Жалпы, ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары Ақмола өңіріне аға сұлтан болған Шыңғыс тұқымынан шыққан Қоңырқұлжа Құдаймендеұлының әулетіне тиесілі бұл кіреуке бір ауыз аманаттың арқасында бүгінгі күнге жеткен екен. Бұған біз Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры болған Марат Әпсеметовтің 2009 жылы жарық көрген «Астана – мыңжылдықтар тарихы бар қала» атты кітабы арқылы көз жеткіздік. Онда жоғарыда айтқан Ақмола музейі жайлы «Астананың музей және мұрағат ісінің қайнар көзінде көптеген жылдар бойы Леонид Федорович Семенов болды. Ол 1923 жылы 1 наурызда Халық үйі жанындағы музейдің меңгерушісі болып тағайындалады. Әжесі Күләш жағынан оның нағашы ағасы Тұнғатаров оған батыр сауытын әкеп беріп: «бір кесе қымыз берсең болды», дейді. Музейдің алғашқы жәдігерлерінің бірі осылайша келген еді» деген аңыз тектес ақиқат сөз айтылған. Сол кезде біз М.Әпсеметов келтірген деректен сауыт иесі Қоңырқұлжа сұлтан екенін, Күләш – Қоңырқұлжаның қызы, ал, Тұнғатаров сол Күләштің сіңлісінен туған жиеншар, дәулетті көпес, есімі Нұрмұхамед екенін, түптеп келгенде, Леонид Семеновтің өзі Қоңырқұлжа сұлтанға жиен екенін білмеген болатынбыз. Демек, сауыт сол кезде Батыс Сібір губернаторлығына қарасты 4-ші округтегі, яғни Ақмоладағы музейдің алғашқы жәдігерлерінің бірі болған. Оны музейге орналастырған музей ісінің жетік маманы Леонид Семенов. Кейін Қарағанды музейіне Р.Бекметовтен кейін директор болып келген тұста, сауытты өзімен бірге ала келген. Сауыттың сап-сау күйінде Қарағандыға келу себебі де, Л.Семенов ұлы нағашысының сауытын қайда жүрсе де өзімен бірге алып жүрген болып тұр ғой. Жәдігер бір ауыз сөзбен бүгінге жетті деп жатқанымыз да екі бөленің баға жетпес байлықты бірдей бағалай білгендігінде шығар.
Қоңырқұлжа Құдаймендин жайлы кеңінен, осыдан бірер жыл бұрын өлкетанушы ғалым Валерий Ильиннің облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қараөткелге қазық қаққан» деген мақаласында жақсы жазылады. Мақалада «1830 жылдың маусымында Қараөткел жеріне қазақ болыстарының делегаттары жиналып, дәл осы күні, Қазақстанның болашақ астанасы – Астана қаласының орнын жазбаша түрде мақұлдап, бекіткен болатын. Ақмола округі ашылған уақытта оның аға сұлтаны болып, Сәмеке ханның шөбересі Қоңырқұлжа Құдаймендин сайланды. Сайлау туралы актіні сұлтандар – Бұлқайыр Сарин, Бек Құдаймендин, Жабағы Бөленов, Бөрі Құдаймендин, Нұралы Әбілқайыров мөрмен және ру таңбаларымен растады. Кең даланың кіндігіндегі жаңа елді мекеннің негізі қаланып, құрылуында Қоңырқұлжа Құдаймендиннің рөлі ерекше. Сонымен бірге, ол округтегі әкімшілік және сот билігін жүзеге асырды. Ақмоланың алғашқы маңызды ғимараты ретінде округтік приказдың әкімшілік ғимаратын (қазіргі Конгресс-холл орнында), өз қаражатына салынған мешітті атауға болады» делінген. Бұл деректер де бізге Қоңырқұлжа сұлтанды Астана аумағына толық пәрмені жүрген, тіпті, Қараөткелге алғаш қазық қаққан белді өкіл ретінде танытты. Және жоғарыда айтылып кеткендей, Астана музейінің тұңғыш жәдігері де Қоңырқұлжа төренің сауыты болуы ақылға қонымды болды. Демек, кәріқұлақ тарихты сөйлетер болсақ, бүгінде сәнді шаһарға айналған Астананың да, онда бағзы күнінің байырғы деректерін жиыстырған музейдің де қайнар басында Қоңырқұлжа сұлтан тұр екен-ау дейміз!
Енді, Леонид Федорович Семенов жайлы аз-кем әңгіменің тиегін толық ағытып кетейік. Шежіреде баяндалғандай, Қоңырқұлжа сұлтанда 18 ұл, 5 қыз болған. Бір қызы Күләштан Астана музейінің алғашқы директоры, кейін 1936 жылдан бастап 1958 жылға дейін Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болған Леонид Семенов тарайды. Дәлірек айтқанда, Күләш Қоңырқұлжақызының бір қызы Федор Семенов есімді көпеске тұрмысқа шығып, олардан Ақмола музейінің негізін қалаушы Леонид Семенов туа-
ды. Бүгінде өлкетанушы Л.Семеновтің барлық ұрпақтары белгілі. Қазіргі таңда Авенерин деген бір ұлынан туған Ирина Гусева есімді қыз Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жұмыс істейді.
Ал, шежіренің шеті шыққан күннен осы іспен айналысып келе жатқан, сауыттың музейде тұрғандығын бізге алғаш хабарлаған Асылбек төре Алтынов болса, Қоңырқұлжаның Бегалы деген ұлынан тарайды.
Тарихтың ізіне түссек, жоғалғанымыз жәдігер болып жанымыздан табылып, санамызда жаңғырады екен.
Қазірде сауыт Қарағандыдағы тарихи-өлкетану музейінің компьютерлік анимациялық «Бабалар бейнесі» залында тұр.
– Леонид Федорович Семенов, яғни Қарағанды облыстық өлкетану музейінің екінші директоры 1936 жылы сауытты өзімен бірге ала келген. Екі жүз жылдан астам тарихы бар торкөз сауыттың салмағы 16 келі, жиырма мыңға тарта шығыршық белгілі бір тәртіппен сәнді тоқылған, – дейді музейдің бас қор сақтаушысы Меруерт Қадырқызы.
Сауыттың құжатында көрсетілгендей, жеңінің диаметрі 21 см де, жағасының диаметрі 28 сантиметр. Кез келген сауыттың кіндік тұсында тағдыр деген тесік болатынына да осы сауытты сипап көргенде көзіміз жетті.
Тағы бір айта кетерлігі, қызық және тарих ғылымы құптарлық орайлы іс аталмыш музейде осыдан екі жыл бұрын болыпты. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Новосібір университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Леонид Александрович Бобров атты орыс ғалымы Қарағандыдағы музейде болып, ортағасырлық қару-жарақты зерттеуші білгір маман ретінде Қоңырқұлжаның сауытын зерттеуге уәде беріпті. Артынша Новосібір университетінің хабаршысына сауыт жайлы шағын мақала жазады.
Онда Қоңырқұлжаның сауытындағы берік бекітілген шығыршықтардың құрылымы мен дизайны XVII-ХІХ ғасырдың басына тиесілі екені, кіреукенің орта Азия қолөнершілерінің қолынан шыққан бұйым болғаны ғылыми дәлелмен айтылған. Және сауыттың нешеме соғыстарда батыр-сұлтандарды ажалдан қорғап, бірнеше жерден оқ-найзаға жанышталғандығы айтылған. Мақалада мұндай
сауыттың арнайы текті әулеттерге ғана атап тоқылатыны, ХХ ғасырдың басына дейін Қоңыр әулетінде болып келгені, сонымен қатар, ұқсас аналогтары Өзбекстан мен Қазақстанның кейбір аймақтарында ғана музейлер мен жеке қорларда сақталғандығы баяндалған.
Қорыта айтқанда, қазақ пен орыс ғалымдары қатар зерттеген Қоңырқұлжаның қоңыр сауыты баға жетпес құнды қазына болып ғасырдан-ғасырға қала бермек.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы