Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

Балық аулауға тыйым салынуы мүмкін

590 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басқарма басшысы Нариман Жүнісов баспасөз мәслихатын өткізіп, қазіргі таңда су айдынында балық тапшылығы барынша байқалатындықтан, теңізде балық аулау кәсібіне уақытша тыйым салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұл бастаманы Атырау облысының әкімдігі қолдап, балық шаруашылығы ғалымдары талқыға салып үлгерген.

Балық аулауға тыйым салынуы мүмкін

«Бірінші талқылауға Маңғыс­тау облысы әкімдігі мен балық­шылар қатысты. Қарсылық жоқ сияқты. Дегенмен, бұл мәселе әлі де ортаға салынып, ұсыныс-пікірлер тыңдалады. Себебі, бүгінде осы аймақта балық ша­руа­шылығымен айналысатындар аз емес», деді басқарма басшысы. Ол балық аулауға тыйым немесе уақытша шектеу салу үшін биологиялық негіздеме керек екенін алға тартып, жақында өткен алғашқы отырыста аталған құжатты әзірлеу туралы шешім шығарылғанын жеткізді. Сол кезде ғана Каспий теңізінде балық аулауға толығымен тыйым салынады немесе шектеу ен­гізіледі. Сон­дықтан қазір нақты нәтиже күтілуде. 

Жиын барысында Нариман Жүнісов айдың басында Аты­раудағы «Амангелді» өндірістік кооперативі ұстаған салмағы 160 кило болатын ақсерке балығы жайын­да айтып берді. «Сәуірдің 1-і күні ақсеркенің ұрғашысы ұсталған болатын. Салмағы – 160 кило. Сәуірдің 18-і күні балықтан 30 кило 600 грамм уылдырық алынды. Ол шамамен 1 миллион 200 мың дана уылдырық болады. Оларды жасанды жолмен ұрықтандырғаннан кейін инкубациялық аппараттарға орналастырды. Шілде айында кә­дімгі балықтарды теңізге жібе­ре­тін боламыз», деді ол.

Басқарма басшысының айтуын­ша, бүгінде Батыс Қазақстан облысында ақ­серке өсіретін екі зауыт бар. Кәсіп­орындар ағымдағы жы­лы шамамен 7 миллион ақ­серке балығын теңізге жіберуді жос­парлап отыр.


Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар