Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

Жаны дара Жандарбек

401 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жеке адамның да, мемлекеттің де өр рухы тасыған кездері мен тарихи сәттері болады. Адам баласының өр рухы отбасындағы тәрбиемен, еңбекпен көнекөз қариялардың баталы сөздерімен қалыптасады. Ал мемлекеттің рухы Әнұраны, Туы, Елтаң­ба­сы арқылы асқақтап, ел мерейін асыра­тыны белгілі. Бүгінгі біздің Елтаңбамыз да ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлтымыздың рухын асқақтатып, ша­ңырағымыздың беріктігін паш етіп, рес­публикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Сол ұлттық рәміздеріміз қабылданған күннен бастап Жандарбек Мәлібеков есімі иісі қазаққа, қазақстандықтарға кеңінен танымал болды.

Жаны дара Жандарбек

Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында дүниеге келген Жандар­бек­тің әкесі теміржолшы бол­ған. Пойыздардың жүрісіне қарап елегізіп өскен бала әке-шешесінен жастайынан жетім қалады да, ағайындарының отбасында өседі. Соғыстан кейін­гі балалардың ауыр өмірі Жандар­бекті де айналып өтпеген еді. Қым-қуыт тір­шілікпен өскен жас өрен ауыл мектебін бітірер тұс­та көп ойланады. Не керек, ақыры оқимын деп шешім қа­был­дап, алдына сәулетші бола­мын деген үлкен бір мақсат қоя­ды. Мектепте оқып жүргенде қабырға газеттерін шығарып, сурет салып, қатарларының арасын­да көзге түсіп, сәулет өнеріне деген сүйіспеншілігін өн бойынан бай­қата алады.

1959 жылы мектепті бітірер тұста Жандарбек өз ауылының бір адамына жалданып он мың кесекті (бір кесек – бір сом) бір өзі құйып, 10 мың сом ақша табады. Сондағы бар арманы Ташкент қаласындағы П.Беньков атындағы Көркемсурет училищесінде оқу болатын. Он­дағы ағамызды қызықтырған нәр­с­е сол оқу орнының тегін та­мағы мен жататын жері еді. Бірақ кесек құямын деп жүріп құжат тапс­ырудан кешігіп қалған. Құ­жат қабылдау мерзімі өтіп кет­кендіктен, барар жер, басар тауы жоқ Жандарбек ұзақ ойланады. Ауылға қайтқанмен онда кү­тіп тұрған ештеңе жоқ. Не ке­рек, пойызға Аралдан мініп Ташкентке бара жатқан студент ба­лалардың айтқан сөздеріне тоқ­тайды. Ол балалар училищеге оқуға түсе алмасаң, Ташкент по­литехникалық институтының Сәу­лет өнері деген факультеті бар, со­ған тапсырып көр. Мүмкін, тү­сіп кетерсің, деп айтқан болатын. Ташкент қаласынан сұрастырып жүріп оқу орнын да тауып алады. Құжаттарын тапсырған соң жатақханасынан орын алып жайғасады да, пысық, еңбекқор жас жігіт Ташкент базарында жалданып жұмыс жасайды. Тәуекел деп емтиханға дайындалып, жеті емтиханды да сәтті тапсырып, оқуға түседі. 1965 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтағаннан кейін еңбек жолын Ташкент қаласында бастайды.

1965 жылы Ташкент қаласын­дағы бас ғылыми-инженерлік қала құ­рылысын жобалау инс­т­и­ту­тын­да қала құрылысы ше­бер­­­ха­насының жетекшісі, кейін­нен бас сәулетші болды. 2001 жы­лы елге оралғанға дейін өзбек ағай­ындардың сәулет-құрылыс өне­рінің дамуына айтарлықтай өз үлесін қосты. Халықаралық көп­­теген конкурстарға қатысып жеңім­паз да, жүлдегер де болды. Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласының орталығын абат­тандыруға орай 1982 жылы өт­кізілген КСРО аумағындағы бай­қауда бірінші орын алып, туын­дылары қаланы безендіру жұ­­мыстарына енгізілді. 1980-­­1990-

­­жыл­дары КСРО бойын­ша өткізіл­ген бірнеше сәулет-құ­­рылыс бай­қау­­ларының же­ңім­пазы атанды. Наманған, Самарқанд, Әндіжан, Ферғана, Ташкент қалаларының орта­лық­та­рын безендіру бойын­ша өт­кі­зілген бәйгеде еңбегі көп­те­ген сый­лықтарды иеленді. Әнді­жан қа­ласындағы әуежайдың, Таш­кент­тегі үкімет қонақ үйі­нің, Фе­р­­ғанадағы облыстық пош­та-

н­ың, Самарқандтағы облыстық әкімшілік үйінің, Ташкенттегі драма театр мен Орталық кітапхана ғи­мараттарын, Ангрен, Ферғана жә­не Самарқанд қалаларындағы бір­қатар тұрғын үйлер мен ау­дан­дардың сәулет-құрылысын жо­балауға белсене қатысады.

Жандарбек Мәлібекұлының сәу­лет-құрылыс саласындағы та­ғы бір ерен еңбегі Ташкенттегі Қазақ­станның төрт қабатты ел­ші­­­лік ғимаратының жобасын жа­сап шыққаны еді. Құрылыс жұ­­мыс­тары аяқталғаннан кейін Ел­басымыз Н.Ә.Назарбаевтың ар­найы барып ашқанын ол мақтан тұ­тады. Ташкенттегі көрікті ғи­ма­­раттардың бірі Қырғызстан ел­шілігінің де жобасын жасаған. Астанадағы «Нұр Астана» ме­ші­ті­н­ің негізі Жандарбек ағамыздың сыз­балары бойынша дайындалған.

Жандарбек Мәлібековтің та­ғы бір үлкен жұмыстарының бі­рі – Ташкенттегі Төле бидің (Қар­лы­ғаш би) басына орнатылған ме­­шіттің сәулеттік жобасы мен құ­­рылысын жасағаны еді. Төле би бабамыздың атын алғаш мрамор тасқа Шейх Хованды Тахур – Төле би (Қарлығаш би) махпарасы деп жазып қалдырған осы Жандарбек ағамыз-тұғын. Кезінде Өзбекстан Мәдениет министрлігіндегі ес­керт­кішті қорғау комитеті Төле би­­дің кесенесі екендігіне күмән кел­­тірген кезде, Жандарбек аға­мыз З.Захидов, Г.Пугаченкова сия­қты археологтармен жүздесіп, Төле би кесенесінің күмбезді-ша­тыр­лы болып келгенін архитектура түсінігі бойынша тарихи тұр­ғыдан дәлелдеп берген.

Бүгінде барша қазақстандық Жандарбек Мәлібековтің Қазақ­стан Республикасы Мем­ле­­­­­кет­тік Елтаңбасының авторы екенін жақсы білері анық. Жан­­дарбек ағамыз 1992 жы­лы мем­лекеттік рә­міздерге жария­лан­ған конкурс туралы хабарландыруды көргеннен кейін Тәуелсіз Қазақстанның Ел­таң­басын жасау жұмыстарына бел­сене кірі­се­ді. Барлық мемлекет­тер­­дің ел­таң­­­баларын (гербтерін) қа­рап шы­­­ғып, қазақтың өмір тір­ші­лі­гі ме­н салт-дәстүрін әс­пет­тейтін жақ­сы дүние жасап шы­ғар­ды. Мем­лекеттік Елтаң­ба 1992 жыл­дың 4 маусы­мында Ел­ба­сымыз Н.Ә.Назарбаевтың қа­­тысуымен тұ­саукесері өтіп, қа­был­­данған бола­тын.

Жандарбек ағамыздың осыншама жетістікке жетуіне ол кісінің үйіндегі Ақшәйі апамыздың да үлесі бар. Жандарбек аға апамызбен Қызылорда қаласын­дағы Н.Гоголь атындағы педа­го­ги­калық институттың филоло­гия фа­культетін ағылшын тілі ма­ман­дығының соңғы курсын­да оқып жүргенде танысқан екен. Жам­был Жабаев атындағы ау­ыл

мек­­тебінде практикадан өтіп жүр­ген кезінде сөз сал­ған. Таш­кентте жұмыс істеп жүр­ген жас маман Жандарбек Ташкент – Москва пойызымен бір жыл қатынап тұрған көрінеді. Жұма күні кешке Қызылордаға қарай жолға шығып, демалыс күні кешке Ташкентке қарай қайтады. Әр аптаның басында дүйсенбі күні Ташкентке жұмысына кешігіп барады да, бастығынан сөз естиді. Бастығы: «содан басқа қыз құрып қал­ды ма, осы жерде де қазақ қыз­дары көп қой, неге біреуін ал­майсың», деп сөгетін көрінеді. Ақ­шәйі апа­мыз­ға аңсары ауған Жан­дарбек ағамыз ішінен уақыт көр­сетеді деп жұмысына кірісіп ке­теді екен. Көп ұзамай екі жас отау тігіп, бүгінде елу жылға жу­ық отасқан мерейлі отбасыға айнал­ды.

Қазіргі таңда Жандарбек аға­­мыз – Астана қаласындағы Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлт­­тық уни­верситетінің профессоры. Жұбайы Ақшәйі екеуінің Серік, Нұрлан, Досжан атты үш ұлынан он шақты не­мересі бар. Серік пен Досжан әке­лерінің жолын жал­ғас­ты­рып келеді.

Жандарбек Мәлібековтің сәу­лет-құрылыс саласындағы көп жыл­ғы ерен еңбегі ескеріліп, мем­лекет тарапынан «Құрмет» орде­німен марапатталған. Қазақстан және Өзбекстан Сәулетшілер ода­ғының мүшесі, Өзбекстан мем­­лекетінің еңбек сіңірген сәу­лет­шісі.

Сүндет КАРИМОВ


Соңғы жаңалықтар