30 Сәуір, 2011

Владимир ПИГАВАЕВ: «Елім – Чувашия, отаным – Қазақстан»

363 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Бүгінде жасы жетпістен асып кеткенмен, өңін бере қоймаған, оның үстіне әлі де ширақ осы бір елгезек жанды бүкіл семейліктер жақсы біледі және құрмет тұтады десек, артық айтқандық емес. Өзі де елдің бәрін дерлік жете таниды. Оған көпшіл мінезімен бірге, журналистік мамандығы, үлкен ортада ұзақ жыл жемісті қызмет атқарғандығы да себеп болған шығар. Ал егер соның бәрін басынан бастап айтар болсақ... Адамның басы Алланың добы деген ұғым бар ғой. Кейде оны басқа мағынада – туғанда маңдайыңа не жазылса, соны көресің деп жатамыз. Қалай болғанда да, Чувашия автоно­миялы республикасының бір түкпірінде өмірге есік ашқан Володяның кәмелеттік жасқа толып, азаматтық борышын өтегеннен кейін Қа­зақ­станға келіп, осында тұрақтап қалғаны өзінше бір тарих, алланың ұйғарымы, тағдыр сыйы. Мектепті бітірген соң бозбала Ростов облысына барып, сондағы Шахты қаласында шахтер болып еңбек жолын бастаған. Ал екі жылдан соң Севастополь, Симферополь, Одесса жағында әскер қатарында болып, одан әрі шынығып, шыңдала түскен. Бұл – Хрущевтің билік құрып тұрған кезі. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру де, ғарышқа жол салу да дәл осы тұста дүркіреп басталып кеткен. Сол дүрмекпен 1961 жылдың желтоқсан айы­ның соңында барлығы он үш адамнан тұ­ратын десант Жалғызтөбе стансасына келіп тү­се­ді. Бұлар сонау Одессадан Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан арқылы пәлен күн жүріп жеткен бола­тын. Жолай тың игеруге ниет білдірген жауын­герлер топ-тобымен әр стансадан түсіп қалып жатты. Оларды қайдам, Жалғызтөбеге келіп түс­кен бұлардың көңілі әп-сәтте сабынша іріп, бұзыла берген. Өйткені, оның себебі де жоқ емес-ті. Яғни, Жалғызтөбеңіз – қыс түгілі жаз­да азынаған желі бір басылмайтын таби­ғаты қолайсыз-ақ жер. Ал жаңағы бар-жоғы он үш-ақ адам жеті ұлттың өкілі болатын. Оның үстіне біреуі аязы қақаған солтүстіктен болса, екіншісі аптап ыстығы шеке тырыс­тыр­ған оңтүстіктен дегендей әр жақтан еді. Сондықтан жылы жақтың түлектері есіміз барда елімізді табайық деп турасына көшкен. «Әскери бөліммен қоштасып, тың игеруге аттанғалы жатқанда Баянауыл туралы деректі фильмді көрген едік. Сол себептен Қазақ­стан­ды жұмақ деп келген баршамыздың расында абдырап сасып қалғанымыз рас», – деп еске алады бүгінде Владимир Николаевич. Бірақ әлгі десант жетекшісі ретінде бұл алдымен есін жиып, есті сөз бастайды, ши­рақ­тық танытып, жолдан келген жауын­гер­лер­дің жылынып, тамақтануына жағдай жа­сай­ды. Одан кейін де қарап тұрмай, өмірлік жан серігіндей баянын қолға алып, сол тұста елдің аузынан түспейтін тың игерушілер ән­де­рін бірінен кейін бірін сызылтады. Ақыры қойшы, алғашқы қиындықтан жастық жігер, романтикалық көңіл-күй басым түседі. Сөйтіп, бұлар Көкпектіге келіп жетеді. Мұнда кең профильді механизаторлар дайындайтын училищеде қалай оқығандары өзінше бір тарих. Айталық, жергілікті қыздар әскери міндетін атқарып келген, ақыл тоқтата бастаған жігіттерді оң көрсе, бұл жергілікті жігіттерге қайтіп ұнасын. Солайша училище маңы әлсін әлі төбелес ошағына айналып жататыны да өтірік емес-тін. Бірде кешегі жауынгерлердің бірін жергілікті жастар сабап кетеді. Ал бұлар болса, қарымта қайтарамыз деп жүріп өздеріне сабақ беретін шеберді қалайша соққыға жыққандарын өздері де аңдамай қалады. Әлгіндей жанжал соңы осылайша ушығып барып басылады. Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше  демекші, Владимир біртіндеп жергілікті халықтың сүйіктісіне айнала бастайды. Оған мұ­ның ашықтығымен бірге, қо­лынан түспейтін баяны мен фото­аппараты бірден-бір себеп болады. Соның нәти­же­сінде, мұндағы той-томалақ ен­дігі жерде мұнсыз өтпей­ді. Осы тұста ол Беларуссия жағынан тың игеруге келген поляк қызы Евгениямен бас құрайды. Сөз басында Владимир Ни­­колаевичтің мамандығы жур­­налист дедік қой. Бұл оның жүрек қалауымен таң­да­ғ­ан мамандығы болатын. Олай дейтініміз, мектепте қабырға газетінің редакторы болса, әскер қатарында жүргенде армия, тіпті округтік газеттерге фотосуреттері мен мақа­ла­ла­ры әлсін әлі шығып жататын. Сол әдетінен мұнда келген соң да танбаған. Яғни, тың игере жүріп, мақалалары аудандық, облыстық басы­лымдарда жа­рық көріп жатты. Бірде, тіпті, сын мақаласы «Ара-Шмель» журналында басылғаны бар. Соның нәтижесінде, ауыл клубы қатарға қо­сылған. Кей бастықтарға мұнысы ұнамағанмен, жергілікті халықтан алғыс алған. Сөйте жүріп арада екі жыл өтпей жатып аудандық газеттің фототілшісі болып іске кіріскен. Көкпекті қайтадан өз алдына аудан болып ашылғанда аудандық газеттің редак­то­ры болып кейінде генерал шеніне дейін көте­ріл­ген, бүгінде есімі республика жұртшы­лы­ғы­на кеңінен танымал азамат Мұрат Қал­ма­таев тағайындалған. Бастапқыда осы кісінің қарамағында фототілші болып журналистік еңбек жолын бастаған бұл одан соң ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауап­ты хатшы, редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Ал одан кейін аудандық партия комитеті­нің жалпы бөлімін басқарды. Сөйте жүріп, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітіреді. Ал 1978 жылы облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып қызметке шақырылған. Арада үш ай өтпей жатып обкомның үгіт-насихат бөлімі мең­герушісінің орынбасары болып бекітілген. Содан партия тарағанша обкомның үш бірінші хатшысының қол астында қызмет етеді. Солардың ішінен ол марқұм Кешірім Бозтаевтың есімін құрметпен бөле-жара атай кетуді ешқашан ұмытқан емес. Семей атом полигонын жабу жөнінде одақтық әскери ведомствомен ашық түрде айқасып, тіпті онымен де шектелмей, Бас хатшы М.Гор­ба­чевтің атына шифрлі жеделхат салудан да тайынбаған, кейінде «Қайнар синдромы» деген атпен екі тілде деректі кітап жазған ержүрек ағаның аты ұмытылмауы тиіс, дейді ол. Владимир Николаевич солай дей келіп, сол тұстағы бітіспес күресті айғақтайтын құжаттарды дайындауға өзінің де қатысы болғанын және соның бәрі өзінде сақтаулы тұрғанын толқи отырып сөз еткен. Бұдан кейін ол Кешірім Бозтайұлының атом аж­да­һа­сын тұншықтыру жөніндегі жанкешті шай­қас­та, ең алдымен, сол кезегі Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне сүйенгенін дәлел келтіре отырып баяндайды. Сол тұста жақсылар мен жайсаңдардың қасынан табылған біздің кейіпкеріміз еліміздің Тұңғыш Президенті туралы өзі куә болған жарқын мысалдар туралы айта кетуді де ұмытпаған. «1991 жылдың күзінде Елба­сы­мыз Семейге келді. Сол жолғы сапарында Мемлекет басшысы «Казахкабель» кәсіпорнына бар­ды, – дейді ол. – Сонда еркін жағдайдағы жүздесуде сөз алған бір орыс келіншегі Елбасымыздың ішкі және сыртқы саясаттағы бағытын, соның ішінде ұлтаралық сая­саттағы ұстанымдарын қызу құптайтындығын айта келіп, ешкімнің де ешқайда кетуге жиналып отырмаған­дығын мәлімдеді. Елбасы соған орай өзі үшін ұлт­ара­лық келісім негізгі құнды­лық­тардың бірі болып та­бы­латындығын және еліміздегі достық кемесін ешкімнің шай­қалтуына жол бермейтіндігін ресми түрде айтты. Ал содан кейін жүн өңдеу фабрикасында болған кездесуде еліміздің нарыққа бет алып бара жат­қа­нын атап көрсете келіп, сауда жасауды үйре­ні­ңіздер, бірінші қа­баттағы үйлеріңізді асхана, буфет, яки дүкенге айнал­дырыңыздар, деді. Бұл енді Елбасымыздың көрегендігі емес пе!» Владимир Николаевич соң­ғы 13-14 жылдан бері Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Рахметовтің Семейдегі өкілдігінің жетекшісі ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Ержан Оразұлы Семей атом полигонының зардап­тарын жою, осы өңірдегі әлемде сирек кездесетін қарағайлы орман алқабын сақтап қалу, жалпы экология мәселесі, Семейде салынып жатқан мешіт құрылысына қол созып, қамқорлық танытудан шет қалмай отырса, соның бір жағында мұның да жүргені анық. Сөз соңында кейіпкеріміз бір сәт мұңайып отырып қалған. Чувашиядағы әке-шешесі де бүгінде о дүниелік болып кетіпті. Әкесі Брест қамалын қорғауға қатысқан екен.  Ол енді өмір заңы. Ал Чувашияда ана тілінің жойылып бара жатқаны ащы шындық. Қазірде бұл тіл мектептерде ана тілі ретінде ғана оқытылады екен. Қазақстандағы жағдай тіптен де басқаша. Айталық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі бұған чуваш этномәдени бірлестігін ашу жөнінде ұсыныс айтып жүргелі қашан. Оған адам саны тіптен де аз болып тұрған көрінеді. Осылай деп қайта серпілген Владимир Николаевич жұбайы Евгения Матвеевна екеуінің бұл күнде екі ұл, бір қыздан алты немере сүйіп отырған бақытты ата-әже екендіктерін аса бір қуанышпен мәлімдеген. Міне, бақытын Қазақстаннан тапқан біздің кейіпкеріміз осындай жан. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.