«Биылғы Ассамблеяның сессиясы ерекше мезгілде өткелі отыр. Еліміздің үшінші мүшелге аяқ басумен бірге бұл аса күрделі кезең. Қазіргі әлемдегі ахуал ел тыныштығы тұрақты дамудың ең маңызды шарты екендігіне көзімізді тағы да жеткізіп отыр. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, бастауы ретінде құрылған Ассамблеямыз өзіне жүктелген қастерлі миссияны өте үлкен дәрежеде орындап келе жатыр. Бүгінгі Ассамблея тарихы - тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі. Бірліктің киелі бесігі, елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей тетігі», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдымызға қойып отырған ең басты мақсат - өркендеп өсіп, 2050 жылы ең жоғары дәрежедегі 30 елдің қатарына қосылу.
«Біз әлемдік ахуал қандай болса да алға қарай ұмтылуымыз керек. Көріп отырсыздар, қанша дағдарыстан өтіп келеміз. Ешқайсысында біз сүрінгеніміз жоқ, экономикамызды төмен түсірмедік. Биыл еліміз кешенді жаңғыруға кірісті. Ошақтың үш аяғындай болатын экономикалық, саяси және рухани бағыттың қай қайсысы да айрықша маңызды. Қазақстанның үшінші жаңғыруы деген экономикалық түлеудің басын мен өзім Жолдауымда айттым. Мемлекетті басқаруды жетілдіре түскен конституциялық реформалар - саяси жаңғырудың негізі. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға өзек болған жобалар рухани кемелденудің бастауы», - деді Елбасы.
Фото: Ерлан Омаров «Егемен Қазақстан»