Қазақстан • 27 Сәуір, 2017

Қазақ өркениетінің жаңа дәуірі

871 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Философия ғылымдарының кандидаты Дархан Жазықбаевпен әңгіме

Қазақ өркениетінің жаңа дәуірі

– Дархан Медеғалиұлы, жақында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көргенін білесіз. Осыған орай қоғамда қызу талқыланып жатқан келелі мәселе – рухани жаңғыру туралы не айтасыз?

– Елбасының көтерген рухани жаңғыру туралы идеялары қазіргі қоғамдық санада жылы қабылданып жатқанын аңғаруға болады. Біріншіден, бұл өзін қазақпын деген барлық азаматтарды жаңа идеяның аясында біріктіретін, ұлтымызды ортақ мұратқа ұйыстыратын тұжырым болып отыр. Ұлттың мұраты, ұзақ жылдарға арналған стратегиясы деуге де болады. 

Екіншіден, бұл ұлтымыздың алдында тұрған зор мүмкіндік дер едім. Елдің дамуы үшін, рухани жаңғыруы үшін беріліп отырған мүмкіндік. Ұлттық жаңғыруды жүзеге асыруда Елбасы екі мәселеге нақты тоқталған. «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», дейді. Яғни, алға жылжу үшін тозығы жеткен кейбір әдет, мінездерден арылып, болашаққа асыл қасиеттерімізбен, құндылықтарымызбен баруымыз керек деп отыр. Кертартпалық деп нені айтамыз? Ол етектен тарту, сөздің істен озып жүруі, көреалмаушылық, өзгенікі жат, өзімдікі артық деп санайтын, байыбына бармай эмоциялық көңіл күймен асығыс белгілі бір ситуацияға баға беру тәрізді көрініп жататын әдеттер. Хакім Абайдың «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» дейтіні бар. Сөзден іске көшу керек. Әсіре даурығу, ұраншылдық, байыпқа бармай байбаламға салу сынды кертартпа санадан кетуіміз керек. Сонымен қатар, өткен дәуірден санамызға таптаурын болып сіңіп қалған, заман талабына жауап бере алмайтын ілімдер мен көзқарастардан арылу мәселесі де өткір тұр. Осыны жүзеге асыру арқылы ғана біз болашаққа парасатты сана биігінен қарай алатын, байсалды, ұлттық асыл мінездерін сақтап жеткен ел болмақпыз.

Үшіншіден, осы Елбасы көтеріп отырған рухани жаңғыру мәселесі елдік сана жолында әрбір қазаққа үлкен сын болғалы тұр. Себебі, бұл әрбір қазақтың намысының ісі. Оны жүзеге асыра алмасақ, елдік санамызға үлкен сын болмақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біз ұлттық өркениеттің жаңа дәуірінің алдында тұрмыз дегім келеді. Елбасы айқындап беріп отырған тұжырымды халық болып іске асыру үшін жұмыла кірісуіміз қажет.

– Ендігі жерде рухани жаңғыруды қалай жүзеге асырамыз деген заңды сауал туындайды емес пе?

– Елбасы Н.Ә. Назарбаев бұдан бұрын да «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар астық өсіріңдер; егер алдағы жүз жылды ойласаңдар – ағаш өсіріңдер; егер мәңгілікті ойласаңдар – Адам тәрбиелеңдер» деген халық даналығындағы ойға тоқталған болатын.

Адамды тәрбиелеу арқылы біз жаңғыру жолына түсеміз. Елбасы ұсынған рухани жаңғырудың негізгі өзегі де осы адам тәрбиелеуде жатыр. Рухани жаңғыруды жүзеге асырудың күрделі тетіктерінің бірі білім беру жүйесінде. Сондықтан, ұлттық жаңғыру туралы бағдарламаны білім беру жүйесіндегі негізгі идеологияға айналдыру қажет деп ойлаймын.

– Сіздіңше, Президент мақаласында айрықша мән берілген «Ұлттық код» деген не?

– Ұлттық код – ұлттық сананы құрайтын негізгі фактор. Егер белгілі бір мақсат санада көрініс таппаса, оған жету қиынға соғады. Мәселен, Тәуелсіздік ұғымын алайықшы. Ол – идея. Идеясыз біз бүгіннен бастап тәуелсізбіз деп айтпаймыз ғой. Сол себепті идея арқылы санаға серпін береміз.

Ұлттық код бұл біздің ішкі рухани жігеріміз, яғни импульс. Ұлттық код ана тіліміз арқылы, мәдениетіміздің қайнар бұлақтары арқылы көрініс беріп отырады. Ұлттық кодты сақтау – тілді, ұлттық құндылықтарды сақтау деген сөз. Оны сақтау ішкі рухани жігер арқылы жүреді. Жігер бар жерде үлкен мақсат бар, мақсат бар жерде даму бар. Түйіндей айтсақ, Ұлттық код – тарихи сабақтастықпен көрініс тапқан ұлттық сананың өзегі. Ұлттық кодсыз бәсекеге қабілеттілік болмайды. Қазір рухани құндылықтарды әлемнен немесе басқа бір мәдени кеңістіктен емес, ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан рухани мұраларымыздан, салт-дәстүрлеріміз бен сенім-нанымдарымыздан іздеу қажет.

Тәуелсіздік алғаннан бергі құндылықтар қан­дай деген заңды сұрақ туындайды. Мен айтар едім, бұл Тәуелсіздіктің символы – елордамыз Астана. Тәуелсіздікті жария еткеннен бері та­лай маңызды іс-шара өтіп келеді. Осы арқылы жастардың санасына Отанға деген сүйіспеншілік, бауырмалдық, ар-намыс қасиетін дарыта беруіміз керек.

– Елбасы өз мақаласында нақты бес бағ­дар­ды айт­ты. Олар: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлт­тық бі­ре­гей­лікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақ­стан­­ның эволюциялық дамуы.

– Иә, Президент бұлардың қазіргі ел дамуының қағидаларына айналуы керектігін баса көрсеткен. Бәсекелік қабілет білім арқылы өрістемек. Ал білім прагматикалық ойлауды жетілдіреді. Прагматизм бүгінгі күнгі нарықтың заңын, жаһанданудағы бәсекенің күшін сезініп жа-

уап қайтару деген сөз. Бұл тұста рухани жаңғыруды экономикалық серпіліспен де астастыру идеясын көреміз. Білімді адам бәсекеге қабілетті, прагматикалық ойлау жүйесі басым, санасы ашық, ұлттық құндылықтарды бойы-

на сіңірген адам.

Ұлттық бірегейлік – қазақтың өзге жұртта кездесе бермейтін асыл қасиеттері. Оған қазақтың көңілінің кеңдігін, өзге жұртпен бауырмалдығын, қиын замандарда елімізге еріксіз қоныс аударған өзге ұлт өкілдеріне қамқор болып, өмір сүруіне таза көңілмен демеу болғанын, қонақжайлылық қасиеттерін айтуға болады. Ата-бабадан қалған осы дәстүрді жалғастыруымыз тәуелсіздік жылдары өзінің өміршеңдігін танытты. Бұған дәлел – Елбасы бас-

тамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының институт ретінде орнығып, сәтті нәтиже беруі, оны халқымыздың қолдап, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің қабылдануы.

Ұлттық бірегейлік мінездеріміздің барлығын біз қайта жаңғыртып, бойымызда мәңгілікке сақтап қалуға тырысуымыз керек. Мақаладағы ұлттық сананың жаңғыруы деген басты идеяның да мазмұны осыған саяды.

– Өзіңіз тілге тиек еткен сананың ашықтығы мәселесіне тоқталсақ?

– Сананың ашықтығы – ол санадағы толеранттылық. Өзге жұрттың озық жетіс­тіктерін өмірімізге әкеліп, тиімді пайдалана білу, игеру. Сананың ашықтығы арқылы адамның білім өрісі кеңеймек. Өмірде сыннан сүрінбей өткен жетістіктер болатын болса, ол өзінің тиімділігін дәлелдеп жатса, бұл біздікі емес деп сананы оқшаулау дұрыс па? Жоқ, әрине. Біз жаһандану заманында өмір сүріп отырмыз. Сондықтан, ойлау өрісіміз, білім кеңістігіміз де жан-жақты болуы керек. Неғұрлым көп тіл білген сайын бізге соғұрлым көп мүмкіндіктерге жол ашылмақ. ХХІ ғасыр сананы тұмшалап алатын заман емес. Керісінше, ақыл-ой мен сана өрісіндегі жарыс ғасыры. Әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған 30 ел бір жерде тоқтап, бізді күтіп тұрған жоқ. Олар да үнемі алға жылжуда. Ғаламдық үрдіс күн сайын үдемелі қарқын алуда. Бізге сол қарқыннан өз үлесімізді алу үшін сананың ашықтығы ауадай қажет. Сананың ашықтығы мәселесінің екінші философиялық қыры бар. Ол өзге озық елдерге құрметпен қарау, әлемдік бейбітшілік үрдістерге рухани қолдау, тілектестік білдіру. 

Сананың ашықтығы қазақтың философиялық ой өрісінде бұрыннан бар. Оның керемет үлгісін тағы да хакім Абайдан табуға болады. Абай айтқан «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Өз ұлтыңды, өз мүмкіндігіңді тану да зор өнер, ал адамзаттың барлығын бауырым деп сүю бұл қазақтың ұлттық санасын әлемдік, адамзаттық биіктік шыңына көтеру болып табылады. Сана ашықтығының терең бір философиясы да осында.

– Президент мақаласындағы тағы бір жаңа­лық болған тұжырым  – латын әліпбиіне кө­шу туралы. Осы жайлы пікіріңіз қандай?

– Латынға өту – көп ойланып, көп толғанып барып жасалғалы отырған ұлы іс. Қазір Қазақстан мемлекет ретінде институттары қалыптасқан, экономикасы дамудың арнасына түскен елге айналды. Қазақтың саны елдегі халықтың 70 пайызынан асып жығылды. Енді бізде латын әрпіне өтудің толық алғышарттары бар.

Кезінде Абай «Дүниенің кілті орыстың тілінде, орыстың тілін үйрен» деп еді. Бұл оның әлемдік өркениетке орыс тілі арқылы барамыз, ғылымды игереміз деген ойы болатын. Орыстың тілін әлемдік өркениетке өтудің көпірі санады. Ол заманда қазақ үшін орыс тілі әлемдік өркениетке шығудың мүмкіндігі болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бүгінгі күн басқа, заман өзгерді, сана өзгерді, ағылшын тілі ақпараттың, ғылымның тіліне айналды. Мұндай жағдайда латынға өту арқылы жаңарудың сәті түсті. Мүмкін, хакім Абай да осы заманда өмір сүрсе «ағылшын тілін» үйрен дер ме еді? Кейде маған осындай ой келеді. Латын әрпі бүгін интернет пен технологияның тіліне айналып отыр. Сондықтан, біз бұған ұзақ дайындықпен, байыптылықпен келіп отырмыз. Бұл – ел болып қолдайтын іс.

Сөзімнің соңында Елбасы мақаласындағы назар аударатын тағы басқа тамаша бастамаларға қысқаша тоқтала кеткім келіп отыр. Соның бірі – гуманитарлық білімді жетілдіру. Бұл әлемдегі 100 үздік оқулықты қазақ тіліне аударып, гума­ни­т­арлық білім деңгейін ғаламдық кеңістікке алып шы­ғуды көздейтін керемет бастама дер едім.

Кітап оқу, білімділік культін қоғамда дәріптеу – рухани жаңғырудың жолы. Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Ол үшін мектептен бастап, университеттерде оқырмандар клубын ашып, жастарды жаппай кітап оқуға баулудың маңызы зор. Аударылып дайындалған 100 оқулықтың бәрі сол оқырмандар клубынан табылуы қажет.

Тағы бір тамаша бастама 100 жаңа есім жайлы болып отыр. Бұл да керемет идея. Бұқар жыраудың «Ауылда адам бар болса ауыл ала болмайды» деген мәнді сөзі бар. Әр ауыл, аудан, қала, облыс туған жерге, елге еңбегі сіңген азаматын ашық түрде шығаруы тиіс. Сонымен бірге, еңбегі сіңген белгілі ғалымдар, өнер адамдарының сала бойынша жеткен жетістіктерін халыққа паш ету қажет. Тұлғаларға қарап ел бой түзейді. Ауылдың ала болмауы да осындай парасатты адамдардың көп болуына байланысты. Мұның бәрі рухани жаңғыруымыздың өзегіне айналып, өз нәтижесін береріне сенімім мол.

– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар