Аймақтар • 27 Сәуір, 2017

Бағдарлама мақсаты – жетімдерді қолдау

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бабамыздың шоқ басқан табанымен, бірдей екен жақсысы жаманымен» деп қазақ поэзиясының патриархы Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, халқымыздың жақсы қасиеттерінің бірі – жетімін қаңғыртпау, далаға тастамау. Өсіп, ер жетіп адам болып кетуіне қолұшын беру. Бабалардан жұққан осы қасиетіміз бен мәрт мінезіміз әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бұған жыл сайын өсіп-өркендеп келе жатқан Ақтөбе аймағынан да көптеген мысалдар келтіруге болады.

Бағдарлама мақсаты – жетімдерді қолдау

Өңірде өткен жылы ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалғандар мен жетім балаларды қолдау мақсатында облыстық әкімдіктің ұйытқы болуымен кешенді бағдарлама құрылған. Мұндағы қолдау мен қамқорлық қандай тұрғыда болмақ? Бағ­дарламаға сәйкес жетім балаларды жебеудің бірнеше жолдары қарастырылған. Әрине, бірінші кезекте тағдыр теперішіне ұшы­рағандарды тұрақты баспанамен қамту мәселесі тұр. Ең алдымен, олар дәл осы мәселеден қиындық көретіні, қалай шарқ ұрса да оның шешімі мен кілтін таба алмай, бастарын тауға да, тасқа да ұратыны табиғи жайт. 

Бұған дейінгі тәжірибе жетім балаларға бюджеттік қаражаттар есебінен үй сатып алып берудің тиімсіздігін көрсетті. Әрі мұндай жолмен панасыздардың бәрін бірдей жарылқау еш мүмкін емес екені де айқын байқалды. Сондықтан бағдарлама жобасы иелері мұндай «мұрадан» саналы түрде бас тартқан. Олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен жетім балаларды тұрғын үймен қамтудың өзге өркениетті жолын ұсынған.

Бұл осы мақсатты іске асыру үшін оларға Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкінен есеп-шот ашу болып табылады. Әрине, мұндай есеп-шотты өздері ашуға жетімдердің жағдайы көтер­мейтіні айтпаса да түсінікті. Сол себепті бағдарлама талаптары мен нормаларына сәйкес бұл сауабы мол іске өңірдегі ірі кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді және жергілікті мемлекеттік органдарды бекіту көзделген. Бүгінгі күні алғашқы сомалар жетім балалар үшін ашылған есеп-шоттарға түсе бастады.

Кешенді бағдарламаның екінші тармағы әлеуметтік-пат­ро­наттық қолдау қағида­ларына арқа сүйейді. Бұл бағытта да ауызды қу шөппен сүртуге еш бол­майды. Өйткені, жылжып жатқан іс, көрініп жатқан көмек бар. Айталық аталған бағдарлама қолға алынған уақыттан бері 490 жетім балаға 30 миллион теңгеге жуық көмек көрсетілген. Бұл деректің өзі өңірдегі балалар үйінің түлектері үшін қажетті сома жинақталғанын көрсетеді.

Сондай-ақ, кешенді бағдар­ламаның келесі үшін­ші тармағы дімкәс жетім балалардың ем­делуі үшін қолдау көрсетуді қа­растырады. Оны екі түрлі жолмен шешу белгіленген. Яғни мұның біріншісі – арнайы сертификаттар табыстау, екіншісі сол ауру балалардың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ашылған есеп-шотына ақша аудару болып отыр. Бұған қосарымыз өңірдегі оқу­да озат, өнегелі, зерек жетім балаларға Астанада өткізілетін ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттер тегін берілмек. Сертификат демекші, аймақта бір бөлмелі пәтердің сертификатын жетім балаларға табыстау үрдісі де орнығып келеді.

Жетім көрсе жебеп, оларға қара ағаштай пана, бәйтеректей сая бола білудің сауабы өте мол. Осы орайда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қос бірдей жетім баланы тікелей өзінің қамқорлығына алғаны жүректі елжіретпей, тебірентпей қоймайды. Мұндай биік адам­гершілік іс-әрекеттер тек үлкен жүректі азаматтарға ғана тән екені кәміл. Ендеше, осынау бас­тама өзгелерге де сіңісті болса игі. Біз мұндай шапағаты мол қадамға Ақтөбе облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Мейірімді жүрек» атты қайы­рымдылық кешінде куә болған едік. Осы шара тақырыбында көрсетілгендей мейірімді жү­рек­тің бас иесі өзге емес, өңір бас­шысының өзі болып шыққаны қандай ғанибет.

Мұндай көңіл толқытар сәт­те үндемей қалу, сырт айна­лу мүмкін бе? Әсте мүмкін емес. Осындай жылы сезім жете­гінде өз қамқорлығына алған бала­ла­рының қасында жайдары жүзбен отырған облыс басшысына тез адымдап жетіп барып, сізге Алла­ның ңұры жаусын, Беке, – деп қалғанымызды өзіміз де бай­қамай қалыппыз.

Қорғай жүр, қайырымдылық!

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы


Соңғы жаңалықтар