Қар биыл өте көп түскендіктен, тасқынның екпіні тым қатты. Жорамалдағыдан да асып түсті. Сыйымдылығы 693 миллион текше метрді құрайтын Сергеев су қоймасына екі есеге артық су жиналды. Ақмола облысынан келген мол су аса жайсыздық тудыруда. Қажетті барлық шараларды қолданудың арқасында Шал ақын мен Есіл аудандарында жағдай тұрақтанданды.
«Үш күннің ішінде Есіл өзенінің арнасындағы су 1 метр 70 сантиметрге көтерілді. Көтерілген су деңгейінің биіктігі соншалық, Былғары зауыты ықшам ауданындағы жаңа бөгеттен 10 сантиметр асып кетті. Ескі бөгеттің ұзындығы – 1 шақырым 700 метр. Оны көтерумен айналысып жатырмыз. Өзен арнасында орналасқан тұрғын үйлерді тасқын судан қорғау үшін бөгеттің ұзындығын 4 шақырымға дейін ұзартатын боламыз», – деді аймақ басшысы. Қазіргі басты міндет кент тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру екендігін атап айтты.
Мүліктерді де, тұрғындарды да қауіпсіз орынға тасымалдайтын қайық та, техника да, адам күші де жеткілікті. Алайда, кейбір тұрғындардың көшкісі келмейтін жекелеген оқиғалар кездесіп қалады
«Мен учаскелік инспекторлармен бірлесе отырып, түні бойы кезекшілік атқарып шықтым», – дейді Наталья Чорба.
Мамандардың айтуынша, су тасқынының шарықтау шегі әлі аяқталмаған. Екінші толқын келеді деп күтілуде.
Шұғыл шешімдер қабылдау үшін Петропавл аумағында төтенше жағдай режімі жарияланды. Сөйтіп, барлық күш-жігер адамдарға көмектесуге, жекелеген мәселелерді дереу шешуге, қаржылық жағынан қамтамасыз етуге бағытталған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы