдды Шоқанның әжесі Айғаным, Абайдың әжесі Зере секілді дерсің. Елеу­сін де зерек болып жетілді. Аузына періште салған болар, қырыққа келмеген анасын «әже» деп атады.

Елеусіннің арғы тегі – тарих көшінде сүрлеу-соқпағы бар тұлғалар. Хан төңі­ре­гін­де жүріп, «жасауыл» атанған Алыбай Қосакөзұлы, еліне беделді Сағындық би, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте қол бастаған Тауасар батыр, мүсәпірге пана болған әкесі, саят Наурызбай – олардың әрбірінің өнегесі жастайынан санасына сіңген.

Елеусін ерте есейді. Таңертеңгі бесте фермаға бара жатқан анасы: «Құлыным, тұра ғой, жұмыстан қалып қоямыз», деп ұлын жетектеп өзімен бірге ала кететін. Ерте тұру содан дағдысына айналған. Әр сауыншы 10-15 сиырды сауып қана қой­май, оларға күтім де жасайтын. Жем-шөбін беру, суару, астын тазарту – бәрі мойнында. Анасы Елеусінді то­ңып қалмасын деп науаға жатқызады. Шөп­ке бас салған сиырдың демі жылы леп береді. Елеусін де анасына қолғанат бол­ды.

Ол жазғы каникулда колхоздың пі­шен­шілер бригадасымен бірге шөп ша­бу­ға араласты. Белі үзілердей болып, таң қа­раңғысынан түн ортасына дейін тыным жоқ. Құрдастары көндіге алмай, бір аптадан соң үйлеріне зытты. Бұл болса оқу жылы басталғанша табан аудармады. Оған еңбеккүн жазылып, жатаған үйдің есі­гінің алдына екі қап бидай, бір қап та­ры және екі арба шөп түскенде анасы Бақыт тебіреніп кетті. «Құлыным-ау, әкең саған кішкентайыңнан үміт артушы еді. Біл­ген ғой, жарықтық», – деп Елеусінді ар­қа тұтты. Ол сонда 11 жаста екен.

Ал 14 жасында Елеусінге колхоз бас­­қармасы шынжыр табанды трактор­ды сеніп тапсырды. Келесі жылы «Ста­ли­нец-6» комбайнының штурвалына отыр­ды. Еңбекақысын алып, қолына бір бума ақша ұстатқанда анасының қуан­ға­нын айтсаңшы. Одан кейінгі жылы егін ора­ғы науқанында техниканы мәпелеп кү­те­тін Елеусін колхоздың су жаңа ком­бай­нының тізгінін ұстады.

Ол өзінің баянды бақытын тек табан ақы, маңдай терінен іздеді.

Ақтөбе облысы Қобда ауданының ту­масы Елеусін Сағындықов өзінің ресми еңбек жолын 1965 жылы шалғай жат­қан Ойылдағы селолық кәсіптік-техникалық училищеде дене шынықтыру пәні мұғалімі болып бастады. КСРО бокс шебері атанған Елеусін батыл, өзіне се­нім­ді, ары таза, досқа адал, көпшіл тұлға болып қалыптасты.

Темір индустриялық-педагогикалық те­хникумында оқып жүргенде-ақ ұс­таз­дар қатарында дене тәрбиесінің жете­к-

­шісі болып жұмыс істеді. Ал Кеңес әс­кері қатарында полктың комсомол ко­митетінің хатшысы болған Елеусін елге оралған соң кәсіптік-техникалық білім беру саласына бірыңғай ден қойды. Ол кезде КТУ-ға орта мектептің сегізінші кла­сынан кейін «қиын балалар» жинала­тын оқу орны деген жабайы түсінік әбден қалыптасқан. Өндірістік оқу шебері болған жас жігіт қатып қалған қағиданы батыл бұзуға кірісті. Ақтөбедегі кәсіптік-техникалық оқу орындарындағы ди­ректордың орынбасарлығынан об­лыстың осы саладағы басқарма бас­тығының орын­басары қызметіне дейін өсті. Жа­лынды, жігерлі жас жігіт облыстық пар­­тия комитетінің нұсқаушысы қыз­ме­тінде де көзге түсіп, бес жылдан соң об­лыс­тық кәсіптік-техникалық білім беру бас­қар­масына басшы болды.

Жаңа қызметіне қызыға кіріскен ол орта буын мамандарын дайындауда білім беру­дің дуалды жүйесін енгізді. Бұрынғы одақтас республикалардың тәжірибелерін зер­де­леді. Ресейдің ғылыми-зерттеу и­н­сти­туттарымен байланыс орнатты. Фин­лян­дия, Германия, Венгрия сия­қт­ы кә­сіптік-техникалық білім бе­ру мен өндірісті өзара ұштастырған мем­ле­кет­тердің озық үлгілерін пайдаланды.

Соның нәтижесінде республикада алғашқылардың бірі болып, облыс орталығында кәсіптік-техникалық училище-лицей, мектеп-гимназия ашылды. Олардың оқу-тәрбие беру сапасы да, материалдық-техникалық базасы да жоғары деңгейге көтерілді. Түлек­тер­ге сұраныстың артқаны сонша, орта мек­тепт­і үздік бітіргендердің өздері көптеп ке­ле бастады. Талапкерлер конкурспен қа­был­данатын болды.

Сол уақытта Білім министрлігін па­раса­ты мол азамат Шайсұлтан Шая­хметов бас­­қаратын. Ол Ақтөбе тәжірибесін рес­пуб­лика көлемінде тарату жөнінде мә­селе қойды. Е.Сағындықовты өзіне орын­­басарлыққа қызметке шақырды. Оның орынбасарлары – Б.Әбдікәрімов, Б.Сапарбаев, Ш.Беркімбаева, В.Король­ков, Е.Медеуов, Ж.Әзізханов сияқты елге танымал тұлғалар болатын. Елеусін Нау­рызбайұлы солардың сапын лайықты толықтырды.

Е.Сағындықов Ақтөбе қаласына әкім болғанда абыройы төске өрледі. Бұл тоқ­саныншы жылдардың орта кезі еді. Зауыт, фабрика, комбинат атаулының жұмысы тоқтап, бюджеттік сала мамандары күнкөріс үшін жабайы базар жағалап кеткен уақытта қаланы басқару өте күрделі көрінді. Ескі әдіспен іс бітіру мүмкін емес. Ең алдымен қаланы дамытудың екі жылдық жоспары жасалды. Ірі кәсіпорын басшыларына талап қойылып, бюджет алдындағы қарызды өтеу мерзімі белгіленді. Бойкүйез, монополист атқамінерлер қарсылық танытып, селкілдеді, сілкінді. Бірақ, амал жоқ, міндеттемеге көнді. Жағдай түзеле бас­тады.

Е.Сағындықов жерлестерін бизнес әлеміне икемдеу үшін қалада кәсіп­кер­лікке оқытатын орталық ашқызды.

Ақтөбе – қала тазалығын жеке кә­сіпорынның қолына берген тұңғыш қа­ла. Қай жерде аула сыпырушы адам жер­гілікті атқарушы орган есебінен шет­елге туристік саяхатқа барып еді?! Е.Сағындықов еңбегі ерен «көше санитарларына» қымбат санаторийлерге жолдама берді. 30 жолдама Біріккен Араб Әмірлігіне бөлінсе, 150 көше тазалаушы Қазақстан аумағындағы санаторийлерде демалып қайтты.

Қала әкімдігі шағын бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамту, жеке сектордан кіріс көзін табу мәселелерін дұрыс жол­ға қойды.

Мен сол жылдары Президент Әкім­ші­лігінің Басшысы болатынмын. 1997 жылы шілде айында Елбасы Ақтөбеге жұмыс сапарымен барып, үлкен жиында қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын ба­с­қару жүйесіне жоғары баға берді. Қала әкімі Е.Сағындықовтың тәжірибесін зер­де­леуді ұсынды. Соның нәтижесі бойын­ша екі айдан соң Ақтөбеде барлық облыс орта­лықтары әкімдерінің семинар-ке­ңесі өт­кізіліп, оған қатысушылар тың тә­жі­ри­белерді үйренді.

Е.Сағындықов 2002 жылы Парламент Сенатының депутаты болып сайланды. Заң шығарушылық қызметпен терең айналысқан оны әріптестері «Бас сарапшы-сенатор» атап кетті.

Мемлекет басшысы Е.Сағындықовқа зор сенім артып, 2004 жылғы шілде айын­да Ақтөбе облысының әкімі етіп та­ға-

й­ын­дады.

Ол Ақтөбе облысына әкім болған 7 жыл ішінде 150-ден астам маңызды нысан (зауыт, фабрика, комбинат және т.б.) іске қосылып, индустриялық-инновациялық дамудың еліміз бо-

йынша көш басынан көрінді. Құрылыс индустрия­сы мен құрылыс ұйымдарының 600-ден астам кәсіпорындары ашылды. 1200 ша­қырымнан астам автожол салы­нып, күр­­делі жөнделді. Жаңадан салын­ған жалпы ұзындығы 402 шақырым Хром­тау – Алтынсарин темір жолының 180 шақырымы осы өңірді көктей өте­ді. Ембі – Жаңажол темір жолы іске қо­сылды. Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбы­ры, Жаңажол-13 КС магистралды газ құбыры төселді. Өңіраралық «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» 770 шақырым электр желісі тартылды. Жалпы қуаты 272,8 МВТ үш газтурбиналық электр стансасы салынды. 1990-жылдардың екінші жартысында электр қуатынсыз қалған 40 елді мекенге электр желісі қай­та тартылды. 80 елді мекен ауыз сумен қамт­а­мас­ыз етілді. Мәртөк, Қобда, Ырғыз, Ойыл аудандарына, басқа да бірнеше елді ме­кен­ге газ құбыры жүргізілді. Ақтөбе қаласы маңында сенімді азық-түлік белдеуі жасалды. Көптеген базарлар, гипер және супермаркеттер салынды. Мал басы және құс саны көбейді. Жеті жыл ішінде өнім өндіру 200 млрд теңгеден 1 триллион 200 млрд теңгеге өсті.

Облыста 350-ден астам білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары салынды. 150-ден астам мектепке дейінгі балалар мекемелері іске қосылды. 2 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Ақтөбе қаласында арнайы жоба бойынша мүгедектерге арналған екі үй са­лынды. Ақтөбе облысының халқы 100 мың­нан астам адамға көбейсе, қала­ның өзін­де халық саны 160 мыңға артып, Ақтөбе жарты миллионнан астам тұр­ғы­ны бар үлкен шаһарға айналды.

Жаңа әуежай, «Нұр Ғасыр» мешіті, православиелік Қасиетті Никольск кафедралды шіркеуі, Тұңғыш Президент атын­дағы саябақ, Бірлік және келісім сулы-гүлзарлы бульвар, «Мега-Ақтөбе» ойын-сау­да кешені және басқа да көптеген әсем ғи­мараттар бой көтерді.

Оқушылар, студенттер, зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүрді. Соғыс ардагерлері, майдангерлердің жесірлері, қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары және интернационалист-жауынгерлер коммуналдық төлемдерден босатылды.

«Ақтөбе» футбол командасы төрт мәрте Қазақстан чемпионы, екі рет күміс жүлдегер атанды. Бірнеше рет Қазақстан­ның кубок, суперкубок жеңімпазы болды. Еуроодақ сайыстарына тұрақты қаты­са­тын футбол клубтарының қатарына енді.

Қобыланды батырға, Абат-Байтаққа, Ахмет және Ғазиза Жұбановтарға, Астана мен Ақтөбе қаласында Әлия Мол­­­да­ғұ­ло­ваға мемориалдық кешендер са­лынды. Ұлы Отан соғысындағы ақтө­белік батырлардың ерліктерін мәңгі есте қал­дыру үшін 101-ші атқыштар бри­га­да­сының жауынгерлеріне мемориалдық ке­шен салынып, Мәскеуде Әлия Мол­дағұловаға ескерткіш орнатылды. Ұлы Отан соғысы батырларының, Ауған со­ғы­сына қатысушылардың аллеялары ашыл­ды. Әйтеке биге, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне мо­ну­менталды ескерткіштер қойылды.

Е.Сағындықов қызметтен қол үзбей жүріп, Вознесенский атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік экономика және қаржы университетінің аспирантурасы мен докторантурасын тәмамдады. Экономика ғылымдарының докторы, профессор атанды. Л.И.Абалкин, А.Г.Грязнова, Д.С.Львов секілді әйгілі ака­­демиктерге шәкірт болды.

Ол – еліміздің және шет елдердің көп­теген жоғары марапаттарының иесі.

Қазір Е.Сағындықов – Қазақстан Рес­­публикасы Парламенті Сенатының де­­путаты, Экономикалық саясат, инно­ва­циялық даму және кәсіпкерлік ко­ми­тетінің мүшесі.

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:

«Елбасының серіктесі ретінде Елеусін Наурызбайұлы – тәу­ел­сіздік тұ­ғырын бекітуге өлшеусіз үлес қосып, тең­дессіз еңбек етіп келе жат­қан көр­нек­ті мемлекеттік және қоғам қай­рат­кері, мемлекетшіл тұлға. Халық ісіне мей­­лінше берілген адам. Оның танымы мен пайымы қандай терең болса, жа­саған ісінің нәтижесі де соншалықты би­ік. Сенат қызметіне үлкен үлес қосып ке­леді. Ол өзінің қажырлы еңбегімен Қазақстан Республикасы Парламентінде үлкен абыройға бөленген, беделге ие болған азамат», деп биік баға берді.

Е.Сағындықов өмірлік зайыбы Мінаура Әбиқызымен елу жыл отасып келеді. Жас Елеусін қолдан құйып таққан қос жүзік екеуінің саусағынан бір сәт түскен емес. Үш перзенті өмірде өз орындарын тауып, немере-жиеннің қызығы мен қуанышына кенелтіп отыр. Көңілі таза жүріп қызмет қылған асыл жары Елекеңнің анасын көз жұмғанша мәпелеп бақты.

Е.Сағындықов қоғамдық құбылысты абайлап емес, Абайша таразылауға тырысады. Данышпанның: «Қайрат, Ақыл, Жүрек... Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет... Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол», дегені бар. Сондай үдеге ұмтылған жанның бірі – Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов.


Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері 

Соңғы жаңалықтар